BREXIT: Ажырасуға тағы үш ай қажет пе?

5391

Ұлыбритания Еуропа одағынан қазанның 31-і күні шыға алмауы мүмкін.  

BREXIT: Ажырасуға тағы үш ай қажет пе?

Біріккен Корольдік Еуропа одағынан қазанның 31-і күні Лондон уақытымен сағат 23:00-де шығуы керек. Бірақ, ажырасу туралы келісім дайын емес, сондықтан премьер-министр Борис Джонсон "брексит" мерзімін қаңтардың 31-не шегеруге өтініш жасады. Ал, жұма күні Брюссель бұған келісім берген.

"Брексит" салдарынан Ұлыбритания үлкен саяси дағдарысқа ұрынды. Бұл шым-шытырық проблеманың ең даулы тұстары төмендегідей:

"БРЕКСИТ"

Алдымен "брексит" түсінігі жайлы бірер сөз. Ол - "Британия" және "экзит" деген сөздердің қосындысынан пайда болған ұғым. Екінші сөз "шығу" дегенді білдіреді. Осы екі сөзді алғаш рет бұрынғы депутат Петер Уильдинг Біріккен Корольдік Еуропа одағынан шығуға дауыс берерден төрт жыл бұрын біріктіріп айтты.

Еуропа одағы Екінші дүниежүзілік соғыс шөгіндісінің үстінде дүниеге келді деуге болады. Аймақтық интеграциялық блокты құрудағы мақсат – экономикалық билікті бір ортаға тоғыстырып, "Қарт құрлықты" ғасырлар бойы қанға бөктірген өзара тайталас пен дұшпандыққа нүкте қою. Қазір одаққа 28 ел кіреді. Олардың азаматтары бір мемлекеттен екіншісіне еркін өтіп, өмір сүріп, жұмыс істей алады.

2016 жылы маусым айының 16 күні британдықтардың 52 пайызы ЕО-дан бөлінуге, 48 пайызы одақ құрамында қалуға дауыс берді. Осы нәтижеден кейін "брекситті" құп көрмеген премьер-министр Дэвид Кэмерон отставкаға кетуге мәжбүр болды.

"БРЕКСИТ" НЕГЕ СОЗЫЛЫП КЕТТІ?

Референдум "жоқ" немесе "ия" деп дауыс беру ғана болғанымен, нәтижесін жүзеге асыру оңай болмай шықты. Депутаттар бұл проблеманы шешуде баршаның көңілінен шығатын тетіктерді әлі тапқан жоқ. Бөліну, иммиграция, капитализм, заманауи британдықтар және толып жатқан өзге де мәселелер бойынша дауға ұрынған қоғамда бұл түйіткілді шешу кейде мүмкін еместей көрінеді.

Ажырасу үшін Ұлыбритания Еуропа одағымен арадағы келісімнің 50-ші бабына жүгінді. Ол заңда мүше-мемлекеттер үшін блоктан бөлінудің негізгі қадамдары көрсетілген.  Ал, Кэмеронның ізбасары Тереза Мэй бұл бапты 2017 жылы көктемде іске қосып, корольдікті 2019 жылы наурыздың 29 күні одақтан шығару туралы келіссөздерді бастауға жол ашқан еді.

Алайда, Британия ЕО-дан дәл сол күні шығып кете алмады. Депутаттар одақпен ажырасу жайлы пәтуаны үш мәрте мақұлдамай тастағандықтан, "брексит" мерзімін де үш рет созуға тура келді. Ал, Мэй ханымның отставкаға кетуден басқа амалы қалмады: ол лауазымымен биыл маусым айында қош айтысты.

ДЕПУТАТТАР НЕГЕ КЕЛІСЕ АЛМАЙ ЖАТЫР?

Парламент үкімет ұсынған келісімді ратификациялауға тиіс. Бірақ, кейбір депутаттар "қатты брекситке" жақтас. Өйткені, мұндай жолмен бөлінген жағдайда, Ұлыбритания Еуропа одағының кедендік кеңістігі мен ортақ нарығынан толық кетіп, басқа елдермен өз қалауы бойынша сауда келісімін жасай алады.

"Жұмсақ брекситті" қолдаушылар болса, одақпен арадағы бірқатар сауда байланыстарын бұзуға қарсы. Халық қалаулыларының бірі блок ішінде қалуды жөн көрсе, басқалары екінші референдум өткізу қажет деген пікірде.

ИРЛАНДИЯ ШЕКАРАСЫ

Паламентті дауластырып, келісімді мақұлдауға кедергі болып отырған ең үлкен мәселе  – Ұлыбритания құрамындағы Солтүстік Ирландия мен одаққа мүше Ирландия шекарасы.

1998 жылы ирланд юнионистері мен ұлтшылдары арасында отыз жылға созылған жанжалды тоқтатуға тиіс бейбіт келісімге қол қойылды. Осыған сәйкес, Еуропа одағы мен Ұлыбритания арасында виртуалды шекара жойылып, еркін сауда жүргізіліп, адамдар бір жақтан екінші жаққа кедергісіз қатынауы керек.

Дегенмен, қазір ұсынылып отырған келісім бойынша, Біріккен Корольдік одақтан ажырайтын болса, Солтүстік Ирландия Еуропа одағының кедендік кеңістігінде қалып қояды. Мұны қауымдар палатасындағы кейбір депутаттар территориядан айрылу деп қабылдады, әрі шекарада кедергілер пайда болады деп қауіптеніп отыр.

ҚАЗІР НЕ БОЛЫП ЖАТЫР?

Еуропа одағының елшілері Ұлыбританияның одақтан шығу мерзімін тағы кейінге қалдыру туралы келісімге қол жеткізді. Бірақ, оның қаншаға созылары әзірге белгісіз. Мұны жұма күні ЕО-ның бас келіссөз жүргізушісі Мишель Барньер мен Еуропа комиссиясының ресми өкілі Мина Андреева мәлімдеді.

Корольдік блоктан қазан айының 31-і күні шығуы керек. Бірақ, Лондон жақында ажырасатын күнді тағы үш айға шегеру туралы Брюссельге өтініш жасады. Соған қарағанда, брексит ай соңында жүзеге аспауы мүмкін. Еуропаның бір дипломатының айтуынша, "брексит" мерзімі мәселесі дүйсенбі күні талқыланып, қанша айға созылатыны белгілі болады.

Премьер-министр Борис Джонсон елді одақтан келісімсіз шығару жолдарын қарастырып жатыр. Дегенмен, бұл идеяның парламентте басым көпшіліктен қолдау табуы екіталай. Сондықтан, үкімет басшысы қауымдар палатасында жақтастары көбейеді деген үмітпен желтоқсанның 12-де мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өткізуді ұсынып отыр. Алайда, елдің негізгі оппозициялық партиясы бұл бастамаға тосқауыл қоймақ.

"Үкімет Ұлыбританияны одақтан келісімсіз шығармауға кепілдік бермесе, біз жаңа сайлауды қолдамаймыз", - дейді Лейбористік партияның ішкі істер жөніндегі өкілі Диана Эббот "ВВС" телерадиокорпорациясына берген сұқбатында. 

Егер Ұлыбритания ажырасу туралы келісімісіз қалатын болса, онда корольдік пен ЕО арасындағы сауда-саттық шектеліп, екі жақтың экономикасы ауыр соққыға ұшырайды, әрі Британияда азық-түлік пен дәрі-дәрмек тапшы болады, тіпті ел экономикасы терең рецессияға батады деген қауіп те бар.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу