Атырау облысы әлеуметтік-экономикалық даму бойынша көш бастап тұр

2497

Облыс басшысы Махамбет Досмұхамбетов өңірдің даму барысын баяндады.  

Атырау облысы әлеуметтік-экономикалық даму бойынша көш бастап тұр

Атырау облысы әлеуметтік-экономикалық дамуы жағынан республика бойынша көш бастап тұр. Қазіргі күні өңір тұрғындары табиғи газбен 99,7%, орталықтандырылған сумен 99,3%-ға дейін қамтылған. Бұл жөнінде Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтың аймақтың Мемлекет басшысының Жолдауы аясында дамуы туралы есебінде айтылды, деп жазды  inbusiness.kz тілшісі.

Атырау облысы халқының саны жақында өткен санақ қорытындысы бойынша 665 мың адамға жеткен. Өңірде тәуелсіздік жылдарында 11,8 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, тұрғындардың табиғи газбен қамтылуы да 12%-дан 99,7%-ға, орталықтандырылған сумен қамту көрсеткіші 35%-дан 99,3%-ға дейін артқан.

Тәуелсіздік жылдарында облыста 179 білім беру, 90 денсаулық сақтау, 37 спорт ғимараты, сондай-ақ 31 мәдени нысан салынған. Мұнайлы мекенде педагогикалық жәнен медициналық кадр тапшылығы болғандықтан, бұл мәселені шешу жолында бірқатар жұмыстар атқарылды.

Атап айтқанда, соңғы үш жылда медицина мамандығы бойынша оқыту грантының саны 54-тен 71-ге дейін көбейтіліп, келген 71 жас маманның 21-і ауылдық жерлерге жіберілген. Былтыр облыстағы мұғалімдер саны 330 маманға артыпты. Мектептерді білікті ұстаздармен қамтамасыз ету үшін қажетті мамандарды даярлауға жергілікті бюджеттен 405 грант бөлінді.

Облыста алдағы уақытта екі ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Оның бірі – полиэтилен шығаратын интеграцияланған газ-химия кешенінің құрылысы. Іске асыру кезеңі – 2023-2027 жылдар. Сондай-ақ бутадиен және оның туындыларын өндіру бойынша жоба. Іске асыру кезеңі – 2024-2025 жылдар. Бұдан бөлек, жүзеге асырылып жатқан ауқымды инвестициялық жобалардың қатарында – Теңіз кен орнын болашақта кеңейту жобасы, KPI ЖШС интеграцияланған газ-химия кешенінің құрылысы, газ өңдеу зауытының құрылысы бар. Ал жыл басынан бері ауланған балық көлемі 10 мың тонна құрап отыр. Бұл былтырғыдан 56%-ға артық.     

"Бизнестің жол картасы-2025" бағдарламасы аясында облыста 1 405 атыраулық кәсіпкерге қолдау көрсетіліп, бұл өз кезегінде 10 236 жұмыс орнын сақтап қалуға және 1 702 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік берген. "Жұмыс істеп тұрған бизнес субъектілерінің саны 2,7 пайызға (51 354 бірлік) өсті. Жаңа өнім түрлерінің өндірісі дамып келеді. "УЛЬТРАСТАБ" және "ӨңҚ-Каспий" компаниялары полипропиленнен геотекстиль және экструзиялық геосинтетика өндірісі үшін бірлескен кәсіпорындар құрылды", – деді М. Досмұхамбетов. Белгілі болғандай, "Кәсіпкерлікті қолдау картасы" аясында 9,9 млрд теңге сомасына 3 жоба іске асырылуда. Олар: пайдалануға берілген түйіршіктелген күкірт өндіретін зауыт, тамақ қалдықтарынан органикалық тыңайтқыштар өндіру мен құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру бойынша жобалар 2021 жылдың соңына дейін іске қосылады деп күтілуде.

Айта кетейік, өндірісті өңірде экология проблемасы – шешімін күткен өзекті мәселелер қатарында. Қазіргі күні Атыраудың ауа сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар ірі жобалар іске асырылуда. Нақтырық айтсақ, биыл сәуірде басталған "Тухлая балка" булану алаңын қалпына келтіру жұмыстарын 2023 жылы аяқтау көзделген. Сонымен қатар қаланың оң жақ жағалауындағы кәріз-тазарту ғимаратын қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Аймақ басшысының есебінен белгілі болғандай, "Квадрат" буландырғыш тоғанын тазарту 2023 жылы басталмақ. 2021-2023 жылдары жеке инвесторларды тарта отырып, Атырау қаласында қуаты жылына 225 мың тонна тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдейтін екі сұрыптау кешенін салу жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысының Жолдауы аясында Атырау облысының дамуы туралы баяндаған облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов баспасөз брифингінің келесі кезеңінде БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берді. Халықтың көкейіндегі басты мәселенің бірі –Жайық, Ойыл өзендерінің тартылып жыл санап тартылып бара жатқаны. Бұл құбылысқа климат өзгерісі де әсер етіп отырғанын атап өткен облыс әкімі Жайықтың жайымен арнайы құрылған үкіметаралық топтың айналысып, су деңгейін, тұтыну деңгейін, басқа да көрсеткіш терді зерттеп отырғанын атап өтті. Қолға алынып отырған шараның бірі – өзенді шаруашылықтарға пайдалануды азайтуды қарастыру. Ағыстың төменгі бөлігінде арналарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Ойыл өзеніне соңғы үш жылдан бері судың дұрыс келмеуінен Қызылқоға ауданының шаруалары қатты қиналып қалған болатын. Аймақ басшысының айтуынша, оның бойынан көбісі заңсыз салынған, иесіз 57 бөгет анықталған. Оның барлығы көршілес Ақтөбе облысына тиесілі. Бұл бөгеттердің заңдысын қалпына келтіріп, заңсыз салынғанын бұзу жоспарланып отыр. Соның арқасында ауданға өзен суы аз көлемде болса да келеді деп күтілуде. Ал Исатай ауданына қарасты Нарын каналы келесі жылы жөнделмек. Облыс бойынша 22 арна болса, оның ішінен соңғы жылдары 6-уы жөнделген, тағы 6-уы кезекте тұр.     

Атырау облысында өнеркәсіптің өркендеуі, өкінішке қарай, экологияның нашарлауына алып келетін фактор ретінде бағаланады. Соған байланысты сауалға жауап берген Махамбет Досмұхамбетовтың айтуынша, қазіргі күні ауаны ластаушы заттардың көлемі салыстырмалы түрде алғанда 2019 жылмен салыстырғанда екі есеге төмендеген, оған мұнай-газ компанияларының заманауи құрылғыларды қолданысқа енгізіп отырғаны себеп болып отыр. Әрине, бұл шығарылған қалдық проблемасы жойылды деген сөз емес. Дегенмен технологияның дамуымен қатар, табиғат қорғау шаралары да жетілдіріле түспек.

Осы орайда, өңірде үлкен көлемде жүргізіліп жатқан тал егу жобасы да қозғалды. "Атырауда орман қорына 905 мың көшет, елдімекендерге 66 мың тал отырғызылды. Облыста 2025 жылға дейін орман қоры аумағына 7 миллион көшет, елді мекендерде 540 мың тал отырғызу жоспарланды. Бүгінгі таңда орман қорының 309 гектарына 905 мың көшет, облыстың елді мекендерінде 38 гектарға 66 мың тал отырғызылды. Көгалдандыру бағдарламамызға "ТШО", "НКОК", "Ембімұнайгаз" және "АМӨЗ" сияқты өңірдегі ірі мұнай-газ кәсіпорындарын тарттық", – деді облыс әкімі.

Оның айтуынша, талдардың өсіп кетуі – жеке бақылауда ұсталып отыр. Кәсіпорындардан әрбір еккен ағашын күтіп ұстап, үш жылдан кейін есебін тапсыру талап етілген. Жағдайды жіті қадағалаған қоғам белсенділері жақында Индер ауданына барып, талдардың қалай отырғызылып жатқанын көзбен көріп келген.

Бұған дейін атыраулық балықшылар арзан, шірімейтін материалдан жасалған, судағы тіршілік иелері үшін қаупі көп "қытай ауларына" тиым салынғанына наразылық білдірген. Қазірде түскен балық не жарақат алып, не өліп кететін аулардың тиімсіздігін түсінген балықшылар келісімге келген.

"Бүгінгі таңда облыста 16 кәсіпорын балық аулаумен және оны өңдеумен айналысуда. Бекіре балық шабақтарын өсіретін 2 зауыт жұмыс істейді. Жыл басынан бері 10 мың тоннадан аса балық ауланды. Балықтың 9 мың тоннасы өңделіп, оның 88 проценті экспортталды", – дейді аймақ басшысы.

Қойылған сауалдар бойынша белгілі болғандай, азық-түлік бағасын халыққа қолжетімді етіп ұстап тұру бағытында өңірдегі тұрақтандыру қорына 1 млрд 300 млн теңгенің үстінде қаражат бөлініп, қоймаларға 2 мыңға жуық көкөніс салынған, тағы да 1 200 көкөніс сатып алуға конкурс жарияланып отыр. Былтыр қоймада 600 тонна көкөніс болса, биыл оның көлемі көбейтілген. 

Ал жақында бес теңгеге көтерілген нан бағасы "Дәулет-нан" наубайханасымен келісім жүргізілгеннен кейін қайтадан арзандатылып, бір әлеуметтік нан бағасы 90 теңге құрап тұр.

Тұрғындардың бас ауруына айналған "Атырау-Астрахань" тас жолы 2022 жылдың соңына дейін жөнделіп, тапсырылатыны айтылды.

Айта кетейік, екі ортада қатынаудың қиындағаны соншалық, биыл бұл бағытта арнайы шағын пойыз да шығарылған болатын. Келешекте өңірдегі Сарайшық тарихи аумағынан сапар орталығынан бөлек, Алтын Орда тарихына арналған мұражай, Қасым ханның ескерткішін салу да жоспарда бар.

Жиі қойылған сұрақтардың бірі – Атырау облысы әкімінің екі бірдей орынбасарының үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу шараларының жүріп жатқанына қатысты болды. Махамбет Досмұхамбетов егер шенеуніктердің кінәсі дәлелденген жағдайда отставкаға өтініш беруге дайын екенін жеткізді. Ол брифингте айлық жалақысының көлемін жария етті, мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы өсірілгеннен кейін облыс әкімінің ай сайын қолына 1 млн 954 мың теңге алатыны мәлім болды.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу