Көтерме-тарату орталығы кімге қажет?

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
14743

Қыруар қаржы жұмсалатын жоба өзін-өзі ақтамауы мүмкін.   

Көтерме-тарату орталығы кімге қажет?

Ауыл шаруашылығы тауарларын сақтауға арналған көтерме-тарату орталықтарының құрылысына жұмсалатын 237,5 млрд теңге желге ұшады. Сала мамандары мен шаруалар осылай деп дабыл қақты.

Таяуда Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов биыл Алматы, Павлодар және Түркістан облыстарында ауыл шаруашылығы тауарларын сақтауға арналған 5 көтерме-тарату орталығы салынып, оған 600 мың тонна күзгі өнім жөнелтілетінін жариялады. Үш кезеңнен тұратын жобаға бас-аяғы 237,5 млрд теңге жұмсалатынын мәлімдеген министр: "Нысандарды салуға отандық жобалау және құрылыс компаниялары тартылады.  2022 жылға қарай жылына 4,8 млн тонна өнімді сақтай алатын көтерме-тарату орталығы қолданысқа беріледі. Біз әкімдіктермен алғашқы екі кезең үшін жер телімін бөлу мәселесін пысықтадық. Қалған 15 нысан бойынша жұмыс қысқа мерзімде жүргізіледі", – деді.

Бақыт Сұлтановтың сөзінше, жобаны жүзеге асыруға 10 500 маман жұмылдырылады. Құрылыс кезінде 4 200 адам жұмыс істейді. Құрылыс аяқталған соң 6 300 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

"Көтерме-тарату орталықтары тауар өндіруші мен дүкен сөресіне дейінгі тізбектегі сақтау, өңдеу, іріктеу, сату, жеткізу қызметін жаңа деңгейге көтереді", – деді ол.

"Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Төлеутай Рахымбеков министрдің мәлімдемесімен келіспейді. Оның ойынша, қыруар қаржыны көтерме-тарату орталықтарын салуға емес, шағын шаруа қожалықтарын қолдауға жұмсаған пайдалы әрі тиімді болады.

"Көтерме-тарату орталықтарын салу туралы сөз 2 мыңыншы жылдардың басында шықты. Бертін бұл бастама қолданыстағы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына енгізілді. Алайда жүзеге асырылуы кейінге шегеріле берді. Мұның бірнеше себебі болды. Өкініштісі, үкімет бұған дейінгі себептерді ескермеді, қажет емес идеяны қолдады", – деді Төлеутай Рахымбеков.

Басқарма төрағасы көтерме-тарату орталықтарын азық-түлікпен кім қамтамасыз етеді деген сұраққа жауап таппай отыр. 

"Бұл қоймаларда әдеттегідей Польшадан, Қытайдан, Ираннан әкелінген жеміс-жидек пен көкеніс, Беларусь пен Пәкістаннан жеткізілген картоп, Латин Америкасынан тасымалданған ет, Өзбекстаннан жолданған сарымсақ, жуа, кептірілген жеміс, Ресей асып келген қант пен жарма өнімдері тұра ма? Отандық өндірушілер көтерме-тарату орталықтарын азық-түлікпен толтыра алмайды ғой", – деді Төлеутай Рахымбеков.

Ол көтерме-тарату орталықтары әлдекімдердің ондаған, жүздеген млрд теңгеге көз алартуынан туған бастама болуы мүмкін деп қауіптенеді.

Оның пікірінше, 237,5 млрд теңгені көтерме-тарату орталықтарының құрылысына жұмсағанша, ауыл шаруашылығы кооперативі мен инфрақұрылымын дамытуға, шағын шаруа қожалықтарынан шикізат сатып алуға бөлу керек.

"Бір көтерме-тарату орталығының құрылысына шамамен 12 млрд теңге шығындалады. Мұның орнына еліміздің 163 ауданындағы шағын шаруа қожалықтарына 1 млрд теңгеден бөліп, қолдау көрсетуді ұсынамын. 60 млрд теңгені Алматы, Нұр-Сұлтан,  Шымкент, Ақтөбе  және Қарағанды қалаларының маңына көтерме-тарату орталықтарын салуға жұмсаған дұрыс деп ойлаймын", – деді Төлеутай Рахымбеков.

Басқарма төрағасының айтуынша, бұл шешім еліміздің ішкі нарығын азық-түлікпен қамтамасыз етуді тұрақтандырып, ауылда 1,7 млн тұрақты жұмыс орнының ашылуына ықпал етеді.

Мәжілістің аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Мұрат Теміржанов та жоғарыдағы жоба тиімсіз екенін алға тартып отыр. Оның мәлімдеуінше, көтерме-тарату орталығы қазынаның емес, бизнестің қаржысына салынуға тиіс. Мемлекеттік қолдау субсидия түрінде ғана көрініс тапса жетеді.

Кәсіпкер Андрей Стрелец сауда және интеграция министрлігінің көтерме-тарату орталықтарын салу туралы жобасының бірқатар түсініксіз тұстарын жіпке тізді. Ол министрлік 2022 жылға қарай жылына 4,8 млн тонна өнім сақтайтын көтерме-тарату орталығы қажет болатыны туралы мәліметті қайдан алғанын, көтерме-тарату орталықтарын кім, қалай басқаратынын, көтерме-тарату орталықтарының азық-түлікпен қамтамасыз етілуін кім қадағалайтынын, ауыл шаруашылығы министрлігі ме әлде сауда және интеграция министрлігі ме екенін білгісі келетінін айтты.

"Әлем елдерінде мұндай хабтар орталықтандырылған логистикалық жүйемен қамтылған. Бізде бұл қарастырылмаған. Қай облыста ауыл шаруашылығы тауарының қандай түрі сақталатыны да нақтыланбаған. Көтерме-тарату орталықтары өзін-өзі қашан ақтайтыны белгісіз. Бұл жерде сақталатын импорт өнімінің үлесі қанша болатыны жайлы да ештеңе айтылмады", – деді Андрей Стрелец.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу