Атыраудағы тарихи-мәдени мұралар түгендеуді қажет етіп тұр

1945

Оларды сақтап қалу қаншалықты қажет деген сұрақ күн тәртібінен түспеуде.  

Атыраудағы тарихи-мәдени мұралар түгендеуді қажет етіп тұр

Атырау қаласында ескі сәулет ескерткіштері саусақпен санарлықтай ғана қалды десе болады. Бұрын мемлекеттік инспекция болып, қазір атауын өзгерткен облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығынан білгеніміз, қазіргі күні "Орал", "Ренко" ("Bella Napoli") рестораны, "Болашақ-К" диагностикалық орталығының ғимараты сияқты жеті тарихи нысан арнайы реестрге енгізілген.

Бұдан бөлек, 25 нысан бойынша тәуелсіз тарихи-мәдени сараптама келесі жылы өтеді деп жоспарланған. Егер олардың құндылығы бар деп есептелініп, категорияға енуі тиіс деген шешім шығарылса, аталған орталық облыстық әкімдікке ұсыныс беріп, ол ҚР мәдениет министрлігі тарапынан бекітілмек. Бұл нысандар негізінен шаһардың "Ескі қала" деп аталатын бөлігінде тұрған қазақ байлары мен орыс, казак, татар көпестерінің үйлері болып келеді.

Мұнайлы өңірдегі тарихи-мәдени ескерткіштерге байланысты дау осы жерден туындап отыр. Тұрғындардың бір бөлігі қалада онсыз да аз қалған көнекөз ғимараттардың қалғанын сақтап қалуымыз керек десе, тағы бір топ олардың "жергілікті жерде үстемдік орнатқан басқыншы тап өкілдеріне тиесілі" екенін алға тартады.

"Бұл – қалай болғанда да біздің тарихымыз басқа жерде емес, Қазақстанда, соның ішінде Атырау жерінде болған тарихи жәдігерлер, біз мәселеге осы тұрғыдан қарауымыз керек", – деп дауға нүкте қояды облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының жетекшісі Мұхамбетқали Кипиев.

Бұдан бөлек, қалада ақгвардияшылармен, "қызылдар" әскерімен, Ұлы Отан соғысымен байланысты нысандар бар. 1941-1945 жылдары қан майданның қызған кезінде сол кездегі Гурьев қаласында бес эвакуациялық госпиталь тынбастан жұмыс істегенін бүгінгі ұрпақтың бірі білсе, бірі білмейді. Оларда соғыста жараланған жауынгерлер емделген, көз жұмғандарды жерлеген өз алдына бөлек қорым да сақталған. "Қазіргі тарихи-мәдени ескерткіштер қатарында эвакогоспитальдар жоқ. Мәселен, пандемия кезінде қаладан уақытша емдеу орындары ашылып жатыр ғой, олар да сондай, кезінде заман талабына қарай бар ғимараттардан бейімделіп, белгілі бір мерзімге ғана ашылған", – дейді М.Кипиев. Дегенмен госпиталь болған ғимараттарға оның тарихынан хабар беретін тақтайшалар ілінген.

Тарихи-мәдени мұраны мемлекет тарапынан ресми түрде қорғауға алғаннан кейінгі екінші мәселе – оларды қалпына келтіру. Ол үшін екі қаражат көзі бар, біріншісі – республикалық бюджет, екіншісі – жеке кәсіпкердің, инвестордың немесе демеушінің қаражаты.

Атырауда жоғарыда аталған "Орал", "Ренко" ("Bella Napoli") мейрамханалары мен "Lucky Fox" қонақүйі осындай жеке қаражатқа жөнделген. Осы орайда облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы біздің Ресейдің тәжірибесін қолданып, одан өзімізге керек тұстарын алғанымыз жөн деген пікірде. Онда негізінен мемлекет қаржысына әкімшілік, шіркеу, музей, тағы басқа сынды ғимараттар жөнделіп, көпестер, помещиктер, басқа да ауқатты адамдар тұрған келбетті тұрғын үйлер оларды қалпына келтіруге өз қаражатын жұмсайтын жеке қолға беріледі екен. Бұл механизм заң жүзінде реттелген. Айталық, кәсіпкерге тарихи нысан 40 жыл мерзімге шаршы метрін арзанға есептей отырып жалға беріледі. Ол нысанның қасбетін, интерьерін сақтай отырып, қалауына қарай пайдалана алады. Бізде ескі ғимараттар жалға берілгенмен, оны ұзақ мерзімге беру жайы қарастырылмаған екен. Көп жағдайда бұл – онсыз да көне дүниенің қараптан қарап тұрып, тозып, жарамсыз болып қалуына жол бермейтін тиімді әдіс болып табылады. 

Бұдан бөлек, бір кездері Ескі қаладағы ғимараттардың орнында Достық үйі, облыстық кітапхана, саябақ, этносаябақ болады деп те жоспарланған. Қазірде бұл аталғандар қаланың басқа бөліктерінде бой көтеріп те үлгерді. Ал Жайық жағасындағы мемлекеттік реестрге кіретін-кірмейтініне қарамастан, ғасырлардың куәсі болғаны күмән келтірмейтін көнетоз ғимараттар мүлгіген күйінде тұр.  

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу