Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингтке Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлім етті.
Оның сөзінші елімізде дәрі-дәрмек жетіспеушілі екі себепке байланысты болған. Оның бірі халық тарапынан сұраныстың артуы болса, екіншісі әділетсіз бәсекелестік. Яғни, алыпсатарлар препараттарды көптеп сатып алып кеткен. Бұл ретте вице-премьер дәрі-дәрмек нарығын пайда көзіне айналдырғандар қатаң жазаланатынын кесіп айтты.
"Бүгін ғана Шымкент қаласында осындай пиғылмен жұмыс імтеген бір азамат қолға түсті. Ол заңға сәйкес жазаланады. Сондықтан барша қазақстандықтарға, әсіресе осы дәрі-дәрмектің айналасындағы жағдайды ескере отырып, пайда тауып қалуды көздейтін азаматтарға мұны ескертіп айтқым келеді. Бұл тікелей Президенттің қарауындағы сұрақ. "Кемедегінің жаны бір", сондықтан бір-бірімізді қолдайық", – деді Премьер-министрінің орынбасары.
Ералы Тоғжановтың айтуынша, МӘМС шеңберінде тегін берілетін препараттардың тізбесі бар. Сондай-ақ, ауруханалар да препараттармен толық қамтылған.
"Бүгінгі таңда ауруханаларда КВИ-ды емдеу үшін дәрі-дәрмектермен толықтай қамтамасыз етілген. Қазіргі уақытта мекемелерде 17 700 адамның жатқанын ескере отырып, болашақта кепілдік болу үшін 27 000 науқасқа арналған дәрілік заттармен қамтамасыз етіліп отыр. Аймақтар арасында 4000 науқас үшін 165 мың қаптама шетелде кеңінен қолданылатын жаңа препараттар таратылуда. 2020 жылдың 15 шілдесіне дейін қосымша тағы да дәрілік препараттар жеткізілетін болады. Бүгінгі таңда МӘМС шеңберінде тегін дәрі-дәрмек тізбесі бар. Бұл препараттар тізіміне антибиотиктер, қызуды төмендететін дәрілер де бар. Оларды мобильді топтармен тегін жеткізу қарастырылған", – деген вице-премьер елімізге дәрілердің басым бөлігі сырттан келетінін жеткізді.
Оның сөзінше отандық компаниялар нарықты тек 13%-ға қамтып отыр. Сондықтан препараттар жетіспеушілігін шешу үшін бір қатар шаралар қабылданған. Оның бірі дәрі-дәрмектерді сертификациядан өткізу рәсімдері жеделдетілген түрде жүзеге асыру.
"Халықты толғандыратын мәселелер аз емес. Оның негізгісі – дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету. Қазақстанда 8 мыңнан аса дәріхана бар. Отандық өндіріс есебінен олардың барлығын қамтамасыз ету деңгейі 13%, қалғанын сырттан, импорт арқылы алып отырмыз. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қажетті дәрі-дәрмектермен толықтыру үшін мынадай шаралар қабылданады: Бір тәулік ішінде дәрілік заттарды әкелуге біржолғы рұқсат беруге өтінімдер қабылдау, дәрі-дәрмектерді сертификациядан өткізу мен сертификат беруді жеделдету. Әкімдіктермен бірлесіп көтерме сауда қоймаларын, дәрі-дәрмектердің қоры және бағасын қымбаттатуға жол бермеу үшін жеке дәріханаларды аралап өтетін арнайы мониторингтік топтары құрылды", – деді Ералы Тоғжанов.
Бұған қоса ол дене қызуын төмендететін вирусқа қарсы препараттарды тек дәрігердің нұсқауымен қолдану керек екенін ескертті.
"Өз бетімен емделу өте қауіпті екенін білесіздер. Дәрігерлер емдеу шараларын арнайы хаттама аясында жүзеге асырады. Ол хаттамалардың барлығы әлемдік тәжірибеден алынған. Олар өз тиімділігін дәлелдеген. Сондай-ақ біз жекелей дәрігерлердің де ұсыныстарын қарастыруға әзірміз", – деді ол.
Құралай Құдайберген