Трампсыз, Мэйсіз, Макронсыз форум

4851

Биылғы Дүниежүзілік экономикалық форумда жаңа әлемдік тәртіп "жаһандануға" төнген қауіп ретінде талқыға тасталды.

Трампсыз, Мэйсіз, Макронсыз форум

Қаңтардың 22-нен 25-не дейін Швейцарияның Давосында өтетін Дүниежүзілік экономикалық форумға әлемнің ең ықпалды, ең бай адамдары қатысып жатыр. Жалпы алғанда, Альпі тауының баурайындағы қалаға 3 мыңдай делегат жиналған. Форумның соңына дейін өтетін 600-дей сессияда келесі ғаламдық мәселелер пікірталастар мен талқылауларға арқау болады: бүгінгі геосаяси климатта бейбітшілік пен ымыраны сақтап қалу; экономиканың болашағы, жаңа технологиялар, блокчейн мен криптовалюта тәрізді монетарлық жүйелер; жасанды интеллект пен генді редакциялау дәуіріндегі жаңа технологиялық саясат пен этика; негізгі экологиялық жүйелердің (климат, мұхит, биосфера) әсеріне жауап беру; адамдардың тәжірибесін көтеруге жәрдемдесу, адам капиталы, популизм мен теңсіздіктің белең алуы және т.б.

Өткен жылғы форумнан бері әлемде алауыздық күшейді: Францияда "сары кеудешелердің" үкіметке қарсы шеруі жалғасып жатыр, Бразилияда, Италия, Мексикада басшылыққа популистер келді, Түркия мен Венгрияда билікті бір қолға шоғырландыру үрдісі байқалып отыр.

Биылғы форумның басты тақырыбы:  "Ғаламдану 4.0: Төртінші индустриялдық революция дәуірінде жаңа архитектура қалыптастыру". Кейбір сарапшылардың ойынша, бүгінде "глобализацияның" жаңа кезеңінде технологиялық басымдық пен бәсеке үшін қоғамдар арасына жік түсіп отыр. 

Байтал түгіл, бас қайғы
Давос форумы 1971 жылдан бері өткізіліп келеді. Саяси лидерлердің қатысуы оған әрдайым үлкен қолдау болған-ды. 2019 жылы жағдай өзгешелеу. Биыл бұл жиынға әлемнің 60-қа жуық елінің мемлекет басшысы мен үкімет жетекшісі қатысуға тиіс еді. Бірақ, олардың бір бөлігі Давосқа бармады.

Бүгін көптеген неолибералдық саяси элитаны қорқытып отырған негізгі жайт – баяғы  әлемдік тәртіп пен оның демократиялық институттарының эрозияға ұшырауы. Қазір "ортақ өгізден оңаша бұзау артық" дейтін заман туды. Оған мысал – "брексит" пен АҚШ-та Дональд Трампты билікке әкелген президенттік сайлау. Бұл екеуі өзге дүниеге жаңаша жол көрсетіп отырғандай. Трамп пен Құрама Штаттар әкімшілігінің белді мүшелері үкіметтің жабылуына байланысты Дүниежүзілік экономикалық форумға қатыспайды; Франция президенті Эммануэль Макрон мен Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй өз үйлеріндегі өртті өшірумен әлек болып жатқандықтан, Альпінің бөктерінде өтіп жатқан элиталық дискуссияға бара алмады.

Тарихтан белгілі, АҚШ, Ұлыбритания, Франция әрдайым халықаралық ынтымақтастыққа үндеп келді. Алайда, осы жолы бұл "үштік" лидерлерінің Давосқа ұшпауы ғаламдану жақтастарының уайымына уайым қосып отыр. Кейбір бақылаушылардың пікірінше, Трамптың Давосқа бармауы Американың бұрын әлемдік тәртіпке жетекшілік етуден бас тартуының нышаны болуы мүмкін.

Антиресейлік санкциялардан қорғаныс
Форумда eліміздің Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлімдегендей, Астана Ресейге қарсы санкциялардың Қазақстан экономикасына ықпалын азайтудың бірнеше сценарийін әзірлеген. Оның сөзінше, екі мемлекеттің саудалық, өнеркәсіптік, коммерциялық байланыстары өте тығыз болғандықтан, Батыстың Мәскеуге қарсы санкциялары біздің мемлекетке әсер етпей қоймайды. Министр атап өткендей, антиресейлік санкциялардың кері әсерін шектеу үшін Қазақстанда құрылымдық, жалпыэкономикалық, салалық шаралар қолға алынып жатыр. Нақтырақ айтқанда, табиғи монополияларға қатысты тарифтер уақытша түсіріліп,  салық төмендетіліп, несиелік келісімдердің мерзімі ұзартылуда. Тағы бір сөзінде Сүлейменов РФ мен Беларусь арасындағы экономикалық дау Мәскеу мен Астана арасында қайталанбайтынын атап өтті. "Жоқ олай ойламаймын. Бұл – одақтық мемлекетке шеңберіндегі Ресей мен Беларусь арасындағы екіжақты қатынас. Ондай жағдай Қазақстанмен қатысты қайталанбайды", – деді ҚР ұлттық экономика министрі Давос форумында.   

Айта кету керек, Ресей мен Беларусь бүгінде энергетикалық ресурстар бағасы мен мұнай салығы жөніндегі келіссөздерде ортақ мәмілеге келе алмай отыр. Ал, Қазақстан вице-премьері Ерболат Досаев форумда Татарстан президенті Рустам Миннихановпен келіссөз жүргізіп, екіжақты ынтымақтастықтың даму перспективасы мен сауда-экономикалық байланыстар жайын талқылады.

"Мәліметтер – экономиканы болашаққа жетелеуші күш"
Әйгілі "Алибаба" компаниясының негізін қалаған Джек Маға Давоста бірталай сұрақ қойылды. Айтуынша, оның мұғалімдік тәжірибесі өзге адамдарға жәрдемдесу  принципін ұстанған "Алибабаның" дамуына көп көмектескен.  "Компаниям өзгерісті мүмкіндік деп қабылдап, табысқа жетті", – дейді қытайлық мультимиллиардер.

Германия канцлері ғаламдануды қорғап мәлімдеме жасады. Және де Ангела Меркель қазіргі халықаралық жүйені популистік қауіптен сақтау үшін күресуге сөз берді. Оның ойынша, Еуропа одағына нүкте қоймай-ақ ертеңгі қауіпке "жақсы жауап беруге" болады.

Әлемдік экономикалық форумда Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ айтқандай, мәліметтер – ғалам экономикасын болашаққа жетелеуші күш. Сондықтан, индустриялдық мәліметтер тасқыны алдында шекара болмауға тиіс. "Өйткені, мәліметтердің арқасында біздің қалаларымыз барлық адамдар үшін өмір сүруге қолайлы болады", – дейді жапон министрлер кабинетінің жетекшісі.

Экономикалық форумға  ирландиялық танымал әнші, рок-музыкант Боно да қатысып, капитализмнің талай адамды кедейшіліктен алып шыққанын мойындай отырып, бұл жүйені  "жабайы хайуанға" теңеді. Сонымен қатар, музыканттың мәлімдеуінше, хайуанға ешкім ештеңе үйретпесе,  ол талай адамды талар еді. Тағы бір сөзінде Боно өскелең ұрпақтың "идеологиялық бұғауға" түспейтінін атап өтті.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу