JPMorgan: Мұнай 190 долларға дейін қымбаттауы мүмкін

6208

Осы онжылдықтың ортасына дейін энергетика индустриясына инвестиция азайып, өндіріс қысқарып, көмірсутегінің құны қайта шарықтамақ.  

JPMorgan: Мұнай 190 долларға дейін қымбаттауы мүмкін

JPMorgan Chase банкі наурыздың басында жариялаған бір баяндамасында мұнай нарығы "суперциклге" аяқ басып, 2025 жылы энергетикалық шикізаттың бір баррелінің құны 190 долларға дейін өсетінін болжаған еді.

Арада бірнеше апта өткенде коронавирус пандемиясынан әлемде сұраныс құлдырап,  көмірсутегінің бағасы алапат күйреуге ұшырады. Сәуірде Brent баррелі 15.98 долларға дейін немесе соңғы 20 жылдағы ең төменгі көрсеткішке дейін құнсызданса, америкалық WTI тарихта алғаш рет нөл доллардан да түсті.

АҚШ, Ресей, Сауд Арабиясы – ең ірі үш өндіруші – бұған жауап ретінде мұнай шығаруды мейлінше қысқартты. Сондықтан, нарықта шикізат біршама азайып, оның бағасына қайта дем берілді.

Қазірдің өзінде сұраныс бұрынғыдай емес – төмен. Осыған қарамастан, JPMorgan мұнайдың "суперциклға" қайта оралатын күні сонша алыс емес деп есептейді. Өйткені, нарыққа мол көлемде отын жетпегендіктен, бұл сала болашақта өзіне капитал тартуда үлкен проблемаға душар болайын деп отыр.

"Өмір шындығы сол – мұнай бағасының 100 долларға жету мүмкіндігі үш ай бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда жоғары", – дейді JPMorgan  банкінің Еуропа, Таяу Шығыс және Африканың мұнайы мен газын зерттеу бөлімінің жетекшісі Кристиан Малек CNN Business бағдарламасына берген сұқбатында.  

Тапшылық бағаны өсіреді

Жылдар бойы әлемде өндірілген мұнай көлемі қажеттіліктен жоғары болды. Осыншама артық шикізатты тіпті сақтайтын орын табылмай, сәуірде көмірсутегінің нарқы нөлден де төмендеп кеткені белгілі.

JPMorgan маусымның 12-де жариялаған есепке жүгінсек, нарықтағы артық мұнай күндердің-күнінде "тапшы мұнайға" айналуы мүмкін. Сол тапшылықты жою үшін Brent-тің бағасын 60 долларға дейін өсіріп, өндірісті ынталандыруға тура келуі ғажап емес.

Баға 190 долларға дейін не себепті көтерілуі ықтимал? Малектің сөзінше, мұнай дефициті 2022 жылы пайда болып, егер ОПЕК пен өзге мемлекеттер көмірсутегі өндірісін арттырмайтын болса, 2025 жылы шикізат тапшылығы тәулігіне 6,8 миллион баррелге жетуі мүмкін.

"Тапшылықтың аты тапшылық. Бұл жағдай бағаның көтерілетінін меңзейді", –  дейді Малек.

BP алаңдап отыр

British Petroleum (BP) компаниясы осы аптада ескерткендей, денсаулық сақтау саласындағы дағдарыс "әлем экономикасына әсер етіп" энергетикалық ресурстарға сұранысты "ұзақ уақыт" бойы азайтуы мүмкін. Британдық алпауыт өзінің мұнай бағасына қатысты болжамын 27 пайызға төмендетіп, Brent маркалы шикізаттың құны алдағы отыз жылда 55 долларды төңіректейтінін алға тартып отыр.  Сонымен қатар, трансұлттық корпорация өз активтерінің қысқаратынын да мәлімдеді.

Дегенмен, Малектің ойынша, BP-дің сүреңсіз болжамы баға үшін "оптимистік оқиғаға" айналуы мүмкін. Өйткені, мұнай компаниялары тіпті өндірісті арттыру былай тұрсын, оны қолдау үшін де мол қаражат шығындамайтын болса, келешекте өндіріс көлемі сөзсіз төмендейді. Ал, мұның нәтижесінде ұсыныс кеміп, мұнай құнының шарықтауына жол ашылуы мүмкін. "Бұндай жағдай біздің бағаға деген көрқарасымызды растай алады", - дейді Малек.

Мұнайға шығын 15-жылдағы минимумға дейін түсуі мүмкін

JPMorgan дерегінше, 2015-2020 жылдар аралығында әлемде 50-ден аса жаңа мұнай жобасын жүзеге асыруға рұқсат берілген. Бірақ, банктің өзге бір есебінше, алдағы бес жылда небары бес жоба іске қосылайын деп отыр.

Ал, BP, Shell, Total және ConocoPhillips тәрізді кейбір мұнай компаниялары маңызды деген инвестициялық шешімдерді қабылдауды кейінге қалдырып жатыр.

Rystad Energy компаниясы жақында жариялаған баяндамаға жүгінсек, 2020 жылы мұнай өндірісіне салынатын ғаламдық инвестиция көлемі 383 миллиард долларға азайып, соңғы 15 жылдағы минимумға дейін төмендемек.

"Ристардтың" пікірінше, шығындардың мұнша азаюы "қазіргі өндірісті сақтауды едәуір қиындатып",  нарыққа мұнай жеткізу "тұрақтылығына" ұзақ мерзімдік перспективада әсер етпей қоймайды.

Әрине, Сауд Арабиясы мен Ресейде нарықтағы мұнай тапшылығын жоятын қару әрдайым бар. Бірақ, қазір олар да ОПЕК-тің өзге елдері тәрізді нарықтағы артық шикізаттан арылу үшін өндірісті әдейі тежеп отыр. Себебі, бұл мемлекеттердің орасан бюджеттеріндегі тепе-теңдікті сақтау үшін мұнайдың қымбаттағаны керек.

"Сондықтан, олар нарықты мұнайға толтыруды көздеп отырған жоқ", - дейді Малек.

Baker Hughes компаниясының мәліметінше, Құрама Штаттарда да өндіріс күрт төмендеп, белсенді жұмыс істеген бұрғылау ұңғымаларының саны рекордтық деңгейге дейін азайып кеткен.

Климаттық өзгеріс факторы

Климаттың өзгеруіне байланысты алаңдаушылық күшейіп, инвестициялаудың әлеуметтік жауапкершілігі артқандықтан, энергетикалық салаға да капитал тарту көбірек тежеліп отыр. Осыған байланысты, бүгінде мұнай акцияларына жолағысы келмейтін инвесторлар көбейген.

Бірқатар сарапшылардың ойынша, бағаның құлауы, капиталдың қашуы, климаттың өзгеруі бірігіп, мұнай индустриясының өте қажет кезде қаржы тарту мүмкіндіктерін келешекте тіпті шектеуі мүмкін. 

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу