Картельдік келісім мұнай мәселесін түбегейлі шешпейді

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
7855

Қазақстан мен Ресей ішкі нарықта тұтынылатын мұнай көлемін тәулігіне 75 мың баррельге ұлғайтады. Ал Сауд Арабиясы ақпан, наурыз айларында мұнай өндірісін 1 млн баррельге қысқартады.

Картельдік келісім мұнай мәселесін түбегейлі шешпейді

Энергетика министрлігінің хабарлауынша, ОПЕК+ келісіміне қатысушы елдердің бірлескен күш-жігері 2020 жылы әлемдік мұнай нарығындағы бағаға айтарлықтай ықпал етті. Қолданыстағы келісім мұнай нарығын тұрақтандырды. Келісімге қатысушы елдер мұнай өндіруді қысқартудың қазіргі деңгейін 2021 жылдың ақпан және наурыз айларына дейін ұзарту туралы шешім қабылдады. Қазақстан мен Ресей үшін осы кезеңдегі өндірісті тәулігіне 10 және 65 мың баррельге кезең-кезеңмен ұлғайтуды көздейтін жеке шарт рәсімделді. ОПЕК+ шеңберінде Қазақстан ақпан айында тәулігіне 1,427 млн баррель, наурыз айында 1,437 млн баррель мұнай өндіреді. Өздеріңіз білетіндей, 2021 жыл мұнай бағасының қымбаттауымен басталды. Алайда бұл – "қара алтын" құны тәуекелге тап болмайды, баға ауытқымайды, тұрақты болады деген сөз емес. Себебі мұнай бағасы жоғарылаған сайын мүдде қақтығысы өршіп, жағымсыз факторлар көбейеді. Алдын ала жасалған болжамға сәйкес, арабтардың мұнай өндіру көлемін ерікті түрде қысқартуының нәтижесінде ақпан айында әлем бойынша тәулігіне 8,1 млн баррель өндіріледі.

Біле жүріңіз, ОПЕК мүшелері ақпан айындағы мұнай өндірісінің көлеміне өзгеріс енгізген жоқ. Бұл қадамға ОПЕК-ке мүше емес елдер, оның ішінде Қазақстан мен Ресей барды.

Естеріңізде болса, былтыр Brent маркалы мұнайдың баррелі жыл басында 64 доллардан саудаланып, сәуір айында барреліне 18 долларға дейін құлдырады. Бұл 1999 жылдан бері санағандағы ең төменгі орташа айлық баға. Мұнай бағасының көз ілестірмес жылдамдықпен арзандауына сұраныстың төмендеуі мен ОПЕК + ұйымы мүшелерінің бір-бірімен тілтабыса алмауы себеп болды.

Сәуірден қыркүйекке дейінгі аралықта әлемдік мұнай бағасы қайта өссе, қыркүйек, қазан айларында тағы төмендеді. Желтоқсанда жағдай жақсарып, Brent маркалы мұнайдың баррелі 50 доллардан саудаланды. Ал 2021 жылдың қаңтарында Brent маркалы мұнайдың баррелі 55 долларға жетті.

Айта кетейік, ОПЕК + картельдік келісімі аясында мұнай өндіру көлемінің төмендеуі өндіріс пен тұтынуды уақытша ғана теңестіреді. Яғни түбегейлі өзгеріс жасауға ықпал ете алмайды. Сондықтан мұнай бағасының ұлғаюына жаһандық экономиканың қарыштауы мен әлемдік жалпы ішкі өнімнің өсуі негіз болатынын түсіну қажет.

Мұнай бағасына қор нарығындағы өзгеріс тікелей әсер ететінін де естен шығармаған абзал. Бұған MSCI индексі (жаһандық индекс) мен Brent маркалы мұнай бағасы арасындағы байланыс дәлел.

Мұнай бағасының қымбаттауы немесе арзандауы әлемдегі геосаяси жағдаймен тікелей байланысты. Мысалы Ирак Кувейтке басып кірген кезде бір баррель мұнай 16,5 доллардан 32,9 долларға дейін қымбаттады. АҚШ тақтатас мұнайын өндіру бастамасын көтергенде немесе Ресей мұнай өндіруші елдер арасындағы ықпалын күшейтуге әрекеттенгенде де әлемдік мұнай нарығы әрі-сәрі күй кешті.

Әлемдік мұнай сарапшыларының болжамынша, биыл Brent маркалы мұнай баррелінің орташа құны 45-50 доллар шамасында болады. Бұл Қазақстанға үлкен қорқыныш туғызбайды. Себебі 2021-2023 жылдарға арналған бюджетте бір баррель мұнайдың бағасы 35 доллар болып белгіленген.

Айта кетейік, біздің ел мұнай қоры бойынша әлемде 12-орынға, ал өндіруден 16 - орынға орналасқан. Біз Urals маркалы мұнай өндіреміз. Оның бағасы Brent маркалы мұнайдан шамамен 12 долларға арзан.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу