Мұнай өндірісінен бюджетке қанша қаражат түседі?

5887

Алдағы 3 жылда экономикамен бірге мемлекеттік борыш та өсе береді.  

Мұнай өндірісінен бюджетке қанша қаражат түседі?

Келесі жылы Қазақстан мұнай өндірісін былғыдан 1,9 млн тоннаға арттырғалы отыр. Осының арқасында Ұлттық қор мен бюджетке 2,5 трлн теңгеден кіріс түсуі мүмкін, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

2022-2024 жылдарға арналған бюджет жобасын оқыған адам ондағы макроэкономикалық көрсеткіштердің оң динамикамен өсетіні туралы болжамдарды көреді. Осыған қарап енді 2-3 жылдың ішінде тірлігіміз қайтадан оңалатын болды деп ойлағың келеді. Дегенмен, олай қуануға әлі ерте. Жалпы ішкі өнім мен жан басына шаққандағы табыстың, мұнай өндірісі мен салықтан түсетін кірістердің өсіп, инфляцияның төмендейтіні туралы жағымды болжамдар айтылғанымен, қарапайым халықтың тұрмыс сапасын анықтайтын жалақының ең төменгі мөлшері деген көрсеткіш (42 500 теңге) өзгеріссіз қалмақ. Ал орташа айлық 2024 жылы небәрі 2,6 пайыз ғана өседі.

Қаржы министрлігінің болжамына сенсек, номиналды жалпы ішкі өнім көлемі 2022 жылғы 87,1 трлн теңге болса, 2026 жылы 119,9 трлн теңгеге (280 млрд доллар) дейін жетуі керек. Шамалап айтсақ, Пәкістан, Чили, Финляндия сияқты елдердің қазіргі көрсеткіші осындай.

       Ең сорақысы, жалпы ішкі өніммен бірге мемлекеттік борыш пен үкіметтің қарызы да жағаласып өсетін түрі бар. 2022 жылы мемлекеттік борыш көлемі 24 трлн 574 млрд теңге деп болжанса, 2024 жылы 32 трлн 757 млрд теңге болатыны айтылған. Үкіметтің борышы 19 трлн 145 млрд теңгеден, 27  трлн 327 млрд теңгеге дейін өсуі мүмкін. Көңілге медеу болар жалғыз болжам – сртқы қарыздың азаюы. 2022 жылы оның мөлшері 8 трлн 068 млрд теңге болса, 2024 жылы 7 трлн 357 млрд теңге болмақ.

Жан басына шаққандағы ЖІӨ 2026 жылы 14,2 мың долларға, 2022 жылы 10,7 мың долларға жетеді деген батыл болжам айтылып отыр.

Халықаралық қаржы ұйымдары 2022-2023 жылдарда мұнай бағасы бір баррель үшін маркасына қарай 64,5-58 доллар болады деген есеп айтады. Алдағы 3 жылдық бюджетті Қазақстан мұнайдың бір барреліне 60 доллар деген есеппен белгілеп түзген.

2023 жылдан бастап Теңіз кен орнында мұнай өндірісінің көлемі артып, жылына 12 млн тонна мұнай қосымша өндіруге жол ашылады. Осының арқасында 2022 жылы мұнай өндіру көлемі 87,9 млн тонна болса,  2026 жылы 107,4 млн тоннаға дейін өседі.

Ұлттық банк жылдық инфляцияның нысаналы дәлізін 2025-2026 жылдары 3-4%-ға дейін төмендетуге дайын. Ал 2022 жылы дәліз 4-6% арасында болмақ.

2022-2024 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы

2022 жылы республикалық бюджет кірісінің 96,9%-ын салық түсімдері қалыптастырады. Оның ішінде қосылған құн салығы (43,9%) мен корпоративтік табыс салығының (28,7%) үлесі басым.

Мұнай емес сектордан түсетін корпоративтік табыс салығы бойынша болжам 2021 жылғыдан 27,8% ұлғайып,  2,5 трлн болады деп есептелген.

Мұнайдан басқа табиғи ресурстарды пайдаланудан түсетін түсімдер 2022 жылы 23% артып, 617,05 млрд теңге болуы мүмкін.

2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджетте Nur-Otan партиясының  сайлаушылар алдындағы әуедесін орындауына  13,5 трлн теңге қарастырылған. Үш жылдық бюджет шығыстарының жалпы жиынтығы 47,52 трлн теңге болады десек,  оның 28,4 пайызы Nur-Otan-ның сайлауалды бағдарламасына шығындалады деген сөз.

Республикалық бюджет шығыстарының жалпы көлемі 2022 жылы – 15 911 187 727 мың теңге, 2023 жылы – 15 623 261 858 мың теңге, 2024 жылы – 16 027 581 647 мың теңге сомасында жоспарланады.

Республикалық бюджет тапшылығы 2022 жылы ЖІӨ-нің 3,3%-ына, 2023 жылы 2,8%-ына және 2024 жылы 2,5%-ына тең болады. Мұны санмен алсақ, тапшылық мөлшері 2022 жылы – 2,9 трлн, 2023 жылы – 2,7 трлн,  2024 жылға – 2,6 трлн  теңгболаы деген сөз.

Қаржы министрлігінің бюджет жобасына қосымша берген түсіндірмесінде бюджет тапшылығын толтырудың мемлекеттік бағалы қағаздарды сатылымға шығару, еурооблигациялар шығару жолымен қарыз алу, сияқты дәстүрлі тәсілмен бірге Ресей рублімен жоғары корреляцияланатын қарыз алу ұсынылған.

2022 жылы Ұлттық қорға мұнай секторындағы ұйымдардан 2,54 трлн теңге түсуі мүмкін. Бұл биылғы болжамды көрсеткіштен 828,8 млрд көп болар еді. Сондай-ақ, аталмыш сектордан тікелей салық пен алым ретінде 2,52 трлн теңге алу көзделіп отыр.  Мұнай өндірісін 2026 жылға дейін біртіндеп 12 млн тоннаға арттыру жоспары кедергісіз іске асса, бұл меженің орындалуы мұнда тұрған мәселе.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу