ПИК орнына МИБ келсе, әр пәтер айына 10 мыңнан төлейді

15975

Кейбір азаматтар масқара басталып та кеткенін айтады. 

ПИК орнына МИБ келсе, әр пәтер айына 10 мыңнан төлейді

Елімізде биыл жаңа заңнамаға сәйкес, көп пәтерлі тұрғын үйлерде "мүлік иелері бірлестігі" (МИБ) құрылып жатыр. Алайда бұрынғы "пәтер иелері кооперативтері" (ПИК) оларға орын босатпайды екен.

"Біздің көп қабатты тұрғын үйде 248 пәтер және 15 коммерциялық орынжай бар. Тұрғындардың жалпы жиналысында қабылданған шешімге сәйкес, мүлік иелері бірлестігі құрылды. Қазіргі кезде ол кондоминиум нысанын басқарудың бәрі таңдаған формасы болып табылады. Заң бойынша ПИК енді МИБ органына – кеңеске тұрғын үйді, ортақ мүлікті пайдалану және ұстап тұруға қатысты барлық құжатты тапсыруға міндетті. Құжатты қабылдау-тапсыру актісіне қол қойылғаннан кейін ликвидациялануы қажет. Бірақ олай болмай тұр", – дейді "АvicennaService" бірлестігі.

Ұқсас жағдай өзге үйлерде да қалыптасып жатқан көрінеді.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов ПИК-тер әзірге үш жылдан артық уақыт жұмыс істей алатынын айтады.

Бүгінде бұл сала "Жаңа жыл" қарсаңында, 2019 жылғы 26 желтоқсанда қабылданған "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңымен реттеле бастады.

"Осы заңға сәйкес, пәтер иелері мен коммерциялық орынжайлар қожайындары кондоминиум нысанын басқару, оны қаржыландыру, сондай-ақ ортақ мүліктің сақталуын қамтамасыз ету үшін екі жолдың бірін таңдауы тиіс: не меншік иелері бірлестігін, немесе жай серіктестік құруы қажет. Бірақ әр үйде МИБ құру ПИК-тің автоматты түрде жойылуына соқтырмайды. Себебі ПИК-тер үшін 2022 жылғы 1 шілдеге дейін өтпелі кезең белгіленген. Осы уақыт ішінде ПИК-терге басқарушы немесе сервистік компания ретінде қайта құрылуға мүмкіндік беріліп отыр. Осылайша, олар жаңа мәртебеде сол үйге қызмет көрсетуін жалғастыра алады", – деді Бейбіт Атамқұлов.

Министрдің айтуынша, дегенмен, қызметін жалғастыру үшін ол тұрғындар мен коммерциялық орынжай иелерінің батасын алуы шарт: яғни солар ПИК-тің МИБ не ЖС ретінде қайта ұйымдасуын құптап, онымен келісім бекітеді. Егер адамдар қарсы болса, жойылып, орнын басқа бірлестік басуға тиіс.

Кейбір жерлерде ПИК-тер жабылып, жаңа форматтағы ұйым құрылып та үлгерген.

"Бізде масқара басталды. Жаңа ұйым үйді ұстап тұрудың жаңа сметасын ұсынды. Біздің Жетісу ауданында мәслихат ПИК-тер баспананы ұстап тұруға әр шаршы метр үшін 25-30 теңгеден жинайды деп бекіткен. Ал енді жаңа ұйым 150 теңгеден жинаймыз дейді. Менікі 67 шаршы метрлік қана баспана. Сол үшін ай сайын МИБ-ке 10 мың теңге төлеуге тиіс боламын. Жөндеуге бөлек жинаймыз деп отыр", – деп ашынады алматылық Жанар Комбаева.   

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі барлық жаңа ұйымға ортақ "Мүлік иелерінің бірлестіктері жарғысының" жобасын бекітуде. Ол бойынша МИБ – заңды тұлға нысанында құрылатын коммерциялық емес ұйым. Сондықтан "оның қызметінің негізгі мақсаты – табыс табу болмайды және ол өзіне қатысушылар арасында таза табысты бөле алмайды".

Тұрғындар жиналыста үш пәтер иесінен тұратын үй кеңесін сайлайды. Егер тұрғын үй үш подъезден артық болса, онда үй кеңесіне әрбір подъезден 1 өкілден сайланады.

Айтпақшы, МИБ-ке тіпті тұрғындар атынан соттасу құқығы беріледі: жарғысында оның "сотта талапкер және жауапкер бола алатыны" көрсетілген. Сарапшылардың байламынша, бұл қарсылық танытып, үйді ұстап тұру үшін белгіленген ай сайынғы қомақты төлемді төлеуден бас тартқандарды сотқа сүйреу үшін жасалып отырғанға ұқсайды.

Өйткені МИБ жарғысында оның басты қызметі: "жалпы үй мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету және оны ұстауға арналған жарналарды уақтылы енгізу бойынша пәтер, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелерін ұйымдастыру және шоғырландыру; сот органының барлық инстанцияларында кондоминиум нысанының ортақ мүлкі мәселелері бойынша талап-арыз жұмысын жүргізу" деп қадап айтылған.

Қазіргі сервистік компаниялардан айырмашылығы, МИБ-ке филиалдар мен өкілдіктерін ашуына тыйым салынған. Бұл бірлестіктің жалғыз есепшоты ғана болады.

Үйлерді басқаратын жаңа билік енді ғана күшіне енуде. Алайда оларға қатысты мәселелер таудан құлаған жентек қардай ұлғайып келеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу