"Қант салығы" салынса...

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
17099

Қазына қаржысы еселеніп, ұлт денсаулығы дұрысталады.  

"Қант салығы" салынса...

Алкогольсіз сусын және шырын өндірушілер қауымдастығы денсаулық сақтау саласы өкілдерінің уәжімен келіспейді. Себебі...

Осыдан 2 жыл бұрын денсаулық сақтау министрлігі үкіметке құрамында қант, тұз және транс майы көп тағам жарнамасының көрсетіліміне таңғы 7:00-ден кешкі 22:00-ге дейін шектеу қоюды ұсынды. Бұл үшін "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекс пен "Жарнама туралы" заңға өзгеріс енгізу қажет екенін алға тартты.

Министрлік жарнама нарығы ұлт саулығына кері әсерін тигізіп жатқанын жариялап, зиянды тағам адам ағзасында түрлі аурулардың асқынуына түрткі болатынын жеткізді. Ал екінші тарап министрліктің ұсынысы мақұлданса, жарнама нарығы тығырыққа тіреледі деп дабыл қақты.

"Үкімет денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысын құптаса, жарнама нарығы 10-20% табысынан айырылады. Салдарынан бюджетке салықтан түсетін түсім қысқарады. Өнім өндірушілер мен оны таратушылар жарнама жасаудың басқа жолын іздей бастайды. Жарнамаға қойылған тосқауыл ұлт саулығына кепіл бола алмайды", – деді CEO Select communication group компаниясының өкілі Виктор Елисеев.

Қоғамдық талқылауда денсаулық сақтау министрлігінің бастамасы қолдау таппады. Осылайша мәселе күн тәртібінен түсіп қалды.

Былтыр ұлттық экономика министрлігі бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі үкіметке ұсыныс жасағанын еске салып, құрамында қант, тұз және транс майы көп тағам өндірушілерге салық салу мәселесін көтерді. Алайда салықты кім, қанша, нақты қандай тағам түрлері үшін төлейтінін нақтылаған жоқ.

Биыл мәселе қайта қозғалды. Дүниежүзілік банктің денсаулық сақтау саласы бойынша сарапшылары мен еліміздің денсаулық сақтау саласының өкілдері Қазақстандағы қанты бар сусындарға салық салу мәселесін талқылады.

Басқосу барысында соңғы 5 жылда әлемнің 30-дан астам елі құрамында қанты бар сусындарға салық енгізгені мәлімделді.

"Салықтың дәл осы түрі ел экономикасы мен оның азаматтарының денсаулығына оң әсер етеді. Құрамында қанты бар сусындарды аз тұтынған адамдар түрлі аурулардан ада болады. Ал салықтан түcкен ақша қазына қаржысын толтырады. Қант салығы енгізілсе, 2022 жылға қарай Қазақстанның бюджетіне шамамен 182 млрд теңге түседі", – деді дүниежүзілік банктің  денсаулық сақтау саласы бойынша аға маманы Кейт Мандевилл.

Оның сөзінше, құрамында қанты бар сусын өндірушілерді өнімдерінің жапсырмаларына қант мөлшерін нақтылап жазуға міндеттеу керек.

"Біздің зерттеуімізше, Қазақстанда құрамында қанты бар сусындарға, оның ішінде энергетикалық сусындарға сұраныс жыл сайын өсіп келеді. Осы сусындарды өндірушілерге салық салынса, олар өнімдерінің бағасын өсіреді.

Баға қымбаттаған кезде тұтынушы бұған дейін пайдаланған өнімінен бас тартады. Есесіне, денсаулығы мен ақшасын сақтап қалады", – деді шетелдік маман.

ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің ешқайсысында құрамында қанты көп сусындарға салық салынбайды екен. Бұл туралы дүниежүзілік банктің салық моделі жөніндегі кеңесшісі Альберто Гонима: "Құрамында қанты бар сусындарға салық салса, Қазақстан ТМД аумағындағы осы істі жүзеге асырған алғашқы ел атанады. Қазір Қазақстанда импорттық баж салығы 4%-ды құрайды. Өзге елдерде табак және алкоголь өнімдеріне салынатын салық бар. Ал ЕАЭО-ның бірде-бір елінде құрамында қанты бар сусындарға салық қарастырылмаған", – деді.

Ол сусынның әр литріне 35 теңге салық салуды ұсынды.

"Салық биыл енгізілсе, 2021-2022 жылдар аралығында инфляция мен ЖІӨ өсіміне қарай көбейіп, 50 теңгеге жетеді", – деді Альберто Гонима.

Айта кетейік, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен 2016 жылдың қазан айында Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы алкогольсіз сусындарға қант салығын енгізу бастамасын қолдады. Сол-ақ екен Ұлыбритания қолданысқа "қант салығын" енгізді. Осылайша Британ үкіметі жастар арасындағы семіздік дертіне тосқауыл қойды.

Денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық денсаулық сақтау саясаты департамені директорының орынбасары Зауре Ахметованың айтуынша, дұрыс тамақтанбаудың салдарынан Қазақстан халқының 33,3% артық салмақтан зардап шегеді.

"Мектеп оқушылары газдалған сусындарды тым көп тұтынады. Салдарынан 8-9 жастағы балалардың 20%-ы артық салмақтан, 3,2%-ы семіздіктен зардап шегіп отыр. Осының алдын алу үшін мектептерде газдалған сусынсатуға шектеу қойылды. Егер құрамында қанты көп сусындарға салық салынатын болса, өскелең ұрпақтың денсаулығына төнген қауіпті азайтар едік", – деді департамент директорының орынбасары.

Алкогольсіз сусын және шырын өндірушілер қауымдастығының өкілдері бұл уәжбен келіспейді. Олардың сөзінше, құрамында қанты көп сусындарға салық салынса, ел азаматтарының денсаулығы жақсарып кетеді деген сөз бекер. Дәл осы салық салынса, сауда көлемі 3-5%-ға қысқарып, өндірушілер шығынға ұшырайды, ал отандық нарықты импорт жаулайды.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу