Бұл толқын, кей аналитиктердің пікірінше, Венгрия, Польша және Италиядағы ұлтшылдық және еуропалық құндылықтарға қарсы үкіметтерді шарпып, Франция, Ұлыбритания және Германияда оңшыл ксенофобиялық партиялардың танымалдылығы арта түскен.
"Екінші дүниежүзілік соғыстан бері Еуропа мәселесі осыншалықты маңызды болған емес. Ешқашан Еуропаға қазіргідей қауіп төнбеді. Брексит осының айғағы. Ұлтшылдықты таңдау еш нәтиже бермейді.Мұндай "қақпан" қазір бүкіл Еуропаға қауіп төндіріп отыр",- дейді Франция президенті Эммануэль Макрон.
Брексит және одақтағы басқа да мәселелердің ушығуы Еуроодақ билігінің шамадан тыс күшеюінен туындап отыр. Әрине, көші-қон мен экономика – осы жағдайдың негізгі факторлары саналады, дегенмен бұлар да ЕО саясатының жемісі, дейді The National Interest басылымы.
Бастапқыда ЕО алты ел мүше Еуропалық экономикалық қауымдастық ретінде құрылған болатын. 10 жыл өткеннен кейін одаққа жаңа мүшелер қосылып, оның ықпалы күшейе түсті. Басында Еуроодақ қабылдаған құжаттар елдер арасындағы сауда, туризмді дамытуға бағытталған еді. Бұл бастамалар азаматтардың ұлттық сәйкестігіне қауіп төндірмеген. Бірақ уақыт өте келе көп нәрсе өзгере бастады.
1985 жылы бірнеше мемлекет Шенген келісіміне қол қойып, ЕО-ға мүше елдердің халқына одақ ішінде визасыз емін-еркін жүруге рұқсат берілді. 90-жылдары еуропалық экономикалық және валюталық одақ құрылып, жалпы еуропалық басқару кеңейе түсті:12 ел бірыңғай валютаны қолдана бастап, ортақ қаржы-несиелік саясатқа көшті. Бұл ретте Еуропалық орталық банкі құрылып, ұлттық бюджетке әсер ететін жаңа нормативті актілер пайда болды.
2005 жылдан бастап ЕО кейбір мүше елдердің қарсылығына қарамастан, одақ құрамындағы барлық мемлекеттерден Еуропаға ағылған мигранттардың белгілі бір бөлігін қабылдауды талап етіп келеді.
Одақ елдердің негізгі құндылықтарына, мәдени айырмашылықтары мен өзін-өзі басқару құқығына байланысты мәселелерге қатысты шешім қабылдай бастады. Бұның салдарынан кей елдер өзінің егемендігінен айырылуға шақ қалып отыр.
Мысалы, француздар елге ағылған поляктар санының шамадан көптігіне қарсылық білдірсе, ал ағылшындар Азия, Африка және Таяу Шығыстан келген еңбек мигранттарынің легін жақтырмайтынын көрсетті.
Осы сияқты өзгерістер Еуроодақтың саясатын қолдамайтындар қатарының өсуіне әкеліп соқты.
Әлеуметтік, коммунитарлық негіздердің жоқтығына қарамастан, ЕО көшбасшылары одақты тек әкімшілік мемлекет ретінде кеңейтіп қана қоймай, сондай-ақ Брюссельдің өкілеттігін арттыруға барын салып жатыр. Эммануэль Макрон мен Ангела Меркель Еуроодақ Комиссиясының өкілеттігін әлі де кеңейтуге және жалпы еуропалық банктік одақ және орталықтандырылған бюджет құру арқылы интеграцияны арттыруға шақырды.
Брексит – ЕО-тың уақытынан бұрын қабылдаған қадамдарының нәтижесі, ұлтшылдық реакцияның бір көрінісі. Одаққа мүше бірқатар ел де ЕО жүргізіп жатқан саясатқа күмәнмен қарап отыр. Грекия, Италия, Франция және Португалия Еуроодақтың қаржы тапшылығын шектеуі және ЖІӨ мен борыштың ара салмағына қатысты қарсылықтарын білдірді. Чех Республикасы, Венгрия және Польша мемлекеттері болса, ЕО бекіткен мигранттардың белгілі бір бөлігін елге кіргізуден бас тартып отыр.
Табиғат Нұрболат