Дүниежүзілік банк: Қазақстан экономикасының инвестициясы кеміп, қарызы көбейіп келеді

2781

Халықаралық институт Үкіметке Kazakh Invest компаниясының өкілетін қайта қарауды ұсынып отыр.

Дүниежүзілік банк: Қазақстан экономикасының инвестициясы кеміп, қарызы көбейіп келеді

"COVID-19 дағдарысы: Бетбұрыс кезең". Дүниежүзілік банк сарапшылары Қазақстанның 2021 жылдың 6 айындағы экономикасы туралы баяндамаға осындай тақырып қойыпты, деп хабарлайды Inbusines.kz тілшісі.

Жарты жылдың ішінде Қазақстан экономикасында біртіндеп өсім байқалғанымен, коронадағдарыс басталғанға дейінгі көрсеткішке жету әлі де мүмкін болмай тұр. Пандемия ел экономикасының шикізат өндірісіне қаншалықты кіріптар екенін бар қырынан көрсетіп отыр. Жылдың екінші тоқсанында шектеулер бәсеңдеп, алыс-беріс көбейгеннің арқасында ғана мұнай бағасы өсіп, сауда балансында экспорттың үлесі сәл де болса артқан.

Аграрлық сала үмітті ақтамады

Дүниежүзілік банк өкілдері Қазақстан экономикасында негізгі көрсеткіштердің бәрі оң динамика көрсете бастағанымен, инвестиця тым мардымсыз келіп жатқанына алаңдайды.  

"Тікелей шетелдік инвестицияны көбейту үшін инвестициялық климатты жақсарту керек", –делінген баяндамада.

Баяндама авторлары Қазақстанның өз ішінде көп айтыла бермейтін мәселенің бетін ептеп ашады.

"Елдің кіріс шоты Қазақстан мен бірнеше халықаралық мұнай компанияларының арасындағы Қарашығанақ кен орнынан түсетін кірісті бөлісу дауы реттелгеннен кейін қалыпты деңгейге қайтуы керек", –деп жазады Дүниежүзілік банк сарапшылары.

Былтыр алғашқы жартыжылдықта Қазақстан 1,6 млрд долларға ферроқорытпа, қара металл, темір кені, тазартылған мыс, өңделмеген мырыш пен алюминий экспорттаса, биылғы 6 айда оның көлемі 3,4 млрд долларға өскен.    

"Қазақстан әлемде азық-түлікке деген сұраныстың қатты өскенін тиімді пайдалана алады. Бірақ ол үшін ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыру керек. Демек, бұл салаға да инвестиция тартпаса болмайды. Бірақ ол инвесторлардан экологиялық тұрақтылық стандарттары талап етілуі керек. Сондай-ақ, саладағы жабдықтау мәселесіне реттеу қажет", –деп жазылған баяндамада.

2019 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстан экономикасына шетелден 3 млрд тікелей инвестиция тартылған. Ал былтырғы жарты жылдықта ол 1,8 млрд долларға азайған. Биыл одан да түсіп, 388 млн доллар ғана болып отыр. Дүниежүзілік банк сарапшылары мұны Ресей мен Еуропада коронавирустың жаңа толқындары қайта-қайта қылаң беруімен байланыстырады.

Дүниежүзілік банк қазақстандық банктер коронадағдарыстан әупірімдеп өткенімен, пандемиға дейін реттелмеген олқылықтардың ауыртпалығы бұрынғыдан еселеп салмақ салуы мүмкін екенін болжайды.

Стрестік активтер

"Жүйедегі стрестік активтердің деңгейін шын мәнінде әлдақайда үлкен болуы мүмкін. Ресми мәлімет бойынша, 2021 жылдың сәуірінде оның көлемі 7,1 пайызға ұлғайған болатын. Несие кепілдіктері, тексеру мораторилері, жеңілдетілген несие сияқты шаралар локдаун кезінде компанияларды құрдымнан құтқарды. Алайда, жұмыс істемейтін кредиттердің нақты мөлшері жұмыс істемейтін кредиттерді тану және кредиттік тәуекелдерді резервтеу ісіндегі нормативтік-құқықтық олқылықтардың кесірінен жаңсақ есептелген болуы мүмкін. Нақты деңгей мәжбүрлеу шараларын қолданудан бас тартуды толығымен тоқтатқаннан кейін қазіргіден де артуы мүмкін", –делінген құжатта.

Дүниежүзілік банк ел Үкіметінің салық-бюджет саясаты экономиканы ынталаныруға бағытталғанымен, мемлекеттік борышты көбейтіп жатқанына назар аударған.

Бірінші тоқсанда мемлекеттік бюджеттің тапшылығы жалпы ішкі өнімнің 4 пайызына жеткен. 2020 жылдың бірінші тоқсанында ол 0,2 пайыз ғана болатын.

Бюджет шығыстары бірінші тоқсанда ЖІӨ-нің 24,1 пайызына жеткен. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 21,4 пайыз болатын. Ал мемлекеттің борыштың ЖІӨ-ге қатынасы 26,2 пайызға жетіп отыр.

"Сәуір айында COVID-19 пандемиясына байланысты шараларға шығындарды көбейту үшін  2021 жылға арналған қосымша бюджет қабылданды. Бұл шығындар әсіресе дәрігерлерді ынталандыру, әлі де болса шектеуден зардап шегіп жатқан шағын және орта бизнес өкілдерін қолдау, табысынан айырылғандарды қайта даярлау, көлік және инфрақұрылымдық даму мәселелеріне бағытталған.

Бюджеттің кіріс бөлігі 2020 жылы ЖІӨ-нің  20,5 пайызына тең болатын. Биыл 21,2 пайызына өсетін түрі бар. Соған қарамастан, бюджет шығыстары 2020 жылғы деңгейде, ЖІӨ-нің 23,6 пайызы мөлшерінде  қалады.  

Жаңа бюджеттік шаралар Ұлттық қор трансферттерінен, кірістер мен ішкі қарызды ұлғайту есебінен өтелмекші. Бұған дейін  Үкімет Ұлттық қордан 8,7 млрд доллар (ЖІӨ-нің 4,9 пайызы) алса, соның үстіне қосымша 2 млрд доллар (ЖІӨ-нің 1,1 пайызы)  тағы алмақшы", –деп жазады Дүниежүзілік банк мамандары.

Квазимемлекеттік үстемдік

Банк сарапшылары Қазақстанның квазимемлекеттік компанияларының жеке сектормен ұялмастан бәсекеге түсуі экономиканың өсімін тежеп жатқанын ескертіп отыр.

"Мемлекеттік сатып алу саласында қолдан жасалған кедергілер бар. Бағаны бақылау деген желеумен бәсекеге тосқауыл қою байқалады.  Келісімшарттардың ашық әрі әділ рәсімделуін, бағаны бақылау шараларын нарықтық механизм тиімсіз болған жағдайда ғана енгізуді қамтамасыз етпей, тауарлар нарығында шектен тыс реттеуді жою мүмкін емес. Мемлекет квазимемлекеттік нысандарды қаржылай қолдап отыр. Мемлекеттік кепілдік беріп, жеңілтетілген несие ұсынады. Осындай артықшылығы бар квазимемлекеттік компаниялар жеке сектормен бәсекелесіп жүр. Квазимемлекеттік сектор нысандарын коммерциялық және коммерциялық емес деп бөлу жағы заңда реттелмеген. Соның кесірінен коммерциялық емес квазимемлекеттік компания коммерциялық квзаимемлекеттік компанияның жұмысын субсидиялап отыр", –делінген баяндамада.

Дүниежүзілік Банк Қазақстанда мемлекеттік сатып алулар біркелкі тендер тәсілімен өткізілмейтініне тоқталған.

"Тендердің орнына тікелей келісімшарт жасау әлі де кеңінен қолданылады. Әсіресе тауарлар мен қызметтерді сатып алу кезінде. Компаниялардың бәсекеге қабілетсіз болуына осындай әрекеттер ықпал етеді",– дейді сарапшылар.

Дүниежүзілік банк мамандарының пайымына қарағанда, Қазақстан Үкіметінің 19 түрлі азық-түлік өнімінің маржасын, бензин бағасын бақылауы әлемдік тәжірибеге қайшы келеді.

Баяндаманың аяғында авторлар тікелей шетелдік инвестиция тарту мәселесіне тағы тоқталып,  Kazakh Invest компаниясының өкілетін қайта қарауды ұсынған.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу