ХВҚ жаңа басшы іздеуге кірісті

4289

Халықаралық валюта қоры директорлығына лайықты азиялық үміткерлер табылып жатса да, еуропалықтар бұл қаржылық лауазымды олар түгіл Трамп бастаған Америкаға да бермек емес.

ХВҚ жаңа басшы іздеуге кірісті

Халықараралық валюта қорының қазіргі басшысы Кристин Лагард қазан айында Еуропа орталық банкіне жетекшілік ете бастайды. Бұл туралы шешім қабылданып қойды деуге болады. Сонда, Лагардтың орнын кім басады, әлемнің негізгі қаржы мәселелерін кім шешеді? Бұл сауалға дәл қазір нақты жауап жоқ.

Халықаралық валюта қорын тарихта негізінен еуропалықтар басқарып келеді. Дегенмен "Нью-Йорк Таймс" газетінің хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп ондаған жылдар бойы қалыптасқан бұл дәстүрді бұзып, дүниежүзілік валюталық органға америкалықты тағайындауға күш салып жатыр.

Сейсенбі күні "Қарт құрлық" француз қызы - Лагард ханымды Еуропа Орталық банкінің төрағалығынан кетіп бара жатқан Марио Драгидің орнына тағайындау туралы шешім қабылдады. Лагард ХВҚ басшылығына 2011 жылы келіп, бұл ғаламдық валюталық институттың жұлдызын жарқыратып, оны тұрақтылық жолына қайтарды.   

Халықаралық валюта қорының билігі әлем экономикасының өсімі баяулап, президент Трамп сауда соғысын өршітіп, протекционистік саясатты тіпті күшейткен шақта ауысып жатыр. Қордың келесі президенті Аргентинадағы, Венесуэладағы және экономикасы күйреп жатқан Түркиядағы проблемаларды еңсеріп, оларды өсім жолына қайтаруға күш салуға міндетті болады.

"ХВҚ-ның жаңа басшысы тап болатын негізгі проблемалар – әлемде сауда соғысының шиеленісіп, көпжақтылық күйреп жатқанда және геосаяси альянстар өзгерген заманда, бұл халықаралық қаржы институтының өзектілігі мен ықпалын және заңдылығын сақтап қалу. ХВҚ дүниежүзінің қаржы істерінде көпжақтылықтың айқын көрінісі еді. Бірақ  кейінгі кездері ол дамыған елдердің шеттетуінен, ғаламдық капитал ағымының азаюынан және дамушы мемлекеттер арасындағы өзара сенімнің жоқтығынан зардап шегіп отыр ", - дейді осы қордың Қытайдағы бөлімшесінің бұрынғы жетекшісі Эсвар Прасал "Нью-Йорк Таймсқа" берген сұқбатында.

Дәстүр бойынша әлемдік банкті америкалықтар, Халықаралық валюта қорын еуропалықтар басқарады. Осылардың алдыңғысына төрағалық етуге Дэвид Малпасстың кандидатурасын Трамп ұсынғаны белгілі. Енді Құрама Штаттар президенті ондаған жылдар бойы қалыптасқан тәжірибені бұзып, ХВҚ директорлығына да АҚШ азаматын қоюға ниетті екені белгілі болып отыр.

Халықаралық валюта қорының басқарма төрағалығының 24 мүшесі директорды өзара консенсуспен сайлайды. Кезінде Лагард осы постқа тағайындалу үшін алты апталық селекция процесінен өтті.

"Еуропа бұл лауазымды өз иелігінде сақтап қалу үшін күрес жүргізіп жатыр", - дейді Халықаралық қаржы институтының президенті және кіші Джордж Буш әкімшілігінде қаржы министрінің халықаралық істер бойынша орынбасары қызметін атқарған Тим Адамс.

Трамп бір кездері Уолл стритте жұмыс істеп, АҚШ қаржы министрлігінде жоғары лауазымға дейін көтерілген Малпассты Әлемдік банк басшылығына таңдағанда, шет мемлекеттер тарапынан соншалықты қарсылық көрген жоқ. Еуропалықтар да Халықаралық валюта қорына жетекшілікті үлкен наразылықсыз сақтап қалады деген болжам бар.  

Қазір әлем ақпарат құралдарында ХВҚ-ның жаңа директорлығына үміткерлердің тізімдері жариялана бастады. Солардың қатарында Сингапурдың бұрынғы вице-премьері және әлеуметтік-экономикалық саясат бойынша үйлестірушісі Тарман Шанмугаратнам, Үндістан Орталық банкінің экс-президенті Рагурам Раджан, Халықаралық валюта қорының басқарушы директорының бұрынғы орынбасары және мексикалық экономист Агустин Карстенс, "Пимко" ғаламдық инвестициялық компаниясының бұрынғы атқарушы директоры Мохамед әл-Эриян (тегі – мысырлық-америкалық), Англия банкінің қызметтен кетіп бара жатқан басшысы Марк Карни бар. 

Карни - Канадада дүниеге келгенімен, Ұлыбритания азаматы. Бірақ Біріккен Корольдік Еуропа одағынан бөлініп жатқанда, еуропалықтар оның кандидатурасын Халықаралық валюта қорының басшылығы үшін қолдай қоя ма? Ол жағы әзірге белгісіз. Дегенмен Карнида Ирландия паспорты да бар.

Ұлыбританияның Халықаралық істер корольдік институтының Азия-Тынық мұхит бағдарламасының ғылыми қызметкері әрі Халықаралық валюта қорында 16 жыл жұмыс істеген Васуки Шастридің пікірінше,  Карниді ХВҚ директорлығына сайлау үшін Ұлыбритания оның кандидатурасын қолдау бойынша халықаралық коалиция құра білуі керек. Сонымен қатар лондондық ғалымның сөзінше, Трамп қанша әрекет қылғанымен, Халықаралық валюта қоры басшысын таңдау мәселесінде АҚШ-қа қарағанда, еуропалықтардың дауысы бәрібір шешуші рөл ойнайды.

1945 жылы құрылған Халықаралық валюта қоры - ғалам экономикасы мен қаржы жүйесін қадағалап, қарыздық міндеттемелерін орындауға қауқары таусылған елдерді несиемен қамтамасыз ететін ұйым. Бұл орган көбінесе дамушы мемлекеттермен тығыз жұмыс істейтіндіктен, оның директоры АҚШ пен Еуропадан тыс елдерден таңдалуы керек деген ұсыныстар жиі айтылып жүр. Алайда сол дамушы экономикалар валюталық қордың қаржысына көбірек тәуелді болғандықтан, олардың біріне ХВҚ директорлығын беруді қисынсыз шешім деп есептейтіндер бар.

Соңғы жылдары әлемде қаржы институттарының мәртебесі төмендеп кеткеніне қарамастан, Лагард Халықаралық валюта қорын сәтті басқарды деп саналады, оның тұсында қордың ашықтығы күшейіп, Еуропа қарыз дағдарысынан шықты.  

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу