1 тамыздан бері реттеуші банк секторы активтерінің сапасын бағалауға (Asset Quality Review-AQR) кірісті. Бұл тізімге банк саласының 87%-ын құрайтын 14 ірі банк кірді. Жыл соңында аяқталатын бағалау Еуропа Орталық банкінің әдістемесі мен халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізіледі.
Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың айтуынша, 2020 жылдың ақпан айында банктердің жеке іс жоспары бекітіледі.
"Активтер сапасын бағалау желтоқсан айында аяқталады. Ал 2020 жылдың ақпанында банктермен бірлесе отырып жеке жоспарларын бекітеміз. Жасалып жатқан шаралар нәтижесінде банктік жүйені нығайтып, инвесторлардың сенімін арттыру көзделіп отыр", – деді Ұлттық банк төрағасы.
Экономист Нұржан Зиябековтің айтуынша, Asset Quality Review нәтижесі банк секторындағы көптеген мәселені айқындауы мүмкін.
"Бұл тексеріс несие портфелінің деңгейінен бастап, банк жүйесінің жалпы экономикаға әсерін анықтауы мүмкін. Тіпті 2007 жылғы әлемдік дағдарыстан қандай қорытынды шығарғанымызды көрсетеді. Экономикадағы мәселелерді алдын ала шешпейміз. Уақыты келгенде салдарымен күресеміз. Бұл жолғы бағалау осының салдарын көрсетуі керек", – дейді сарапшы.
Алайда сарапшы бағалау ашық жүргізілгені дұрыс екенін ескертті.
"Әзірге Ұлттық банк сайтында қандай әдіспен жүргізілетіні жарияланғаны болмаса, бағалау негізінен жабық жүргізіліп жатыр", – деді экономист.
Қазақстандағы AQR туралы халықаралық агенттіктер де пікір білдірді.
Moody's сарапшыларының зерттеуінше, AQR өткізгеннен кейін, қазақстандық банктерге 400-600 млрд теңге қажет болуы мүмкін. Ал банктердің мұндай қаражатты өздігінен табуы мүмкіндігі бар. Алайда оған ұзақ жылдар керек. Сондықтан мемлекет банктерді сауықтыру шарасын қабылдап, ірі банктерге көмектесуі мүмкін.
Moody’s-тің қазақстандық банктер бойынша аға сарапшысы Владлен Кузнецов тексеріс аяқталған соң, мемлекеттік қолдау қажет болуы мүмкін екенін айтады.
"Мемлекет тарапынан шаралар қабылданатынын жоққа шығармаймын. Өйткені Ұлттық банк проблемалық кредиттер мен жетпейтін капитал көлемін жариялап қоя салмайды. Жағдайды өзгерту үшін қаржылай қолдау көрсетуі мүмкін. Саланы сауықтыру бағдарламасы да жасалатын шығар", – деді.
Fitch сарапшылары да мұны растайды. Олардың зерттеуінше, AQR банктердің қосымша проблемалық несиелерін анықтап, қаржыландыруды қажет етеді.
Ал S&P Global Ratings болжамы бойынша, активтер сапасын бағалаудан кейін, банктерге 1 трлн теңге қор жинау керек болады.
Сонымен қатар қазақстандық сарапшылар қанша қаражат керектігі желтоқсанға қарай белгілі болатынын айтты.
Ал экономист Нұржан Зиябековтің пікірінше, банктерді қаржылай қолдауды тоқтату керек.
"Коммерциялық банктің даму жоспарын талқылау қажет. Банк жүйесін ашық ету маңызды. Кез келген адам қаржы ұйымдарына қатысты ақпаратты білуі керек", – дейді сарапшы.
Ерболат Досаев банктердің жеке даму жоспары талқыланып, бекітілетінін айтқанымен де ол ашық бола ма, әлде жабық жүзеге аса ма тағы белгісіз.
Естеріңізге сала кетсек, банктердің активтерінің сапасын бағалау тендерін Oliver Wyman халықаралық консалтингтік компаниясы жеңіп алған. Қазіргі кезде бағалау жұмыстары жүргізілуде. Оған елдегі ірі 14 банк таңдап алынған. Қалған 14 банк бұл тізімде жоқ.
Айта кетейік, AQR банк секторының тұрақтылығын кешенді бағалауға бағытталған қалыпты тәжірибе. Еуропада кейбір банктердің активтерін бағалау жыл сайын жүргізіледі. Оның ең ауқымдысы 2014 жылы ұйымдастырылып, 130 банк тексерілген. Осының нәтижесінде 25 банкке 24,6 млрд еуро жетпейтіні анықталған. Бұдан кейін қаржы ұйымдары екі апта ішінде қосымша қаржыландыру жоспарын ұсынып, капиталдарын толықтырды.
Қазақстанға жақын елдерден Беларусь пен Украинаның банктерінің активтерін түгендеп шыққан. Беларусьте тоғыз банктің активі тексеріліп, үш банктің капиталы жетіспейтіні белгілі болды. Украинада 56 банктің төртеуіне қаржыландыру керек екені анықталған. Бұл қаржы институттарының барлығы бір жылға жетпейтін уақытта айтылған олқылықтың орнын толтырған.
Құралай Құдайберген