"Мұнай-газ саласында отандық бизнестің көбеюіне күш салу керек"

2312

Атыраулық кәсіпкерлер оған қатысты ұсыныстарын жеткізді.  

"Мұнай-газ саласында отандық бизнестің көбеюіне күш салу керек"

Елімізде "қазақстандық жұмыстар мен қызметтерді өндіруші" деген мәртебені қайта қарап, мекеменің жарғылық капиталында ҚР азаматының кем дегенде 50 пайыз үлесінің болуын талап ететін заң қабылдау керек. Ірі мұнай-газ жобаларына отандық бизнестің көптеп тартылуына жағдай жасау керек. Бұл ұсыныстар "Атамекен" ҚР ҰКП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаевтың Атырау облысы өңірлік кәсіпкерлер палатасының аймақтық кеңесімен өткен zoom-конференциясында айтылды, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Алғашқы ұсынысты айтқан ТОО "Saurida Oil and Gaz" ЖШС директоры Ғибрат Сәрсенов Қазақстанда жаңадан тіркелген заңды тұлғалардың құрылтайшылық/акционерлік капиталы 100 пайыз шетелдік болса да "қазақстандық жұмыстар мен қызметтерді өндірушілер" мәртебесін алу үшін штатының 95 пайызын осы елдің азаматтарымен толтыруы жеткілікті екенін алға тартты. Мұндай солқылдақтық түскен табыстың түгелдей шетелге кетіп қалуына жол ашып отыр деуге болады. Ал мұнай-газ компанияларының сатып алуларындағы қазақстандық жұмыстар мен қызметтердің өндірушілеріне 20 пайыздық шартты жеңілдік беріледі деген ҚР "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану жөніндегі" Кодекс шын мәнінде жұмыс істемейді, өйткені, жоғарыда аталған шетелдік компаниялар да "қазақстандық өндіруші" қатарына кіріп кетеді.

"Қазіргі күні Қарашығанақ және Қашаған жобаларындағы мұнай-газ операторлары мердігерлік келісім-шарттарында кем дегенде 50 пайыз қазақстандық қатысушының болуы қарастырылған. Бұл тәжірибені осы саладағы басқа жобаларға да қолдану керек", – деген пікірде  Ғибрат Сәрсенов.

Ал "ПЦН-Күзет" ЖШС директоры Гүлмира Жұмағалиева елімізде әлі күнге дейін өндірістік жобаны бастан-аяқ орындап шығуға қабілетті бірде бір мердігер компанияның қалыптаспағанына алаңдаушылық білдіре келіп, оның себептеріне тоқталады. Кәсіпкердің айтуынша, Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ жобаларына отандық бизнестің аз тартылуына бірнеше фактор әсер етіп отыр. Атап айтқанда, операторлар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру кезінде әлеуеті (потенциалы) жетуі мүмкін үміткер компаниядан несиелік рейтингі жоғары қаржы мекемелерінен қаржылық кепілдік алуын сұрайды, ал қазақстандық екінші деңгейдегі банктер қолында жүз млн.-даған АҚШ доллары бар бюджеті жоғары қаржы ұйымдарымен бәсекелесуге дайын емес. Сондай-ақ, мұнай-газ операторларымен және олардың шетелдік мердігерлерімен ұзақ мерзімдік келісім-шарт жасасқан отандық компаниялар да оны банктерге нақты кепілдік ретінде ұсына алмайды, қаржылық ұйымдар қайткенде де мүлікті кепілдікке салуды талап етеді.

"Мәселені шешу үшін қазақстандық екінші деңгейдегі банктердің банктік кепілдігін қабылдайтын қылу керек, ірі инвесторлар олардың арасынан неғұрлым сенімді әріптесті өздері таңдауына да болады. Мұнай-газ секторын қаржыландыруға ұлттық даму институттарын тарту керек. Қазіргі таңда Қазақстанның Даму Банкі экспорттық келісім-шарттар жасалған кезде гарант ретінде қатысады, енді осы механизмді ішкі рынок үшін пайдаланып, оны көлемді мұнай-газ компаниялары үшін де гарант ретінде тартуды қарастыруға болады. Мұндай шаралар сатып алулардағы отандық мекемелердің үлесін арттырып, шетелдік және қазақстандық компаниялар арасындағы тең әріптестікті қамтамасыз еткен болар еді", – дейді Гүлмира Жұмағалиева.

Айтылған ұсыныстар алдағы уақытта үкімет деңгейінде қаралатын қаперге салған Тимур Құлыбаев аймақтық палаталармен бірге бизнес саласының проблемаларына тұрақты мониторинг жүргізіліп отырғанын жеткізді.

"Қазір эпидемиологиялық ахуал мәз емес. Өңірлер аяқ астынан "қызыл аймаққа" енгізіліп кеткенде бизнес нысандары жабылып қалады. Былтыр 1 млн.-нан астам кәсіпкер зиян шегіп, 430 мекеме жабылған. Шығын айтарлықтай үлкен. Біздің мақсатымыз – үкіметпен бірлесе отырып, бизнестің қиын кезеңнен шығу жолдарын қарастырып, көмектесу", – деп атап өтті Т.Құлыбаев.

Еліміздің барлық облысы бойынша өткен онлайн конференциялар кезінде кәсіпкерлер тарапынан алпыстан астам мәселе көтерілген. Олардың көпшілігі ауыл шаруашылығы, салық, тендер, жергілікті кәсіпкерлерді қолдау проблемаларын қозғапты.

Құралай Қуатова

 

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу