Қазақстанға қандай банк қажет?

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
13168

Ауыл шаруашылығын несиелендірудің көпдеңгейлі жүйесіне көшу керек. 

Қазақстанға қандай банк қажет?

Агроөнеркәсіп кешенін қолдау шараларын түбегейлі өзгерте алмаса, "ҚазАгро" ұлттық басқару холдингін таратып, оның орнына мамандандырылған аграрлық банк құрған жөн. Қаржы ұйымы екінші деңгейлі банктер сияқты емес, өзіне ғана тән ерекше заңмен жұмыс істеуге тиіс. Бұл үкіметтен агроөнеркәсіп кешенін дамытуға ерекше назар аударуды талап етіп жүрген сарапшылардың сөзі.

Қазақстан фермерлер одағы орталық кеңесінің мүшесі Қанат Сүлейменовтің пікірінше, елімізде аграрлық банк пайда болса, оған "Астана" халықаралық қаржы орталығы секілді халықаралық заңнамамен жұмыс істеу құзіретін  беру керек.

Спикер "ҚазАгро" холдингінің еншілес ұйымдары ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін алалайтынын, несиені шағын және орта шаруа  қожалықтарына емес, ірі корпоративтік клиенттерге беруге тырысатынын  айтты.  

"Шағын және орта шаруа қожалықтары екінші деңгейлі банктерге кепілзат ұсынғанда немесе қарызға қатысты шешім қабылданғанда әбігерге түседі. Себебі оларға үнемі несие ала алмай қалу қаупі төніп тұрады", – деді Қанат Сүлейменов.

Оның сөзінше, бізге Францияның ауыл шаруашылық банкі сияқты банк құру қажет.

"Француздардың ауыл шаруашылық банкі тек қана ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге несие береді. Кепілзат шартты түрде ғана талап етіледі. Кепілге бизнестің өзі қойылады", – деді Қазақстан фермерлер одағы орталық кеңесінің мүшесі.

Қанат Сүлейменовтің мәлімдеуінше, шаруалардың кепілге қойған мүліктерінің кері қайтпай қалуын рейдерлікке жатқызуға болады.

"Саланы дамытудың, шаруаларға жеңілдік жасаудың орнына, оларға жан-жақтан қысым жасалады. Қарыз алған кезде бар мүлкін кепілге қойған шаруа несиесін қайтара алмай қиналса, барынан айрылады. Үкіметті, ауыл шаруашылығы министрлігін, заң шығарушы органды саланы қолдаудың тың тәсіліне жүгінуге шақырамыз", – деді ол.

Қанат Сүлейменовтің айтуынша, аграрлық банк ашу туралы мәселенің қозғалып келе жатқанына жылдардың жүзі болды. Мамандар мен сарапшылар дәйекті дерек келтіріп, шет мемлекеттердің тәжірибесін алға тарса да, аграршыларға ауадай қажет жаңа қаржы ұйымы құрылмай жатыр.  

"Ресейде, Жапонияда сонымен қатар бірқатар Еуропа елінде аграрлық банк бар. Олар шаруалардың мәселесін шешіп, ауыл шаруашылығы саласының дамуына өлшеусіз үлес қосып отыр. Несиеге бюджет қаражаты ғана емес, бюжеттен тыс қаражат та беріледі. Несиенің пайыздық мөлшерлемесі төмен болғандықтан, шаруалар алған ақшаларын дер кезінде қайтарады. Бізде де осылай істеуге болады", – деді Қанат Сүлейменов.

Өткен жылы депутат Жексенбай Дуйсебаев мәлімдегендей, ауыл шаруашылығы саласын қаржыландырып отырған квазимемлекеттік құрылымдар саланы дамытуды емес, капиталдарын көбейтуді көздейді. "ҚазАгро" ұлттық басқару холдингі және оның еншілес ұйымдары ауыл шаруашылығын дамытуға бөлінген қаржы есебінен күн көреді. Холдинг бір жылдық емес, үдемелі жобаларды қаржыландыруға тиіс. Жалпы, бізге ауыл шаруашылығына тікелей қатысы болатын басқа банк құру керек", – деген еді депутат.

Бір кездері ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге несиені дұрыс үлестіру үшін "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорының қамқорлығына өтіп, кейін басқа банкке  айналып кеткен "Альянсбанк"  пен "Темірбанк" негізінде аграрлық банк құру туралы ұсыныс жасалған. Бұл бастама  "жабулы қазан" күйінде қалған.

Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы саласы ауыл шаруашылығы субьектілерінің тиісінше қаржыландырылмауының салдарынан ақсап тұр.Себебі банк секторы агронеркәсіп кешенін несиелендіруді азайтпаса, көбейткен жоқ. Ал әлем елдері мәселені мамандандырылған аграрлық, кооперативтік банктер немесе мемлекеттік-жекеменшік серіктестік түріндегі қаржы ұйымдары арқылы шешіп отыр.

Естеріңізге салайық, 1994-2001 жылдар аралығында бізде "Агропромбанк" деген салалық банк болған. Қаржы ұйымын экономист Бейсенбек Зиябеков басқарған. Кейін аталмыш банк "Наурызбанктің" иелігіне өтіп, жабылып тынған.

"Қазақстанда аграрлық банк құру қажеттігін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Оны мүмкіндігінше тезірек ашу керек", – деді Бейсенбек Зиябеков.

Қаржыгердің пікірінше, агробанк арқылы агросекторға төмен пайызбен несие беріп, ауыл шаруашылығы саласының еңсесін тіктеп алуға болады. Агробанк "құтқару жастықшасының" міндетін атқара алады.

"Аграрлық несие корпорациясы" сияқты ірілі-ұсақты бақылаушы және жауапты  қаржы ұйымдары  ауылды несиелендіру саясатын жүргізуге қауқарсыз. "ҚазАгро", "Даму" сынды квазисекторлық қаржы институттарының санын көбейте бергенше, аграрлық банк секілді салмақты қаржы ұйымын ашу керек. Бірақ бұған заң бойынша шектеу бар. "Қазақстан Республикасының банктер қызметі" туралы заңына сәйкес, "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен" басқа банктер мамандандырылған банк бола алмайды. Осы нормаға өзгеріс енгізілгенде ғана, агробанк құру мүмкін болады. Қалай болғанда да, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге арналған салалық, мемлекеттік банк қажет. Ауылды қаржыландыруға бағытталған қаржы коммерциялық банктерде немесе квазисектордағы қаржылық операторлардың қолында болса, қазіргі жағдайды дұрыстай алмаймыз",– деді Бейсенбек Зиябеков.

"Талап" қолданбалы зерттеу орталығының директоры Рахым Ошақбаев ауыл шаруашылығы саласын қаржыландыру жүйесі өзгермесе, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру мүмкін емес деп санайды.

"Агроөнеркәсіп кешеніне басымдық беру арқылы дағдарыстан кейінгі кезеңде экономикаға серпін беруге болады. Бұл үшін ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерін тиісті қолдау шараларымен қамту қажет. Уақыт оздырмай ауыл шаруашылығы саласын қаржыландыру көлемін ұлғайту керек. Саланы екінші деңгейлі банктер арқылы несиелендіру нақты нәтиже бермейді. Қазір агробанк құрудың маңызы зор. Несие беретін ауыл шаруашылығы саласындағы ұйымдардың барлығын бір қаржы ұйымына біріктіріп, сол арқылы кәсіпкерлерге төмен пайыздық мөлшерлемемен  несие ұсыну керек. Ауыл шаруашылығы саласын кепілзатпен емес, бизнес-жоспармен қаржыландыруды қолға алған дұрыс. Бұл ретте ауыл шаруашылығы саласын төмен пайыздық мөлшерлемемен несиелендірген Қытай тәжірибесін негізге алуға болады", – деді Рахым Ошақбаев.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу