Еуропа аласапыранға әзірленуде

5021

Еуропа одағы елдері келісімсіз "Брекситке" жанталаса дайындалып жатыр.

Еуропа аласапыранға әзірленуде

Ұлыбритания Еуропа одағынан наурыздың 29-да шығуы керек. Уақыт шамалы қалды. Сондықтан, Біріккен Корольдіктің интеграциялық блокпен ешқандай шартсыз ажырасатынына күмән қалмай барады.

Егер Лондон мен Брюссель болашақ қатынастарын қазір анықтап алмаса, континентте авиациялық қатынастар қиындап, порттардың жұмысы тұралап, миллиондаған жұмыскер құқықтық проблемаларға тап болады.

Франция өз әуежайлары мен Еуротуннельдің қауіпсіздігіне 50 миллион еуро жұмсап, кеден қызметіне қосымша жүздеген адам алды. Португалия авиациялық порттарында британдық жолаушылар үшін арнайы жолақ ашқан. Өйткені, бұл мемлекетке Біріккен Корольдіктен туристер көп барады. Ал, Нидерланд "тірі импортты" жаңаша тексеру үшін білікті ветеринарларды іздестіріп жатыр. Германия "Брексит" келісімі жасалмаған жағдайда туындайтын бюрократиялық проблемаларды шешу туралы дебаттарды күшейтті.

Еуропаның Атлантика жағалауынан Қара теңізге дейінгі аралықтағы елдері өз жерінде британдықтарға жұмыс берудің, тұрғызудың жаңа ережелерін жасап жатыр. Өйткені, корольдік азаматтары "брекситтен" кейін Еуропа одағының құқықтарын бұрынғыдай пайдалана алмайды. Сонымен қатар, еуропалық үкіметтер одақ тұрғындарына Лондон да жағдай жасайды деген үмітте. Дегенмен, Ұлыбритания "брекситтің" зардабын жеңілдету шараларына мыңдаған мемлекеттік қызметкерді жұмылдырып, миллиардтаған фунт жұмсағанын мәлімдеп отыр.

Қаңтардың 15-де британ парламентінің қауымдар палатасы премьер-министр Тереза Мэй ұсынған "брексит" келісімінен бас тартты. Себебі, оларға Еуропа одағы құрамындағы Ирландия мен Корольдіктегі Солтүстік Ирландия арасындағы кедендік ережелердің болашағы ұнамаған.  Палатаның бұл шешімінен кейін Еуропа одағының мемлекеттері аласапыранға жанталаса әзірлене бастады.

"Ұлыбританияның одақтан келісімсіз кететініне күмәніміз жоқ. Мұндай жағдайға әзір болуымыз керек. Ең бастысы – азаматтарымыздың құқығы қорғалуға тиіс", – дейді Франция премьер-министрі Эдуард Филипп.

Франция үкіметі әуежайлар мен порттарға және Британиямен арадағы Ағылшын каналының астынан өтетін туннельге қосымша штат қабылдамақ. Өйткені, Ұлыбритания мен Еуропа одағы арасындағы тауар айналымының төрттен бір бөлігі осы туннель арқылы жүзеге асады.

Сонымен қатар, Біріккен Корольдік Еуропа одағының қаржылық нарығына кіру мүмкіндігінен айрылып қалса, Париж британдық банктер мен сақтандыру компанияларына Францияда жұмыс істеуге және ағылшын кәсіпорындарының француз жерінде тауар тасымалдауына уақытша рұқсат беруге дайын.

Канцлер Ангела Меркель де келісімсіз "брекситтің" Германияға зиян мойындап, оған дайын болу қажеттігін атап өтті. Ал, Португалия премьер-министрі Антонио Костаның сөзінше, британдық туристердің 80 пайызы Мадейра аралдарындағы Фаро, Алгарвэ, Фюнчал әуежайларына қонады. Сондықтан, ол терминалдардың жанында британдықтарды тасымалдайтын ұшақтар үшін арнайы жолақ әзірленіп жатыр. Ол жолдар корольдік азаматтарын кешіктірмей сапарға аттандыруға және оларды Португалия жеріне еш кедергісіз қондыру үшін қажет.

 

Нидерландқа келсек, бұнда кедендік қызметке қосымша 900 адам жұмысқа алынып жатыр. Олар шекарадан өтетін "тірі импортқа" санитарлық және ветеринарлық тексеру жүргізеді. Сондай-ақ, бұл мемлекетте Еуропа одағының ортақ нарығына кірмейтін елдермен жұмыс істеп көрмеген 35000 компания үшін "брекситтен" соң британдық кәсіпорындармен байланыс орнатудың жолдарын көрсететін онлайн жүйе іске қосылды.

Румыния билігі болса, Ұлыбританияда тұратын жарты миллиондай румынды тағдырдың тәлкегіне тастамауға уәде берсе де, олардың болашағына қатысты нақты іс-шаралар жөнінде мәлімет таратпады. Айта кетсек, Бухарест қазір Еуропа одағына төрағалық етіп отыр.

Чехия мен Словакия өз жерлеріндегі британ азаматтарының болашақ құқықтарын айқындайтын заң жобасын қарастырып жатыр. Нидерландыға қайта оралсақ, ол  британдықтарға Голландия аумағында тағы 15 айға қалуға рұқсат бермек.

Британияның өзі Еуропа одағымен шартсыз ажырасқан жағдайда, резервистерді тұрақты әскери қызмет резервіне қоймақ. Сонымен қатар, Біріккен Корольдік кеден қызметі мен шекара штатына қосымша жүздеген адам алып, Еуропа одағымен арадағы шекарадан өтетін тауарлар тасқынын тоқтатпау туралы заң қабылдады. Және де мұндағы кәсіпкерлер одақтан өнім түрлерін көптеп сатып алып, оларды қоймаларына жинап жатыр. Лондонның мәлімдеуінше, келісімсіз "бекситке" қарамастан, Ұлыбритания ЕО азаматтарының корольдік аумағында уақытша қалуына рұқсат бере алады.

Еуропа одағының жоғары лауазымды өкілдері осы блокта қалған 27 елді аралап, олардың "брекситке" әзірлігін тексеріп, қажет болған жағдайға, көмек көрсетуге әзір. Мұны ЕО комиссиясының баспасөз хатшысы Маргаритис Шинас "Ассоушиэйтед пресс" агенттігіне берген сұқбатында мәлімдеді. Жалпы алғанда, Еуропа одағы "брекситке" байланысты төтенше жағдай туындаған жағдайда әрекет ету жолдарын көрсететін 88 нұсқау шығарған.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу