Бюджет ашықтығы елге не береді?

18142

Дөңгелек үстелде сарапшылар мен мемлекеттік орган өкілдері бас қосты.  

Бюджет ашықтығы елге не береді?

"Қазақстан бюджетінің жариялығы, ашықтығы мен теңдестірімдігін арттыру" тақырыбында өткен TALAP.Talks дөңгелек үстелінде "TALAP" қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев елімізге танымал сарапшылар мен мемлекеттік орган өкілдерінің басын қосты.

Онлайн өткен дөңгелек үстел барысында ел бюджетінің тұрақтылығы мен қазіргі дағдарысқа төтеп беру қауқары және бюджеттік саясаттың жариялығы мен ашықтығын арттыру мәселесі сөз болды.

"Zertteu Research Institute" қоғамдық қорының басшысы Шолпан Айтенова бюджеттің жариялы болуының пайдасы мен мемлекеттік басқаруды жетілдіру жолдарына тоқталып өтті.

"Бюджет ашықтығы әлемдік индексте еліміздің рейтингін ғана көтеріп қоймайды, сондай-ақ ол мемлекет қаржысын басқаруды жақсартуға әсер етеді. Ашық бюджет мемлекет қаражатының орынды жұмсалуын бақылауға мүмкіндік береді. Тағы бір маңызды нәрсе – сенім мәселесі. Еліміздің азаматтары бюджеттің қалыптасуын, бөлінуін, қандай мақсатқа қанша ақша жұмсалғанын көріп-біліп отырса, осындай қиын-қыстау уақытта мемлекет өз міндетін дұрыс атқарып, халқын қорғай алатынына елдің сенімі арта түседі. Үшіншіден, мемлекеттік басқарудың тиімділігі артады. Бюджеттің ашықтығы мен жариялығы еліміздің халықаралық рейтингте қай орында тұрғанын басқаларға айту үшін емес, транзакциялық шығындарды азайту үшін керек. Ақпараттың барлығы қол жетімді болса, мемлекеттік органдардан әр түрлі ақпараттар сұрау мен оларды өңдеуге қажеттілік болмайды", – деді ол.

Сондай-ақ қоғам белсендісі қаржы министрлігіне Ұлттық қор мен квазимемлекеттік сектордың ашықтығын арттыруға көңіл бөлуді ұсынды.

"Ұлттық қор 2001 жылдан бері қызмет етіп келеді. Бүгінгі күні қор өз сайтын жасап, қаражаттың жұмсалуы жайлы толық ақпарат беретін кезі келді. Біздің Ұлттық қор Норвегиялық үлгіде жасалған. Норвегияның сайтын үлгі етіп алуға болады деп ойлаймын. Ол сайтта шынайы уақыт режимінде барлық инвестициялық ағымдарды бақылап отыруға мүмкіндік бар. Сарапшы ретінде Ұлттық қорда өзгерістер болғанын білеміз. Дегенмен ішінде не болып жатқанын, халыққа қандай табыс беріп отырғанын, неліктен тап қазір Ұлттық қор қаражатын пайдалана алмайтымызды білу өте маңызды. Ол үшін қордың жеке сайты болуы керек. Екінші ұсынысым – квазимемлекеттік сектор ұйымдарының есептемелерін машина оқи алатын құжат түрінде беру керек. Қазір 7 мың квазимемлекеттік ұйым бар. Олар PDF форматында есеп береді. Тексеруші ұйым үшін ондай құжаттарды тексеру өте қиын. Егер құжаттар машина оқи алатын форматта болса, оларды тексеру әлдеқайда жеңілдер еді", – деген Шолпан Айтенова ашық бюджет порталдарындағы есептемелер әркімге түсінікті болуы тиіс екенін де еске салды.

Дөңгелек үстел қатысушысы, Қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаев бюджеттік үдерістерді автоматтандыру мен бюджет жариялығын қамтамасыз ету туралы баяндады.

"Бюджет ашықтығы индекстер үшін ғана керек емес екенін түсінеміз. Индекстер арқылы атқарылған жұмыстың нәтижесін көреміз, өлшейміз және даму бағытымызды жоспарлаймыз. Бүгінгі таңда бюджеттік үдерістерді автоматтандыруды қолға алдық. Қазір бюджеттік жоспарлауды автоматтандырып, цифрлап жатырмыз. Биыл және келесі жылы мемлекеттік қаржыны басқарудың барлық үдерісін цифрландырамыз. Әрине негізгі мақсатымыз мемлекеттік жопарлауды тиімді, ашық әрі жариялы ету", – дей отырып, вице-министр бюджетті жоспарлау үдерісі оңтайланғанын және бюджет ашықтығын қамтамасыз ету үшін бірқатар шара жүзеге асқанын да айтып өтті. Оның сөзінше, 1-2 жыл ішінде мемлекеттік бюджет саласы толық цифрланады. Сонымен қатар, Руслан Еңсебаев деректерді машина оқи алатын құжат түрінде беру туралы талдау жасап, осы мәселемен айналысатынын білдірді.

Жиналыс кезінде "TALAP" қолданбалы зерттеулер орталығы openbudget.kz жұмысымен таныстырды. Порталда бюджет жүйесіне қатысты мәліметтер, деректер және аналитикалық ақпараттар беріледі. Портал қызметкері тыңдаушыларға еліміздің қазіргі дағдарысқа шыдамдылығы жайлы мағлұмат берді.

"Мұнай бағасы барреліне 60 доллардан 20 долларға дейін түскенін білесіздер. Баға аздап көтерілуі мүмкін, бірақ бұрынғыдай болмайды. Үкімет дағдарысқа байланысты бюджеттік параметрді анықтады. Атап айтар болсақ, мұнайдан емес сектордың салықтарынан түсетін кірістер де азаяды. Егер мұнай  бағасы тұрақты түрде барреліне 20 доллар деңгейінде қалып, 2020 жылға жоспарланған шығындар сақталар болса, мемлекеттік бюджет тапшылығы 3 трлн теңгеге дейін өсуі мүмкін. Ал Ұлттық қор мемлекеттік міндеттемелердің орындалуының кепілі бола алады. Мұнай бағасы барреліне 20-30 доллар деңгейінде қалса, Ұлттық қордың қазіргі активтері мемлекеттік бюджет кірістерінің тапшылығын 6-8 жыл бойы жабуға жеткілікті. Біздің бюджетінің қазіргі дағдарысқа беріктігі Ресеймен салыстырғанда 3,5 есе артық. Қазір Ұлттық қорда 57,5 млрд доллар жиналған болса, Ресейдің әл-ауқат қорында 123 млрд доллар бар. Яғни жан басына шаққанда әр қазақстандық үшін 3000 доллар, ал Ресейде 800 доллар. Демек біздің дағдарысқа төтеп беру мүмкіндігіміз мол", – деп сөзін ақтады қаржы маманы.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу