300 мың емес, 600 мың теңге кредит кешіріледі

252833

Кімдерге, қалай екенін вице-министр айтты.    

300 мың емес, 600 мың теңге кредит кешіріледі

Үкімет үйінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова мәлімдеме жасады. Ол бір отбасының мүшелері, яғни ерлі-зайыптылар бір-бірінен бөлек несие рәсімдеген және несие көлемі 3 млн теңгеден аспаған болса, әрқайсысының қарызы жеке-жеке өтелетінін мәлімдеді. 

"Бірінші кредиттік бюроға 2 млн 289 адамға қатысты мәлімет жіберілді. Кредиттік бюро барлық мәліметті екінші деңгейлі банктердің базасымен салыстырып тексерді. Әзірше 507 мың адамның борышын өтеуге рұқсат берілді. Бұл сан алдағы уақытта көбеюі мүмкін. Ел азаматтарына қатысты мәліметтерді жинау барысында ерлі-зайыптылардың әрқайсы жайлы, сонымен қатар көпбалалы отбасының жәрдемақысы кімнің атына рәсімделгені сарапталды. Шаңырақ көтеріп отырған адамдардың кредиттері жеке-жеке қаралды. Егер, ерлі-зайыпты адамдар несиені бір-бірінен бөлек  рәсімдеген және оның көлемі 3 млн теңгеден аспаған болса, онда олардың әрқайсысының 300 мың теңге қарызы өтеледі. Бұл бір отбасының 300 мың емес, 600 мың теңге кредиті кешіріледі деген сөз", – деді Светлана Жақыпова.

Сөз арасында вице-министр қазақстандықтар кредиті кешірілетінін немесе  кешірілмейтінін eGov порталы арқылы біле алатынын баяндады.  

"Бұл үшін порталға тіркеліп, ЖСН енгізу қажет. Қазір азаматтардан өз мәртебесін анықтай алмай жатқаны жайлы шағым келіп түсуде. Біз оларға тізімнің әлі толық бекітілмегенін түсіндіріп жатырмыз. Егер, азамат борышын жеңілдететін санатқа жататынын дәлелдесе, тізім толықтырылады және кредит кешіріледі", – деді вице-министр.

Светлана Жақыпованың түсіндіруінше, борышы жеңілдейтін санатқа жататын азаматқа қатысты мәлімет кейде порталдан табылмауы мүмкін. Алайда бұл мәселені шешуге болады.  

"Егер, 29 жасқа дейінгі тұл жетім eGov порталындағы тізімнен өзін таба алмаса, ол жазбаша түрде білім және ғылым министрлігіне жүгініп, тізімге енгізуін сұрай алады. Ол өтінішпен бірге ата-анасының қайтыс болғаны туралы құжатты, туу туралы куәлікті тапсыруға  тиіс. Білім және ғылым министрлігі онлайн режімде мәліметті бізге тапсырады, біз порталға енгіземіз", – деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу