Келісімсіз "Брексит" қаупі

5790

Ұлыбританияның Еуропа одағымен шартсыз ажырасу қаупі елден капиталды қашырып, тауар қоймаларының құнын өсіріп, әлемнің сегізінші экономикасына құлдырау қаупін төндіріп тұр.

Келісімсіз "Брексит" қаупі

Британиядан триллион доллар қашты
"Брексит" британ бизнесіне үлкен өзгеріс әкелді.  Ernst & Young консалтингтік компаниясының дерегінше, әлемнің көптеген банктері мен қаржы институттары Біріккен Корольдіктен кемінде триллион доллардың активтерін Еуропа одағына көшіріп үлгерген. Және де осы фирманың өзге бір дерегінше, Британ қаржылық активтерінің ең аз дегенде оннан бір бөлігі Дублин, Люксембург, Франкфурт, Парижге ауысуы мүмкін. Ал, егер Ұлыбритания одақтан келісімсіз кететін болса, одан қашқан капиталдың көлемі тіпті артпақ. 

Супермаркеттер импортты күшейтпек
Сонымен қатар, "брекситтің" бұлыңғыр болашағы корольдікте  супермаркеттерді алдын ала қамдануға мәжбүрлеп отыр. Үлкен дүкендер қазір тауарларды көптеп алып, өздерінің қоймаларын кеңейтуге кірісті. Өйткені, Британия одақпен ешқандай шартсыз ажырасатын болса, ЕО мен Тұманды Альбион арасында сауда-саттық пен тауар тасымалы қиындауы ықтимал. Яғни, осыған дейін қалыптасқан шекарадан өнім өткізу ережелері өз күшін жойып, жаңа әрі күрделі шекаралық режим орнауы ғажап емес.

Marks & Spencer және Tesco супермаркеттері Еуропа одағынан тез бұзылмайтын өнімдерді бұрынғыдан молырақ импорттау туралы келіссөз жүргізгенін жариялады. Сонымен қатар, олар ұзақ сақтауға келмейтін көкөніс пен жеміс-жидекті баяғыдай көлемде сатып ала алмайтынын мәлімдеп отыр. Осыған байланысты Британияда ауылшаруашылығы өнімдері тапшылыққа айналады деген қауіп бар.

Ұлыбританияда "брексит" референдумы 2016 жылы маусымда өткені белгілі. Статистикаға жүгінсек, содан бері корольдікте  азық-түлік бағасы бес пайызға өскен.

"Бұл – нағыз берекесіздік. Білмеймін әрі қарай не боларын. "Брексит" келісімі нені білдіреді, ал сол келісім жасалмаса не болады? Адамдар осы сауалға жауап іздейді. Ертең таңертең тұрғанда, бұл даудың аяқталғанын естісем, қатты қуанар едім", – дейді Лондон тұрғыны Қытайдың ССТV телеарнасына берген сұқбатында.

 

Тереза Мэйдің үлкен жеңілісі
Айта кету керек, сейсенбі күні британ парламентінің қауымдар палатасы елді Еуропа одағынан шығару туралы келісім жобасына қарсы дауыс берді. Осылайша, премьер-министр Тереза Мэй үлкен жеңіліске ұшырап, корольдікте саяси дағдарыс тіпті тереңдеді. Мэй ұсынған жобаны депутаттардың 432-сі қолдаса, 202-сі құптамаған. Осы қорытындыдан кейін оппозиция лидері Джереми Корбин үкіметке сенімсіздік жариялау мәселесін көтерді.

Халық қалаулылары одақ құрамындағы Ирландия мен Ұлыбритания қарамағындағы Солтүстік Ирландия арасындағы шекара дауы шешілмегендіктен, "брексит" келісіміне қарсы дауыс беріп отыр.

Осы нәтижеден кейін сайлау қайта өтіп, "брексит" кейінге қалдырылып, тіпті ол туралы жаңа референдум өтуі мүмкін. Уақыт болса тым қысқа: Ұлыбритания Еуропа одағымен наурыздың 29-да ажырасуы керек

Экономикаға төнген қауіп
Егер ЕО мен Біріккен Корольдік болашақ қатынастары пәтуа жасамай ажырасатын болса, екі жақ бір-бірінің тауарларына тариф жариялап, шекарадан өткен заттарды тексеруден өткізетін болады. Демек, екі жақ арасында 40 жыл бойы қызмет еткен еркін сауда режимі жойылады. Мұның нәтижесінде британ экономикасы теңселуі мүмкін. Англия банкінің болжамына жүгінсек, шекараның тарифтік жүйе мен инспекцияға қайта көшуі Ұлыбританияны азық-түлік пен дәрі-дәрмек тапшылығына ұрындырып қана қоймай, елдің жалпы ішкі өнімін биылдың өзінде 8 пайызға қысқартпақ.

"Бизнес жаңа бағалар мен тарифтерге тап болады. Порттарымыздың қызметі тоқтап, тауар жеткізуші фирмалар мен тұтынушылар арасында бөгет тұрғызылады", - дейді 190 000 кәсіпорынның атынан өкілдік ететін Британия индустриялар конфедерациясының бас директоры Каролин Фэйрбан "Ассоушиэйтед пресс" агенттігіне берген сұқбатында.

Қоймалардың құны өсті
Ал, EEF компаниясы қараша айында 242 компания арасында жүргізген сауалнама қорытындысына қарағанда, Біріккен Корольдіктегі фирмалардың 60 пайызы тауарлар запасын жасауға әзірленіп жатса, 29 пайызы бұл іске "брексит" күн тәртібіне шыққанда-ақ кірісіп кеткен. Олардың кейбіреулері өнім сақтау үшін алып ғимараттар салып жатыр.  

"Олар қойма үшін жер іздеп жатыр. Олар қойма үшін жаңа кеңістік таңдап жатыр. Мұндай жағдай бұрын болмаған еді", - дейді EEF компаниясының экономисті Франческо Арканджели.

Ал, Stowga компаниясының басқарма төрағасы Чарли Пулдың айтуынша, қараша айында оның сайтынан 3 мың рет қойма ізделсе, желтоқсанда 10 мың мәрте ізделген. Кейбір фирмалар тауар сақтайтын орыннан айрылып қалмау үшін қойманың құнын алдын-ала төлеп қояды. Осының салдарынан Ұлыбританияда қомалардың бір апталық орташа бағасы қыркүйек айынан бері шамамен үш долларға өскен.

"Брекситтен"  Lovespace тәрізді кірісі мол компанияларға да қауіп төніп тұр. Жақында бұл кәсіпорынмен потенциалдық инвестор жұмыс істеуден бас тартқан. Өйткені, Ұлыбритания одақтан шартсыз кететін болса, оның қоймасына қойылатын тауар азайып, табыс төмендеуі мүмкін.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу