Алматыны аудандар асырап отыр

Қала маңынан тасымалданатын өнім құнын делдалдар қымбаттатады.

Алматыны аудандар асырап отыр

Бір сәт Алматы қаласын еліміздегі ең үлкен әрі әсем мегаполис деп қабылдаудан бөлек, тіпті қисапсыз ақша ағыны тоғысқан қаржы орталығы ретінде де емес,  кәдімгі алып тұтынушы бейнесінде елестетіп көрелікші.

Қазір Алматыдағы адам саны 2 миллионнан асып жығылатыны анық. Тұрақты мекендейтіндерді айтамыз. Ал күнделікті қалаға қатынайтын қызметші, қонақтардан бөлек, келіп-кететін жолаушыларды қосқанда бұл сан тағы бір жарым есеге артады. Мұны неге айтып отырмыз? Алматыдағы адам санын экономикалық мүдде тұрғысынан санап, мегаполистің тұтынушылық әлеуетін салмақтап көрсек пе дейміз. Өйткені ел бойынша тұтыну индексі жоғары көрсеткішке ие болып отырған бірден бір қала – осы Алматы. Жалпы Алматының қаржылық әлеуетінің жойқындығын тұтынушылар нарығындағы қолма-қол ақша айналымының  көлемінен де білуге болады екен. Еркін ақпарат көздерінің жазуынша, бұл көрсеткіш 1-1,5 млн АҚШ долларын құрайды-мыс. Ал тағы бір деректерде Алматының адамдары ішіп-жейтін азық-түлікке қыруар ақша жұмсайтыны айтылады. Жоқ, біз қызғанып отырған жоқпыз, қайта қызығушылық танытушымыз. Өйткені бұл дегеніңіз миллиондардың ішіп-жемі ғана емес, мыңдаған жұмыс орындары мен қызмет көрсету нысандарының өмір сүруіне жасалған мүмкіндік көзі. Осы жерде Алматы бюджетіне түсетін пайданың 65%-ы шағын және орта бизнес төлейтін салықтан құралатынын да ескерте кеткіміз келеді.

Енді осындай мүмкіндіктер қаласының тұтыну әлеуетіне қызмет ететін екінші, үшінші тараптар туралы айтайық. Дәл осы жерде мегаполис туралы әңгімемізді үзіп, қала айналасындағы өнім өндіруші аумақтарға ойысамыз. Жалпы, Алматының керек-жарағын тауып берушілердің тізімін шартты түрде 3 топқа бөліп қарастыруға болады. Қала қажетін өтеп отырған импорт үлесі, мегаполистің ішкі өндіріс қуатының үлесі және қала маңындағы аудандардың қамту үлесі. Біз қала маңындағы аудандардың Алматыға ұсынатын өнімін тілге тиек етпекшіміз. Қазіргі дерек бойынша, Алматы қаласын азық-түлік өнімдерімен қамтуда Алматы облысы көш бастап тұр. Белгілі бір мөлшерде Жамбыл облысының да үлесі бар. Әсіресе  ет және ет өнімдері, сүт, жұмыртқа, қант, жарма өнімдері сияқты бірінші кезектегі тауардың  сұранысы жоғары. Демек Алматыны күн сайын сүт, ет, жұмыртқа сияқты тамақ беріп "асырап" отырған жақын маңдағы жеңіл өнеркәсіп пен агроөнеркәсіптің әлеуетін сараптауға құқылымыз.

"Алматыны азық-түлікпен қамтамасыз ету өте жауапты іс. Қалада сұраныс жоғары, тұтынушылық қабілеті орасан. Сондықтан Алматының азық-түлік белдеуіне кіретін облыстың бағы бар. Бұл жерде "дайын өнімге – лайық ақша" ұстанымы жүріп, өндірістің бәсекеге қабілетті өнім өндіруі жолға қойылса, тұтынушының ақшасы сыртқа кетпей, отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталады. Ал табиғи өнім мен сапалы азық-түліктің қолжетімді болуы ең алдымен мемлекеттің халық алдындағы міндетін орындаудағы табысы болмақ. Яғни Алматының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету арқылы бірнеше мәселені шешіп алуға болады, – дейді экономика ғылымдарының докторы, профессор Тоқтар Есіркепов.

Тақырыпқа оралайық: сонымен Алматыны азық-түлікпен қамтамасыз етуде қомақты үлеске ие қандай кәсіпорындарды білеміз? Агроөнеркәсіп кешеніне қатысты айтқанда, қала дүкендерінің сөрелеріне сапалы сүт өнімдерін ұсынып отырған бірнеше компанияларды мысалға алайық. Алматы облысының Талғар ауданының аумағында орналасқан "Амиран-Агро" сүт өнімдері зауыты бар. 2010 жылдан бері жұмыс істеп тұрған зауыт қазақ тағамтану академиясына қарайды.

"Амиран" брендімен өндірілетін өнім негізінен емдік-сауықтыру бағытында қолданылады. Кезінде 1 млрд 300 млн теңге инвестиция құйылған зауыт қазір өзін-өзі толық ақтаған жобалар қатарында. Зауыт аймақтағы сүт өндірушілермен тікелей байланысқа шығып, өз өнімдеріне жергілікті шикізатты пайдаланады. Бастысы, мегаполисте "Амиранның" айранына деген сұраныс жоғары. Ал Алматы тұрғындары үшін жақсы танымал болған "Адал" компаниясы 4 бағытта жұмыс істейді. Облыстың Еңбекшіқазақ ауданында орналасқан сүт зауытында тәулігіне 150 тонна сүт өңдейтін 2 цехы бар. Зауытта пастерленген және ультрапастерленген сүт, қаймақ, айран, сүзбе, сары май – жалпы сүт өнімдерінің 56 түрі шығарылады. Кәсіпорынның өнімдері Алматы қаласының 5 мыңға жуық сауда нүктелеріне жеткізіледі екен. Мұнан бөлек, "Адал" ет өндірумен де айналысады.

Мегаполис тұрғындарының талғамына татитын жеміс-жидек, көкөніс өнімдерін де қала маңындағы аудандар өндіріп отыр. Сол Еңбекшіқазақ ауданында "Амал Био" компаниясы бар. Негізінен интенсивті бау-бақша өсіреді. Жаңа технологияны қолдана отырып, көкөніс пен жеміс өсірумен шұғылданады. Қазір "Амал Бионың" 80 гектарды алып жатқан жеміс бағы бар, алдағы уақытта ол 300 гектарға дейін кеңейтілмекші. Әрі компанияның сыйымдылығы 6 мың тонна болатын жеміс-жидек және көкөніс сақтау қоймасы бар. Яғни тұтынушыға барлық маусымда сапалы өнім ұсынуға негіз бар. Сұраныс көбейіп, Алматы қаласынан бес бірдей "AmalBiomarket" деген  брендпен сауда нүктелерін іске қосып жатыр.

Қапшағай қаласының іргесінде қоныс тепкен "Green Land Alatau" серіктестігі де Алматының азық-түлік қауіпсіздігіне үлес қосып отыр.  Бұл Жетісудағы аса ірі, техникалық жабдықталу жағынан озық жылыжай кешендерінің басын қосқан компания. Жылыжайлардың жалпы алаңы 10,5 гектарды құрайды. Барлық жұмысты жаңа үлгідегі жүйе атқарады. Алматы базарларындағы қиярдың 2, қызанақтың 2 түрі, салат шөптерінің де көптеген түрі осы "Green Land Alatauда" өсірілген. Айтпақшы, Қапшағайда жақында ғана "Маревен Фуд Тянь-Шань" атты жаңа зауыт іске қосылды.  Мұнда жылдам дайындалатын кеспе шығарылады. Енді кәсіпорын шығаратын тез дайындалатын тағамдар мен жартылай фабрикат өнімдерінің түр-түрі Алматының нарығына жол тартатыны сөзсіз.

Талғар ауданындағы "Байсерке-Агро" холдингінің аты Алматы түгілі ел аумағынан асып, шет елге мәлім бола бастады. Ауыл шаруашылығы саласындағы инновациялық ізденістерді өндіріске енгізуді қолға алған серіктестік қазір ет, сүт өндіру мен өсімдік шаруашылығының түрлі бағытында табысқа кенеліп отыр. Шаруашылықтағы жұмыс толықтай цифрлық технология бойынша басқарылады. Әрі бұл серіктестік аграршылардың жас буынын қалыптастыратын өмір мектебі сияқты сипатқа ие. Мұндағы өндіріс болашақ ауыл шарушылығы мамандарын даярлайтын білім ошақтары үшін оқу мен тәжірибе алаңы іспетті. Яғни саланың дамуына үлес қосқысы келетін жас ғалым мен өндірістегі тәжірибесін шыңдауға бейілді маман "Байсерке-Агроның" базасында бас қосып, нағыз еңбек адамына айналады. Агрохолдинг Алматыны ұн, жарма өнімдерінің түр-түрімен қамтамасыз етіп отыр.

Ал Іле ауданындағы "Сарыбұлақ" құс фабрикасының өнімін бас қаланың базарына бас сұғатындар жақсы біледі. Жылына 220 мың дана жұмыртқа, 20 мың тоннаға дейін тауық етін өндіретін фабриканың негізі тұтыну алаңы Алматы қаласы екені белгілі. Сондай-ақ "Империя Фуд" серіктестігінің 3 мың бас ірі қара бордақылауға арналған алаңында сойылған ет те Алматының қажетін өтеуге жөнелтіледі. Былтыр 618 тонна ет өткізілген. Қарын тоқ, қалта қалың. Бұдан бөлек, "Еңбекшіқазақ ауданының жергілікті қауымдастығы" қоғамдық қорының қолдауымен осыдан 4 жыл бұрын "Шелек фермерлері" атты бағдарлама ашылған болатын. Оның мақсаты Еңбекшіқазақ ауданындағы шағын шаруашылықтардың басын қосып, өнім өндіруге жұмылдыру еді. Қазір сол мақсат орындалды десе де болады. Бүгінде "Шелек фермерлері" өндірген көкөніс өнімдері тікелей Алматы қаласындағы супермаркеттерге келіп түседі. Мысалға, "Магнум" сауда желісі дүкендеріндегі бағасы арзан қияр, қызанақ, қырыққабат сияқты өнімдерде еңбекшіқазақтық диқандардың қолының табы бар.

Айтпақшы, Алматыны жақын маңдағы аудандар "асырап" отыр дегенге белгілі ғалым, экономика ғылымдарының докторы Атамұрат Шаменов толықтай қосылмайды. Ғалымның айтуынша, мегаполистің ішінде ауылшаруашылық өнімдерін өңдейтін өндіріс ошақтары жеткілікті. Өкінішке қарай, жергілікті өндірістің қуатын толық іске қосуға ешкім мүдделі емес. "Қазір олардың тек 60%-ы ғана өз мүмкіндігін көрсетіп отыр, ішкі өнім сыртқы нарыққа шығып жатыр", – дейді экономист.

Бұл жергілікті тұтынушылар үшін тиімсіз. Өйткені қанша жақын болғанмен қала маңынан тасымалданған өнімнің өзіндік құны артады. Оған делдардың бағасын қосқанда, қомақты қаржы екі ортада қалады-мыс.

"Менің есебім бойынша, Алматы қаласының аумағында өндірілетін өнімнің 60%-ы ғана ішкі нарыққа шығарылады. Қалғаны сыртқы нарыққа, тіпті шетелге кетіп жатыр. Бұл - бір жағынан дұрыс та шығар. Бірақ Алматыға ағылып жатқан импорт ағынын азайту ішкі өнімді көбейту арқылы ғана жүзеге асады. Ертеректе есептеп едік, қала нарығына шетелден келетін тауардың бір айлық құны 1 млн АҚШ долларын құраған. Қазір бұл ағын артпаса, кеміген жоқ", – деді Атамұрат Шаменов.

Гүлжан Амангелдіқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу