ХВҚ: Қазақ банктеріне бизнестің жаңа моделі қажет

5795

Халықаралық валюта қоры Кавказ бен Орталық Азия аймағындағы экономикалық өсім жайлы жаңа баяндамасын жариялады.    

ХВҚ: Қазақ банктеріне бизнестің жаңа моделі қажет

Ғаламдық сауда соғысы мен негізгі серіктестерінің даму қарқыны баяуласа да, 2019-2020 жылдары Кавказ бен Орталық Азия экономикалары 4,5 %-ға өседі. Мұны қарашаның 8-інде Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) мәлімдеді.

Сол күнгі баяндамасында ХВҚ бұрынғы кеңестік республикаларды бәсекелестікті жақсартып, табиғи байлықтарды мейлінше тиімді пайдаланып,  сауда мен ғаламдық өндіріске интеграциядан ұту үшін экономиканы әртараптандыруға шақырды. 

Қор жаңа зерттеуінде Кавказдан Арменияны, Әзербайжанды, Грузияны, Орталық Азиядан – Қазақстанды, Қырғызстанды, Тәжікстанды, Түркіменстанды және Өзбекстанды қамтыған.

"Сауданың әлсірегеніне қарамастан, Кавказ бен Орталық Азия аймақтарында жалпы өсім деңгейі 2019-2020 жылдары 4,5  % деңгейінде қалады. Негізінен мұндай тенденция осалдау қаржылық ұстаным мен жекеменшік секторды несиелеу дәрежесінің артуына байланысты қалыптаспақ", – деп жазылған ХВҚ баяндамасында.

Халықаралық валюта қорының Таяу Шығыс және Орталық Азия департаменті директорының орынбасары Юха Кахконеннің сөзінше, Кавказ бен Орталық Азия үшін жұмыс орындарын көбейтіп, экономикалық белсенділікті арттыру жолында реформаларды қолға алу қиынға соқты.

"Ғаламдық тұрғыдан алғанда, оларда қазір байқалып отырған өсім жаман емес. Алайда екі аймақ елдері осы жетістікті қанағат тұтумен шектеліп қалмауы керек", – дейді Кахконен.

Қордың мәлімдеуінше, Орталық Азия мен Кавказға сырттан төніп төнген қауіптерге халықаралық сауда шиеленістері, ғалам экономикасы өсімінің баяулауы, шикізат бағасының төмендеуі, геосаяси тұрақсыздық кіреді.

Айта кетсек, Әзербайжан, Қазақстан және Түркіменстан энергия экспорттаушы мемлекеттерге жатса, Грузия, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан өздеріне қажетті мұнай мен газдың түгелге жуығын немесе басым бөлігін шетелден импорттап отыр.

"Қазақ банктеріне бизнестің жаңа моделі қажет"

"Бұл мемлекет экономиканы көбінесе жеке секторға сүйенетіндей етіп әртараптандырып, өзінің банк саласын реформалауы қажет", – дейді Кахконен "Рейтер" агенттігіне берген сұхбатында Әзербайжанға хақында.

Сонымен қатар, оның пікірінше, Әзербайжанда жеке секторды несиелеу деңгейі бірнеше жылдық құлдыраудан кейін тұрақталғанымен, банктердің қаржы секторын қолдайтын жағдайы әлі де нашар күйде қалып отыр.

"Ал, Қазақстанға келсек, мұнда да банктерге кіріс әкелетін жобалар қамтамасыз етіліп, жергілікті үкімет экономиканы әртараптандыратын саясат жасақтап, жеке сектор өсімнің локомотивіне айналатынына сенім нығаюға тиіс.Қазақ банктеріне бизнестің жаңа моделі қажет", – дейді Кахконен.

Дегенмен ХФҚ өкілдері Арменияда жүргізіліп жатқан реформаларды мақтап отыр. Өйткені бұл постсоветтік республиканың экономикасы ең жылдам өсіп жатыр. Грузия болса, бизнеске қолайлы климат жасағаны үшін қордың жоғары бағасына ие болды.

Тәжікстан – Кавказ бен Орталық Азия аймағындағы ең кедей ел. Халықаралық валюта қоры бұл мемлекеттегі бағдарламасын тоқтатуға мәжбүр. Себебі жергілікті билік банк секторын реформалауға, икемді валюта бағамын енгізуге және қаржы саласында сақтық шараларын қабылдауға дайын емес болып шыққан.

Кахконенге жүгінсек, өзбек экономикасындағы реформалар – позитивті дамудың нышаны. Егер сол реформалар нықтала түссе, бұл елге қызығушылық мейлінше өседі деген үміт зор.

"Бірақ оған дейін алда ұзақ жол жатыр", – дейді Халықаралық валюта қорының Таяу Шығыс және Орталық Азия департаменті директорының орынбасары.

Арыс Әділбекұлы 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу