Қазақ тіліне бөлінген қаражат азайтылды

2938

Бірақ биыл мемлекеттік тілді білетіндер үлесі 90,5% жетуге тиіс.  

Қазақ тіліне бөлінген қаражат азайтылды

Мәдениет және спорт министрлігі ашық бюджет саясаты аясында "Мемлекеттік тілді және Қазақстан халқының басқа да тілдерін дамыту" бюджеттік бағдарламасының егжей-тегжейін жария етті. Биылғысында көңілсіз жайттар бар.

Бұл секторға жауапты тұлға ретінде мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов бекітілгені айтылған. Бағдарлама мемлекеттік тілді оқыту курстарын өткізуге жұмсалатын шығындарды, қазақ әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңмен ауыстыру шараларын жүзеге асыруды да қамтиды.

Айтқандай, бұрын бекітілген латын әліпбиінің қолданысын қазіргі Президент тоқтатқан болатын. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың түсіндіруінше, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, латын графикасы негізіндегі қазақ тілінің жаңа әліпбиі қайта қаралуда: оны ары қарай жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тиісінше, қазақ тілін латын жазуына көшіру жұмыстары уақытша доғарылды.

2020 жылғы 14 ақпанда тіл білімі ғалымдары жиналып, алфавит бойынша келіп түскен жаңа ұсыныстарды талғыға салған екен. Мұндай ашық талқылау барлық өңірде өтіпті. Себебі, әр әріптің жазылуына қатысты түрлі жаңа ұсыныстар көп түсуде. Содан кейін 20 ақпанда 4 жұмыс тобының, яғни орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық және техникалық сүйемелдеу топтарының кеңейтілген отырысы өткізіліпті. Барлық топтың келесі құрылтайы карантин қарсаңында, 13 наурызда ұйымдастырылуға тиіс болатын. Пандемиямен күрес аясында енгізілген төтенше жағдай және шектеу шаралары бұл істі біраз тежеді.

Тіл мамандарының айтуынша, қазіргі кезде с, ц, ч секілді барынша көп дау тудырған дыбыс-әріптердің "тағдыры" шешілуде. Әлгі топтар енді өзара ақылдаса келе, әліпби жобасының ақырғы нұсқасына тоқтап, оны Үкімет жанындағы қазақ тілін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия назарына ұсынуға тиісті.  

Тілді дамыту тек әліпбиден құралмайды. Сонда бюджеттік қаражаттар басқа қандай қайтарым береді деп жоспарланған?

"Латын графикасындағы әліпбиді пайдаланатын жазбаша коммуникация қатысушыларының үлесі 2022 жылы – 10%-ға жетеді. Қазақстанда мемлекеттік тілді меңгерген халықтың үлесі 2020 жылы 90,5% дейін өседі, 2021 жылы – 91%, 2022 жылы 92% құрайды. Мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақ тіліндегі контенттің үлесі 2020 жылы – 74%, 2021 жылы – 75%, 2022 жылы – 76% болады. Үш тілді (қазақ, орыс және ағылшын тілдерін) меңгерген халықтың үлесі 2020 жылы – 26%-ға, 2021 жылы – 27%-ға, 2022 жылы – 28%-ға жетеді", – деп хабарлады министрлік.

Бағдарлама бойынша былтыр қазақ және өзге тілдерді дамытуға жалпы сомасы 933,6 миллион теңге жұмсалыпты. Биылғы 2020 жылы бұл сома елеулі түрде, 719,4 миллион теңгеге дейін азайған екен. Дегенмен, мүмкіндік болса, келесі жылы сома 1 млрд 41,2 млн теңгеге дейін ұлғайтылмақ. Бірақ одан кейін – 2022 және 2023 жылдары жыл сайын 850 миллион 671 мың теңгеден ғана бөліп отыру жоспарланған.

Осы қаражат аясында жыл сайын 1200 адам республикалық ұлттық-мәдени бірлестіктердің жексенбiлiк мектептері жанындағы курстарда мемлекеттік және ана тiлде оқытылатын болады.

Үкіметтің мемлекеттік терминологиялық және ономастикалық комиссиясы биыл 10 отырыс өткізуі керек. Биыл жаңа алфавит пен оның ережелерін түсіндіруге бағытталған 120 минуттық видеоблог, мультимедиялық оқыту курсы жасалады.

Келесі жылы тіл туралы 1 анимациялық фильм түсірілетін көрінеді.

Қазақ тілін үйрету бағдарламасы да тек 2021 жылы әзірленетін болды.

Жалпы, пандемия кезінде билік те, басқасы да қазақ тілінің мәселелерін тілге тиек етуді тоқтатты.

Қарағандылық журналист Нар Жаңабек мемлекеттік тілде шығатын ақпарат құралдары кемсітушілік көретінін жасырмайды.

"Қазақ тілді ақпарат құралдарының, қазақ тілді журналистердің құқығы тапталып жатыр. Облыстағы сала басшыларынан, жауапты шенділерден қазақ тілінде жауап не сұхбат ала алмаймыз. Оларды телеарнаға сұхбатқа шақырғанда жүргізіліп жатқан істерді, бағдарламаны білмейтін, тек тілді ғана білетін мамандар келеді де, лайықты жауап бере алмай отырады. Облыс әкімдігі, басқа да меморгандарда ақпарат ең бірінші орыс тілінде жолданады. Салдарынан қазақ тілді ақпараттар кеш тарайды. Кадрларды қызметке алғанда екі тілді білуі талап етілуі керек", – дейді журналист.

Теңіз саласының маманы Арман Сарғұлов та қағажу көргеніне намыстанады.

"Теңіз саласының механигі болып жұмыс істедім. Қазақстанда бұл сектордағы көптеген компания шетелдіктерді, әсіресе, Ресей азаматтарын алғанды жөн көреді. Дәл сондай біліктілігі бар қазақ жігіттері жұмыс таба алмай жүр. Тіпті бір лауазымда қазақстандық пен ресейлік жұмыс істесе, шетелдікке көбірек төлейді. Неге олай? Неге өз елімізде теңдік жоқ?" – деді ол Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовке хатында. Ведомство бұған жауап бермеген екен.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу