Келісімсіз "брекситтің" зардабы қандай болуы мүмкін?

4823

Ұлыбритания 12-сәуірге дейін Еуропа одағымен ажырасу туралы пәтуаны әзірлеп үлгермесе, оның экономикасы "апатқа" ұшырайды деген болжам шындыққа айналуы ғажап емес.

Келісімсіз "брекситтің" зардабы қандай болуы мүмкін?

Сейсенбі күні Еуропа одағының "брексит" жөніндегі бас келіссөз жүргізушісі Мишель Барнье мәлімдегендей, Ұлыбританияның аймақтық интеграциялық блоктан тәртіппен кетуге қауқарсыздығы айқындала бастады. Демек,  Біріккен Корольдік одақтан келісімсіз шығуы әбден мүмкін. Бұл сценарийдің зардабы қандай?

Порттардағы кептеліс
Осыған дейін паромдар мен пойыздар оңтүстік-шығыс Англия мен Францияның Кале қаласы арасында адамдар мен тауарларды әрі-бері тасымалдап, Ұлыбританияны Еуропа одағымен байланыстырып келді. Егер Біріккен Корольдік одақтан ажырасу келісімінсіз шығатын болса, екі жақ арасында жаңа кедендік тәртіп орнайды. Бұндай жағдайда құжаттарды рәсімдеу ұзаққа созылып, жүк тасушылар өз кезегін сағаттап күтпек. Яғни, бір жақтан екінші жаққа  дайын өнім мен қосымша бөлшектер жеткізу қиындайды, зауыт-фабрикалардың жұмысы тоқтайды.

"Меніңше, порттарда ұзынсонар кезек түзіледі. Себебі, трейдерлер, экспортшылар, импортшылар шекарадан өтудің өзге ережелеріне дайын емес. Қысқасы, тауар жеткізу секторының қызметі мейлінше баяулайды", –  дейді Британияның жүк тасушылар қауымдастығының директоры Дункан Бьючамэн "Нью-Йорк Таймс" газетіне берген сұхбатында.

Ұлыбритания паромдармен, пойыздармен жеткен жүк көліктерін өз аумағына ешқандай тексерусіз, декларациясыз кіргізуге дайын. Алайда, Еуропа одағы корольдіктен жеткен көліктерді олай қабылдай салуға уәде берген жоқ. Демек, британдық машиналар рұқсат қағаздары жөнді толтырылмаса, кері қайтарылуы мүмкін.  

Азық-түлік тапшылығы
Фермерлер мен азық-түлік өндірушілердің сөзінше, өнім жеткізу деңгейі төмендейді. Айта кетсек, Ұлыбританияда тұтынылатын тағамның үштен бір бөлігі Еуропа одағынан әкелінеді. Егер сол тауарды тасымалдайтын көліктер шекарадан өте алмайтын болса, британдық тұтынушылар азық-түлік тапшылығын сезінуі мүмкін.

Тағам өндірушілер ескерткендей, қосымша қағаздардың талап етілуі, британ ақшасы фунтстерлингтің әлсіреуі, азық-түлікке тариф жариялануы бағаны сөзсіз өсіреді. Мұны Англия банкінің төрағасы Марк Карней де жоққа шығарып отырған жоқ. Оның болжамынша, азық-түлік 10 пайызға қымбаттауы мүмкін.

Сонымен қатар, келісімсіз "брексит" жағдайында азық-түлік индустриясында жұмыс істейтін компаниялар жаппай жабылмақ. Ал, мұндай өнімді экспорттаумен айналысатын фирмалар бір жарым айдан кейін-ақ бизнесін тоқтатады деген болжам бар.

Өндіріс тұралайды
Ұлыбританиядағы өнеркәсіп ошақтарының көбі өнімді дер кезінде шығаруға негізделген. Ал, сол өнімге қажетті бөлшектер елге кіре алмай, одақпен арадағы шекарада ұзақ тұрып қалатын болса, талай компания әрі қарай жұмыс істей алмайтыны анық. Осы қиындыққа байланысты бірнеше автоконцерн уақытша жабылатынын жариялап үлгерді. Және де "Брексит" келісімінің жасалмауынан қауіптенген бірнеше компания наурыздың 29-на дейін-ақ қызметін тоқтатқан. Егер Ұлыбритания сәуірдің 12-де одақтан шынында да пәтуасыз кететін болса, корольдік аумағында Еуропа елдерімен серіктестік орнатқан әлі талай зауыт пен фабрика жабылмақ.

Дәрі-дәрмек тапшылығы
Фармацевтикалық компаниялардың болжамынша, келісімсіз "брексит" фунт-стерлингті әлсіретіп британдық кәсіпкерлерді дәрі-дәрмекті шетелге сатуға мәжбүрлеуі мүмкін. Бұндай жағдайда корольдікте медициналық препараттар айтарлықтай тапшылыққа айналмақ. Сондықтан, кейбір өндірушілер министрлер кабинетін ең қажетті дәрілер экспортына тыйым салуға шақырып отыр.

"Біз дәрі-дәрмектің мол қорын жинадық. Егер келесі айда фунт құлдырайтын болса, сол қорды ақша жасау үшін Еуропа одағына сатуға рұқсат бермеуге тиіспіз", – дейді Британия Фармацевтикалық Өнеркәсіп қауымдастығының атқарушы директоры Майк Томсон.

Британия мен Еуропа одағы азаматтары екіұдай күйге түспек
Еуропа Комиссиясы ЕО елдерін өз аумағындағы британдықтарды одақ азаматтығынан айырмауға үндеп келеді. Бірақ, бұл мәселеге әр мемлекеттің көзқарасы әртүрлі.

Сонымен қатар, Еуропа одағы мемлекеттеріндегі Британия резиденттері денсаулық сақтау жүйесінен шығып қалады деген қауіп бар. Сол үшін британдықтарға одақ елінде тұруға рұқсат етілгенге дейін бөлек медициналық сақтандыру алуға кеңес беріліп отыр.

Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй болса, Еуропа одағының азаматтары келісімсіз "брексит" жағдайында да корольдік аумағында қала алатынын мәлімдеді. Дегенмен, британ үкіметі сол "еуропалықтардың" құқықтарын қаншалықты деңгейде қорғай алады? Бұл сауал әзірге жауапсыз.

Ирландия шекарасындағы бей-берекетсіздік
Ирландия – Еуропа одағының мүшесі, Солтүстік Ирландия – Ұлыбритания құрамында. Екеуі де өз араларында физикалық шекараның қайта тұрғызылғанын қаламайды. Өйткені, мұндай кедергі 1998 жылы діни жанжалды тоқтатқан "Жақсы Жұма" келісімін бұзуға әкеп соғуы мүмкін. Бұған қоса, келісімсіз "брексит" шекарадан адамдардың, тауарлардың, қызметтердің өтуін айтарлықтай шектейін деп отыр.

Банктер мен әуе компаниялары
Қаржы секторы болса, британдықтар 2016 жылы Еуропа одағынан шығуға дауыс бергеннен бері "no-deal brexit" процесіне әзірлік үстінде. Олардың көбі бұрынғы қызметті әрі қарай жалғастыру үшін Франкфуртта, Парижде, Дублинде өз кеңселерін ашып жатыр. Ал, Еуропа комиссиясы келісімсіз "брексит" жағдайында аймақтағы авиациялық рейстердің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін арнайы заң қабылдады.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу