Қазақстанда "көп қабатты үйдің шерифі" пайда болмақ

4161

Оған қарсы шыққан пәтер иелері электр, су және газдан айырылады.  

 Қазақстанда "көп қабатты үйдің шерифі" пайда болмақ

Егер Ұлттық экономика министрлігінің ұсынысы өтсе, заң жобасын жаңа Парламент сол күйде қабылдаса, онда қазіргі ПИК, сондай-ақ жаңадан құрылып жатқан МИБ басшылары "көп қабатты үйдің шерифіне" айналып шыға келмек. Оның "ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс" болады. Пәтер қожайындарының бәрі оның айтқанын екі етпей орындауға мәжбүрленеді. Неге?

Осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын министрлік ПИК орнына келген мүлік иелері бірлестігіне (МИБ, орысшасы ОСИ) үлкен құзыр берді: оның басшысы кез келген пәтер иесінің басын сотқа сүйрей алады. Бұл ретте сот пәтер иесінің қатысуынсыз өтеді.

Ал енді ескі-жаңа Үкімет мүлікті басқарушы компанияларға қосымша билік бермек: олар ПИК не МИБ-ке сұраған ақшасын ұстатпаған кез келген отбасыны электр қуатынан, судан және көгілдір отыннан айыра алатын болады. Тіпті далада аптап ыстық немесе қақаған суық екеніне де қарамайды. Қайта пәтер иесі талап етілген төлемді тезірек төлеуі үшін үскірік аязда отыннан айыруға әдейі баруы мүмкін.

Министрлік мұны немен дәйектеді?

Бірден айта кетелік, осы жаңа талап Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасына тұжырымдамасында қарастырылған. Құжат қолданыстағы заңнамаға тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша түзету енгізеді.

2019 жылғы желтоқсанда жаңарған "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңының 34-бабының 7-тармағына сәйкес, үйді басқарушыға тіпті сотқа жүгінудің де қажеті болмайды: қазір көбісі жай нотаруиске жүгініп, борышкердің барлық есеп-шоттарын, банк карталарын, депозиттерін, басқасын бұғаттатқызып тастайды, отбасының өмір сүруін қиындатады.

Себебі, аталған заңға сәйкес, егер пәтердің иесі немесе тұрғын үй кешеніндегі коммерциялық жылжымайтын мүліктің иесі белгіленген мерзім ішінде берешегін өтемесе, онда "мүлік иелері бірлестігінің (МИБ) төрағасы, не көппәтерлі тұрғын үйдің басқарушысы нотариуске немесе сотқа берешекті мәжбүрлеп өндіріп алуды сұрап, жүгінуге құқылы".

Бірақ билік осыны да азсынып отыр.

"Атап өтер жайт, егер ПИК не МИБ сотқа жүгінсе, сот өз шешімдерінде берешекті өндіріп алу туралы талапты әрдайым қанағаттандырады. Өйткені басқарушы ұйымдар сот органдарына тек тексерілген мәліметтермен жүгінеді. Оның үстіне сотқа талап түсіру – төлеттіру мәселелерін реттеудің соңғы шарасы саналады. Сонымен бірге, борышкерлерге ықпал етудің заңда белгіленген осы әдістерінің өзі жеткілікті түрде тиімді емес! Себебі, елде көбінесе сот шешімдері орындалмайды. Осыған байланысты елімізде берешек көлемі үдемелі түрде артып барады. Бұл тұрғын үй қорын басқарудың бүкіл жүйесінің берекесін кетіреді. Бұл ретте жылдар бойы жинақталған борыштар көбінесе қарызын өтеуге мүлдем құлықсыз азаматтарға тиесілі", – деп түсіндірді Ұлттық экономика министрлігі.  

Сонда ол тағы қандай жазалау тетігін ұсынады?

"Айтылғанды ескере отырып, сот шешімін орындаудан жалтарған және наразылық-претензияға ден қоймаған тұрғындармен жұмыс істеудің келесі кезеңі – оның пәтеріне электр энергиясын, газ бен суды беруді тоқтату болуға тиіс. Коммуналдық қызметтерді ұсынуды шектеу – коммуналдық берешекті азайтуға мүмкіндік беретін ең тиімді шаралардың бірі", – деді министрлік.

МИБ-тер ойына келгенін істеуде

Қарапайым бұқара мұнымен келіспейді. Мысалы, елорда тұрғыны Ғалым Асқарбек МИБ басшысының тізесі батып жүргенін айтады.

"Өткен жылы ПИК орнына мүлік иелерінің бірлестігі құрылыпты. Ол туралы кіреберісте не лифтіде ешқандай хабарландыру болған жоқ. Пәтерлерді аралап, тұрғындар пікірін сұрап, сауалнама да жүргізбеді. Оны құру туралы жиынды карантин жағдайында қалай өткізгені, оған кімдер қатысқаны белгісіз. Қиыны сол, егер біз бұрын ПИК-ке эксплуатациялық шығыстары мен төлемін ай біткен соң төлеп келсек, енді МИБ оны "ай бастала сала, сол ай үшін төлейсіңдер" деп бекітіпті. Оған қарсы шыққандар, төлей алмағандар үстінен нотариуске өтініш түсіріп, қудалауда. Шағым айтар жер жоқ, әкімдік тыңдамайды, билік МИБ жағында. Пәтерлерден жиналатын ақыны да көтеріп жіберді. Үйдің күтімі болса, еш жақсарған жоқ, есік алдының өзі көктайғақ", – дейді ол.

Заңгер Гүлшат Дүйсенова Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловқа шағынданған екен. Ол Үкіметтен өздері ойлап тапқан МИБ секілді құрылымдардың бассыз кеткен төрағасына, үй кеңесі мүшелеріне қатысты да жаза енгізуді сұрайды. Әйтпесе, олар тұрғын үй кешеніндегі коммерциялық мүлік иелерінен, кәсіпкерлерден демеушілік көмек деген сылаумен заңсыз алым-салық жинап жатыр.

"Қит етсе, пәтерлерді тоқтан, судан ажыратып тастайды екен. Осылайша, үйде апаттық жағдай туғызады және өздері оның салдарларын жоймайды. Пәтер иелерін, тіпті авариялық қыметтерді жертөле, тұрғын емес үй-жайлар, жылу торабы секілді ортақ мүлікке жолатпай, кіргізбей қойған. Ойына келгенін істеуде. Халық шағымданып бізге келеді. Ал заңға сәйкес, ол проблеманы пәтер иелері өздері шешуі керек. Азаматтық кодекстің 189-бабы 1-тармағына сәйкес, меншiк иесi өзiне тиесiлi мүлiктi күтiп-ұстау ауыртпалығын өзі көтеруге тиіс және бiржақты тәртiппен мұндай ауыртпалықты үшiншi тарапқа ауыстыра алмайды", – дейді заңгер.

Астана тұрғыны Лейла Алпыспаеваның да көп пәтерлі тұрғын үйді басқарушы компанияға көңілі толмайды. Ол жақында елорда әкіміне сұрақ қойды.

"ПИК жұмысына көңілім толмайды. Осыған байланысты оның қызметінің төлемін төлеуді уақытша тоқтата аламын ба?" – деп сұрады тұрғын.

Оған жауап қатқан Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов Президент жарлығымен 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап, шағын кәсіпкерлік нысандарын барып тексеруге тыйым салынғанын, үш жылдық мораторий енгізілгенін алға тартты.

"Осыған орай былтырдан бері шағын және микро кәсіпкерлік нысандарын барып тексеру доғарылды. Тиісінше, арыз иесінің тұрғын үйінде тексеру жүргізіп, шара қабылдау мүмкін емес. Нұр-Сұлтан қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының ақпаратына сәйкес, телефон соғу арқылы оның үйіне қызмет көрсететін "Сервис Плюс" ЖШС өкілімен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, тұрғындардың сын-ескертпесін жою жүктелді", – деді әкім.

Мораторийдің үш жылында көпқабатты үйлердегі қазақстандықтар мен МИБ-тердің шайқас-тайталасы тек өрши беруі мүмкін.  

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу