Тараздық ПИК жетекшілерін тұрғындар қарызы титықтатып бітті

2318

Ал пәтер иелері кооператив өз қызметін тиісті деңгейде атқармай отыр деп уәж айтады.

Тараздық ПИК жетекшілерін тұрғындар қарызы титықтатып бітті

Бүгінде Жамбыл облысы орталығында 1365 көппәтерлі тұрғын үй бар екен. Оның 151-і бір қабатты барақ типті, 1161-і екі және одан көп қабатты үй. Осы үйлердің 390-ына 33 пәтер иелері кооперативі техникалық қызмет көрсетеді. Ал 356 көппәтерлі тұрғын үйді тұрғындардың өздері бірлесіп басқарады. 690 үйде басқару құрылымы жоқ. Бұл жайында Тараз қалалық әкімдігінің тұрғын үй қатынастар бөлімінің бас маманы Қайсар Дүйсенбаев айтып берді.

"Пәтер иелері кооперативі - көп пәтерлі үйде немесе ортақ аула және коммуникациясы бар бірнеше үйді біріктірумен тұрғындар құрған ұйым. Ортақ мүлікке қызмет көрсетіп, жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін ПИК тұрғындардан ақша жинайды. Аталмыш жұмысты бақылап тексеретін – арнайы тексеру комиссиясы қаржының қайда жұмсалып жатқанын біліп отырады. Егер кооператив жұмысында заң бұзушылық табылса, тұрғындар сотқа арыз жазып, ортақ жиналыста басқарма мүшелерін қайта сайлауға құқылы. ПИК өз міндетін мүлтіксіз атқарып жатқанына күмән туған жағдайда электрондық Үкімет сайтында жарияланған аталмыш тізімді салыстырып тексеруге болады", - дейді ол.

Көбіне тараздық тұрғындар аула сыпырушылар міндеттеріне немқұрайлы қарайды деп шағымданады екен. Олардың сөзінше, аула қай кезде де қоқысқа толып жатады, тал-дарақ жапырағы уақтылы жиналмайды. Алайда, қалалықтар ПИК қызметіне миллион теңгелеп қарызға батқан көрінеді. Мәселен, "Ақбота" пәтер иелері кооперативіне 30 тұрғын үй қарайды. Кооператив төрағасы Нұрдәулет Болысбаевтың айтуына қарағанда, бүгінде тұрғындардың берешегі 16 миллион теңгеге жетіп жығылады.

"Сот арқылы 2 миллион теңгесі ғана өндірілді. Шешім біздің пайдамызға шыққанымен көрсеткен қызметімізге тиісті төлем төлемей жүрген тұрғындарды сот орындаушылары тұрақты мекенжайынан таба алмай сабылып жүр. Екі жылдай болды сотқа талап-арызды нотариус арқылы беріп жүрміз. Оның қызметіне ақы төлейсің, ол да шығын. Бізде еңбек ететін 16 жұмысшы-қызметкерімізге қайткенде де жалақысын ай сайын беруге тиіспіз. Әйтеуір, жұмысшылардың жалақыларын кешіктірмей берудеміз", - дейді ол.

Ал, Лескүл Талқанбаева басшылық жасайтын "Алатау-2" пәтер иелері коперативіне "Талас" және "Алатау" шағын аудандарынан бар-жоғы 7-ақ көп қабатты тұрғын үй қарайды. Соның өзінде тұрғындар 5 миллион теңге қарыз.

"Екі слесарь, екі аула сыпырушы, бір шебер және тағы екі қосымша жұмысшым бар. Олардың айлығын уақытылы төлеу қажет. Қарызы бар тұрғындар болса, алаңсыз. Әр үйден бар болғаны пәтер иелерінің 30-35-ақ пайызы төлейді. Сотқа бермек түгілі абақтыға жауып қойса да қайтармас қарыздарын. Оның үстіне сотқа беретін талап-арызды нотариус арқылы қабылдау да әжептеуір қиындық туғызуда", - дейді Л.Талқанбаева.

"Қаратау" шағынауданындағы 15 көп қабатты тұрғын үйге басшылық жасайтын "Даму" пәтер иелері кооперативінің де жағдайы мәз емес. Оларды да қарыз деген жүйкелетіп біткен. Тұрғындардың 4 миллион теңгеден аса берешегі бар.

"Осы жұмысқа келгеніме жеті жыл болды. Содан бері сотты жағалаумен жүрміз", - дейді кооператив төрағасы Жандос Жарасов.

Айтпақшы, биылғы 7 қаңтарда күшіне енген "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға сәйкес көп пәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың жаңа түрі – мүлік иелерінің бірлестігі жұмыс істеуі тиіс еді. Сала мамандары төтенше жағдай мен карантинге байланысты бұл мәселені ұйымдастыру мүмкін болмағанын айтады. Сондықтан МИБ Тараздағы бұл мәселені қаншалықты шешетіні уақыттың еншісінде.

Әсел Мұратбекқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу