Он жыл өтті. Жаңаөзеннің жайы қалай?

2667

Zhanaozen – Қазақстанның әлемге ең танымал моноқаласы. Әрине, бұған 2011 жылғы желтоқсандағы оқиға ықпал еткені мәлім. Шетелдік ақпарат құралдары да дүркін-дүркін осы шаһардың ахуалын тілге тиек етіп отырады.  

Он жыл өтті. Жаңаөзеннің жайы қалай?

Тұрмыс жақсарса, тыныштық орнайды

Жаңаөзеннің есебінен кейбір саясаткер, қоғамдық ұйымдар өз ұпайын түгендеп, саяси дивиденд жинауға қымсынбайтынға ұқсайды. Осы аптада "Либерти", Адам құқықтары жөніндегі Бюро, Халықаралық құқықтық бастама және "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық ұйымы ашық мәлімдеме жариялады. Онда олар он жыл бұрынғы Жаңаөзендегі оқиғалар кезінде және содан кейін ұсталғандарға қатысты азаптаулар және адам өлтіру фактілері бойынша объективті тергеу жүргізуді талап етті.

Бұдан популизм иісі аңқиды. Себебі ол істер баяғыда архивке тапсырылғаны мәлім, іс қайта ашылуы үшін жаңа деректер табылуы шарт. Оның үстіне кейбір істер бойынша заңмен белгіленген "қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімі" өтіп кетті.

Еске салсақ, осыдан 10 жыл бұрын Жаңаөзен қаласы мен Шетпе кентінде қанды оқиға болды. Мұнайшылардың көп айға созылған ереуілінен кейін бейберекетсіздік басталып, оны басу үшін полиция қару қолданды. Соның кесірінен 17 адам өліп, 86-дан астам адам жараланған. Құқық қорғау ұйымдары бұл қатарға қақтығыс кезінде жазым болған өзге адамдардың аты енбей қалғанын айтып жүр.

Содан кейінгі жылдары да жауынгер жаңаөзендіктер бірнеше рет "ереуіл атқа ер салды". Мысалы, биылғы жылы қалада "Кезби" компаниясының 600 жұмысшысы бірнеше күнге созылған ереуіл өткізді. Басқа да оқиғалар болды.

Бірақ бұқараға керегі бүлік емес, бейбіт те бақуатты өмір болса керек. Мұны ел Үкіметі, жергілікті билік қаншалықты қамтамасыз ете алды?

Ranking сарапшыларының дерегінше, соңғы 10 жылда Жаңаөзен экономикасына 373,4 миллиард теңге инвестицияланыпты. Салыстыру үшін айтсақ, бүкіл Маңғыстау облысына құйылған инвестицияның 10 пайыздайы (9,7%) жалғыз Жаңаөзеннің еншісінде. Бір жыл бұрынғы үлесі 8,1% болатын. Яғни серпінді өсу жалғасуда.

Шенеуніктер "инвестиция тыныштыққа айырбасталады" қағидатын ұстанатын болса керек, шаһар инфрақұрылымына, өндіріс орындарын қаржыны аяусыз құюда. 2021 жылғы қаңтар-қазан айларында Жаңаөзеннің негізгі капиталына 45,9 миллиард теңге салынған. Бұл бір жыл бұрынғыдан 26,8%-ға көп.

"Бірақ ол қаржы қаншалықты ұтымды жұмсалуда?" деген сауал туады.

Биылғы инвестициялардың басым көпшілігі – 59,8%-ы немесе 27,5 млрд теңгесі өнеркәсіпті дамытуға бағытталды. Мұның қисыны мынадай, өндіріс дамыса, жұмыс орындары болады, жұмыс болса, елге табыс кіреді. Табысты адам елдегі тыныштыққа жақ. Қаладағы инвестициялық тартымды салалар қатарында – тау-кен өндірісі (жыл басынан бері 24 млрд теңге), жылжымайтын мүлік (9,5 млрд теңге), денсаулық сақтау және әлеуметтік сала (6 млрд), өңдеу өнеркәсібі (2,5 млрд теңге) бар.

Әділін айту керек, кейінгі онжылдықта қала көрінісі мен кейпі өзгерді, ажары кірді. Жаңаөзенде заманауи көпқабатты жаңа үйлер, жаңа шағынаудандар пайда болды. Субұрқақтар, "әнші фонтан" жасалған.

Қала жазда жасыл желекке бөленеді. Абаттандыруға мән берілетіні байқалады.

Қазір онда екі түрлі әлем қоңсы қонғандай сезім қалыптасады. Себебі Жаңаөзеннің ескі бөлігі елу жыл бұрын, кеңес кезінде салынған, түсі суық, сұр түсті көппәтерлі үйлерге толы. Жергілікті тұрғындар ұзын-сонар балкондарының бөлінбей, өзара тұтасып, ортақ болуына орай "галерея" атап кеткен бұл ескі үйлерде пәтерлердің үштен бірі босап қалған, тұрғындары тастап, көшіп кеткен. Бірақ қалалықтардың мойындауынша, бұл жақтағы жаңаөзендіктер өзара тату тұрады, қонақжай. Тіпті есіктерін де құлыптамай, ашық тастайды. Бірін-бірі таниды. Көшеде кездесе қалса, шүйіркелесе кетеді.

Ал қаланың орталығында, жаңа шағынаудандарда жағдай өзгеше. Тұрғындар бір-бірімен араласа бермейді. Біразы өзге қаладан келген қазақстандықтар. Экспаттар да бар. Дегенмен онда пәтер бағасы 2-3 есе қымбат. Мұнда тұру бедел саналады. Асхат есімді оқушының айтуынша, ол аумақта "айына 600 мың теңгеден жоғары жалақы алатындар тұрады".

Ресми статистика бойынша, Жаңаөзенде жұмысшылардың орташа айлық жалақысы 2021 жылдың ІІІ тоқсанында 15,6%-ға өсіп, 505 мың теңгені құрапты. Қаладағы нақты жалақының өсімі 5,5% болды. Бұл республика бойынша орташа жалақы өсімінен айтарлықтай жоғары.

Ең көп жалақыны қалада мұнай және тау-кен өндірісі жұмыскерлері алатын көрінеді. Айлығы орта есеппен 825,8 мың теңге, былтырдан 17,4%-ға өсіпті.

Әйтсе де, қаланың барлық бөлігіне тән басты проблема – су тапшылығы. Су көбіне бірнеше сағатқа ғана беріледі. Жұрт бақша суаратын көктем, жаз кезінде, кейбір күндері мүлдем болмай қалады екен.  

Бұл ретте Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев "Астрахан-Маңғыстау" магистралды су құбырын жаңғыртуға және Кендірліде су тұщыту зауытын салуға тапсырма берді. Облыс әкімдігінің дерегінше, осы зауыттың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. Құны 87 млрд теңге тұратын зауыт тәулігіне 50 мың текше метр су тұщытпақ. Кәсіпорын іске қосылғанда Жаңаөзен қаласы тұрғындарын таза ауыз сумен қамтып, қаланың тіршілік нәріне деген сұранысын толық өтеуге тиіс.

Тағы бір ортақ мәселе – жолдардың нашар күйі. Жақсы жағдайдағы, асфальтты жолдар аз.

Үкімет Жаңаөзен мәселелерін қалай шешеді?

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың мәліметінше, қалада құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласына заманауи технологиялар енгізілуде, бейнебақылау жүйелері кеңейтілуде. Жаңаөзен, елдегі басқа 5 шағын қалада, сондай-ақ барлық облыс орталықтарында бүгінде полицияның кешенді күштерін басқаруды, көшелердегі және басқа да қоғамдық орындардағы құқық тәртібінің жай-күйіне мониторингті, сондай-ақ жасалған құқық бұзушылықтарға жедел ден қоюды қамтамасыз ететін жедел басқару орталықтары жұмыс істейді. Олардың көмегімен жалпы алғанда, биылғы 9 айда 6 599 қылмыс ашылып, 760 мың әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің айтуынша, бұл қалада ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Жаңаөзенде заманауи газ өңдеу зауытын салу жоспарлануда. "Жаңаөзен-Ақтау" газ құбырының магистральдық газ құбыры және "Бейнеу-Жаңаөзен" магистральдық газ құбырының екінші тармағы салынады.

Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиевтің дерегінше, Маңғыстау облысында жалпы сомасы 266,6 млрд теңгеге газ инфрақұрылымының 7 жобасын іске асыру жоспарланған. Оның ішіндегі ірілері – Жаңаөзеннің еншісінде. Нақтылай кетсек, "Бейнеу-Жаңаөзен" учаскесінің 1-тармағын күрделі жөндеу, "Бейнеу-Жаңаөзен" учаскесінің 2-тармағын салу, "Жаңаөзен-Ақтау" магистральдық газ құбырын күрделі жөндеу жобалары қолға алынуда. Осының арқасында қала толықтай дерлік газдандырылуға тиіс.

Жаңаөзенде "Қазақ газ өңдеу зауыты" ЖШС орналасқан, ол республикамыздың үлкен бөлігін тұрмыстық сұйытылған газбен, балондағы газбен жабдықтап отыр. Ол облысты құрғақ бензин газымен және пеш отынымен, қала кәсіпорындарын – техникалық оттегімен қамтиды. Мемлекет бұл кәсіпорынды жаңғыртпақ.

"Жұмыс істеп тұрған "Қазақ газ өңдеу зауытының" тозу деңгейі өте жоғары. Жоспар бойынша жаңа газ өңдеу зауыты салынады. Бұл зауыт әлемдік стандарттарға сәйкес жобаланған және жылына 900 млн текше метр көлемінде шикі газды қайта өңдейтін болады", – деді Энергетика министрі М. Мырзағалиев.

Қала даму жолына түскелі тұрғындарының саны артуда. 2021 жылғы қарашада Жаңаөзен халқының саны 158,8 мыңға жеткен. Яғни он жыл бұрынғыдан, 2011 жылғы қарашадан бері 30,5%-ға көбейді.

Маңызды бір жайт, Жаңаөзен қаласы дотацияға көп тәуелді емес қала саналады. 2021 жылғы бюджеті 13 млрд 688,4 млн теңгені құрады. Соның 10 млрд 457,7 млн теңгесін – салықтық түсімдер түрінде, 139 млн теңгені – салықтық емес түсімдер түрінде өзі тапты. Бұдан бөлек, негізгі капиталды сатудан 300 млн теңгедей түсім түсірген. Нәтижесінде, 2 млрд теңгедей ғана трансферт алды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу