Кредиті кешірілгендер "қара тізімге" алына ма?

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
16909

Ұлттық банк өкілі түсініктеме берді.

Кредиті кешірілгендер "қара тізімге" алына ма?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандықтардың борыш жүктемесін жеңілдету туралы жарлығы орындалып, ел мәре-сәре болып жатқан тұста "Кредиті кешірілгендер "қара тізімге" енеді, оларға бұдан былай ешқашан кредит алуға рұқсат берілмейді" деген қауесет тарады. Сол-ақ екен ел дүрлігіп: "Үкімет бізді алдады, құқығымызды шектеді, бұлай жасайтын болса кредитімізді несіне кешірді" деп даурықты. Жалған ақпарат қоғамда әлеуметтік шиеленіс туғызбау үшін Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков түсініктеме беріп, халықты сабырға шақырды.

"Кепілсіз тұтынушылық кредитінің бір бөлігі кешірілген азаматтар "қара тізімге" алынбайды. Кешіру акциясы уақытпен шектелмеген. Бұл – мемлекеттік тұрғыда қабылданған бір реттік акция. Оның ешқандай негативті факторы жоқ. Сәйкесінше несиесі кешірілген адамдарға да негативті әсері болмайды. Кредиті кешірілген азаматтар алдағы уақытта кредит ала алмайды деген қате ақпарат", – деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Оның сөзінше, еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің тізімі бойынша 20 қыркүйекте 507 363 азаматтың екінші деңгейлі банктер мен микрокредиттік ұйымдардағы жалпы құны 105,17406 млрд теңгені құрайтын кепілсіз тұтынушылық кредиті жабылған.

"Өмірдің қиын кезеңіне тап болған 263 525 азаматтың 3 млн теңгеге дейінгі кепілсіз тұтынушылық кредиті толық өтелді", – деді Олег Смоляков.

Ұлттық банк өкілінің мәлімдеуінше, мемлекеттік қолдау кепілсіз тұтынушылық кредиті бар борышкерлердің 98,4%-ын қамтыған.

"Үкіметтің қаулысы бойынша 3 млн теңгеге дейінгі қарызы бар барлық борышкердің 300 мың теңгесі жабылады. Атап көрсетерлігі бұл жерде белгіленген тәртіп бар. Бірінші жылдық пайыздық мөлшерлемесі жоғары, екінші, негізгі қарызы көп, үшінші микрокредиттік ұйымдардан алынған қарыз өтеледі", – деді Олег Смоляков.

Естеріңізге салайық, президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 26 маусымда "Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы" жарлыққа қол қойды. Соған сәйкес, 2019 жылдың 1 маусымына дейін екінші деңгейлі банктерден 3 млн теңгеге жетпейтін қарыз алған тұрмысы төмен, көпбалалы, асыраушысынан айрылған, мүгедек баласы бар отбасылардың; бала кезінен мүгедектердің; мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылардың; 29 жасқа толмаған жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың, кәмелет жасқа дейін ата-анасынан айырылғандардың 300 мың теңгесі қайтарылатын болды. Бұдан бөлек мерзімі кешіктірілген тұтынушылық несиенің айыппұлы мен өсімпұлын кешіру мәселесі күн тәртібіне қойылды. Нәтижесінде 1 миллионнан астам адамның айыппұлы мен өсімпұлы есептен шығарылды. Айыппұл мен өсімпұлдың жалпы сомасы 30 млрд теңгені құрады.  Іс барысында қарызы қайтарылмайтын топ анықталды. Бұл топқа қарызы 90 күннен астам уақыт өтелмеген және коллекторларға тапсырылған азаматтар енді. Үкімет олардың кредитін кешірмейді. 

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу