Агроөнеркәсіп кешені өкілдерінің 26, 4% қарызын қайтара алмай жүр

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
5537

4 млрд 311 млн теңгені құрайын несиенің төлеу мерзімі шегерілді.  

Агроөнеркәсіп кешені өкілдерінің 26, 4% қарызын қайтара алмай жүр

"ҚазАгро" ұлттық басқару холдингінің еншілес ұйымы "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ- ға еліміздің 84 шағын және орта шаруа қожалығынан  несие төлеу мерзімін шегеру туралы өтініш түсті. Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер жалпы құны 6,3 млрд теңгені құрайтын қарыздың қайтару мерзімін созуды сұрады.

Өтініш иелерінің өтінімі мұқият зерделеніп, әр қарыз алушының қазіргі қаржылық мүмкіндігі сараланды. Нәтижесінде 32 кәсіпкердің өтініші қанағаттандырылып, жалпы құны 4 млрд 311 млн теңгені құрайтын қарызды айыппұлсыз, 3 айдан соң қайтаруға рұқсат берілді. 

Бір кәсіпкердің өтініші мақұлданбады. Себебі ол бұған дейін 299 млн теңге көлемінде несие алған. Уақыт өте келе борышкер қарыз қайтару мерзімін тоқтата тұруды сұрап, өтініш жазған. Қарыз алушының алғашқы өтінішіне сәйкес, ол несие өтеудің жеңілдік кезеңіне ие болған. Дәл қазір борышкер осы құқығын пайдаланып отыр. Бір жеңілдіктің үстіне екінші жеңілдік берілмейді. "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ өтініш иесіне осыны жеткізді. Ал 51 қарыз алушыға қатысты шешім шыққан жоқ. Олардың өтінімі қарастырылып жатыр.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының төрағасы Елена Бахмутованың айтуынша, екінші деңгейлі банктердің агроөнеркәсіп кешенін несиелендіру көлемі 2019 жылы 3,5% ғана құрады. 2018 жылғы нәтиже - 8,5% болған.

"Екінші деңгейлі банктердің агроөнеркәсіп кешенін несиелендіру көрсеткішінің көңіл көншітпеуін қаржы ұйымдарының тәуекелге барғысы келмейтіндігімен түсіндіруге болады. Себебі ауыл шаруашылығы өкілдерінің қарыз қайтару мүмкіндігі төмен. Олар өнім шықпаған жылы несиелерін өтей алмайды. Ал екінші деңгейлі банктерді экономиканың қарыз қайтару мүмкіндігі төмен секторы қызықтырмайды. Себебі бұл қаржы ұйымдары үшін үлкен қауіп. 2020 жылғы 1 қаңтардағы дерекке сәйкес, корпоративтік несие нарығында өтеу мерзімі кешіктірілген проблемалы қарыз бойынша агроөнеркәсіп кешені өкілдерінің үлесі - 26, 4% құрады. Бұл – оң көрсеткіш емес. Себебі қарызды дер кезінде қайтара алмау қаупі тұрғысынан алғандағы орташа деңгейден 3 есе артық", – деді Елена Бахмутова. 

Ұлттық банктің дерегінше, былтыр ауыл шаруашылығы өкілдеріне

123 млрд теңге несие берілген. Экономиканың басқа салаларымен салыстырғанда бұл өте төмен көрсеткіш.

Айта кетейік, төтенше жағдайға байланысты биыл республикалық бюджеттен шағын және орта шаруа қожалықтарына көмек көрсету үшін 70 млрд теңге бөлінді. Қазір "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ қаржыны

ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге үлестірумен айналысып жатыр.

Несиенің жылдық сыйақы мөлшерлемесі - 5%.

"Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы бойынша көктемгі егіс жұмыстарына қосымша 100 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржы да

"Аграрлық несие корпорациясы" АҚ арқылы шағын және орта шаруа қожалықтарына 5 пайызбен таратылып жатыр. Ал "ҚазАгро" холдингі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың "Еңбек" бағдарламасы бойынша ауыл шаруашылығы саласының өкілдеріне жылдық сыйақы мөлшері 6% -бен 36 млрд теңге несие береді.  

"Аталған бағдарламаға ауыл шаруашылығымен және ауыл шаруашылығына жатпайтын кәсіп түрлерімен айналысқысы келетіндер немесе кәсібін кеңейтуді жоспарлаған азаматтар қатыса алады. Несие алушыларға қойылатын бірқатар талап бар. Атап айтқанда, кәсібін енді бастайтын азаматтың кәсіпкерлік негіздерін оқығаны туралы сертификаты болуға тиіс.
Несие тарихы мен кепіл мүлкіне де ерекше назар аударылады. Несие рәсімдегісі келген адамдардың мерзімі өткен берешегі болмауы", – деп хабарлады холдингтің баспасөз қызметі.

Бір қарағанда мұның барлығы құптарлық іс. Десекте осыған қатысты депутат Дүйсенғазы Мусиннің өз пікірі бар.

"Үкімет бөлген демеуқаржының тиімділігін арттыру үшін ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге арзан субсидия емес, ұзақмерзімді несие беру керек", – деді халық қалаулысы.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу