Грета Нобель сыйлығына лайық па?

5321

Швециялық оқушы төрткүл дүниенің назарын климаттың өзгеру проблемасына аударып, Нобель комитетіне ой салып отыр.     

Грета Нобель сыйлығына лайық па?

Швециялық жасөспірім қыз – Грета Тунберг әлем лидерлері мен авиациялық жолаушыларды климаттың өзгеру проблемасымен ұялтып, жер шарында миллиондаған адамды күрескерлігімен тәнті етіп, талайларды соңына еріте білді.

Сол үшін 16 жасар оқушы тіпті Нобель сыйлығына лайық саналып отыр және де Тунбергтің осы марапатқа ұсынылғаны күні бұрын белгілі болды. Бұл сирек кездесетін жайт. Тіпті кейбір букмейкерлік компаниялар оның келесі айда дүниенің ең құнды жүлдесін алатынына бәс тіге бастаған.

Грета Турнберг 930 мың долларлық сыйлықты иеленсе, кезінде Нельсон Манделаға, Джимми Картерге, Михаил Горбачевке бұйырған Нобельдің ең жас лауреаты атанады. Сонымен қатар, ол қоршаған ортаға жанашырлығы үшін осы марапатқа 2007 жылдан бері қол жеткізген алғашқы нобельдік жүлдегер атануы мүмкін.

Жастығы, ашықтығы, қарсыластығы – Тунбергті ғаламдық климаттың өзгеруімен күрес белсендісінің бетке ұстар тұлғасына айналдырған факторлар. Оның күрескерлігі қазір Норвегияның Нобель Комитетін күрделі мәселеге душар етіп отыр. 

Тунбергтің  "flightshame" (ұшумасқара) науқанын бастап, ұшақпен (ұшақтар да ауаға зиянды қалдықтар таратады) қатынаушыларды ұялту әрекеті кейбіреулерге ұнамай отыр. Ендігі біреулер қаршадай қыздың әлем лидерлерімен ашық тайталасуын жақтырмады.

Либералдар оны климаттың өзгеруі туралы шындықты айтқаны үшін батыл деп есептесе, кейбір оңшыл көзқарастағы сыншылар Тунбергті жалғаншы, екіжүзді әрі ата-анасының айтағымен әрекет етуші немесе социалистік бүлікші ретінде сипаттап отыр.

"2007 жылы АҚШ-тың бұрынғы вице-президенті Альберт Гор климаттың өзгеруімен күресті насихаттауға қомақты үлес қосқаны үшін Нобель сыйлығын иеленді. Бірақ одан бері біраз уақыт өтті. Проблема сол – ұшақпен қатынаушыларды ұялту Гретаның құнды марапатты алу мүмкіндігін азайтады. Өйткені арға тию өзгеріске әкелетін конструктивті сезім емес", - дейді 2003-2011 жылдары Нобель сыйлығын тағайындау комиетінің мүшесі болған Сверре Лодгаард "Рейтер" агенттігіне берген сұхбатында.

Грета әдетте журналистердің түсініктеме беру туралы өтінішін тікелей қабылдамайды. Ал, әкесі Сванте Тунберг арқылы жеткен сұрақтарға ол дереу жауап бермейді және оқушының электрондық поштасындағы аккаунты медиа-өтініштердің барлығын өткізбей отыр.

Грета Тунберг өз "белсенділігі үшін ақша алады және біреулер оны белгілі бір мақсатқа пайдаланып" отыр деген ақпаратты үнемі жоққа шығарып келеді.

"Ар жағымда ешкім тұрған жоқ, өзім ғана бармын. Ал, ата-анам мен түсіндіріп бергенше, климат үшін күрестен алшақ болды",– дейді Тунберг.

"Өте бақытты қыз"

Грета былтыр мектепке бармай, швед парламентінің алдында климаттың өзгеруімен күрес жолында әрекеттің жоқтығына налып шеру өткізгеннен кейін, бүкіл әлемге таныла бастады. Одан шабыт алған миллиондаған жас жұма күні дүниежүзінің жүзден астам елінде манифестациялар өткізіп, үкіметтерді планетаны экологиялық апаттан құтқаруға шақырды. 

Жақында Грета атмосфераны ластамайтын қайықпен Нью-Йоркке жүзіп барып, осы аптада Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттық саммитінде сөз сөйледі және лидерлерді "бос сөзбен арманым мен балалық шағымды ұрладыңдар" деп айыптады. "Бұған қалай дәттерің барды?",– дейді ашуға ерік берген климат жанашыры.

Тунбергтің БҰҰ-дағы сөзі АҚШ президенті Дональд Трампқа ұнамады. Айта кету керек, Ақ үй басшысы климат ғылымына да, Американың климатпен күреске бағытталған барлық нормативтік актілеріне күмәнмен қарайды. Ал, Гретаны ол "Твиттердегі" парақшасында былай мысқылдаған: "Ол жарқын болашақты тағатсыздана күткен өте бақытты қызға ұқсайды. Қарап тұрып, сүйсінеді екенсің".

Бұған жауап ретінде швециялық белсенді өзінің "Твиттердегі" биографиясын "жарқын болашақты тағатсыздана күткен өте бақытты қыз" деп өзгертті.

Тағы бір сөзінде Трамп өзін талай ісі үшін Нобель сыйлығына лайық деп атап, алайда сол жүлденің әділ тағайындалатынына сенбейтінін жеткізді.

Әдетте Нобель лауреаттарына назар ерекше. Сондықтан норвегиялық комитет Гретаның жасын ескеруге тиіс. Себебі қазірдің өзінде дүниеге танылған Тунберг әйгілі сыйлыққа ие болса, сол атақты көтере ала ма деген мәселе туындап отыр.  

Бес жыл бұрын білім белсендісі Малала Юсуфзай бұл жүлдеге 17 жасында ие болды. Бірақ оның кандидаттығы әлемдік пікірді мұнша екіге жармаған еді. 

"Нобельді жасөспірімге беру – орасан жауапкершілік", – дейді осы сыйлық жайындағы бірнеше кітаптың авторы Асл Свин.

Дегенмен Свин мен Лодгаардтың пікірінше, Тунбергте Нобель алатын мүмкіншілік әлі де бар. Өйткені нобельдік комитет Гретаның іс-әрекеті өз жасынан үлкен және ол ойшыл, тиімді деген ұйғарымға келуі ғажап емес.

Бейбітшілікке анықтама

Экологиялық белсенділік швециялық өнеркәсіпші Альфред Нобельдің бейбітшілікке берген анықтамасына сәйкес келе ме? Бұл жөнінде пікірталас әлі жалғасып жатыр.

Ғылымға жүгінсек, климат драматикалық деңгейге дейін өзгергенде, адамзат экстремалдық жағдайға душар болып, оның соңы соғыс пен босқындар дағдарысына ұласуы мүмкін. Свиннің ойынша, осы тұрғыдан алғанда, Тунбергтің бейбітшілік номинациясы бойынша Нобельге ұсынылуы қарсылық тудырмауы керек. Ал, қарсылыққа аргумент болатын жайт –сол  қоршаған ортаны қорғау проблемасы үшін Нобель сыйлығын тағайындау Альфред Нобельдің өсиетінің шеңберінен шығып кетуді білдіруі мүмкін. 

Тунбергтен басқа бұл жүлдеге Эфиопия премьер-министрі Абий Ахменд те ұсынылып отыр. Ол өткен жылы өз елін Эритреямен татуластыра білді, демократиялық реформаларды қолға алды. Көршілес екі мемлекет арасындағы соғыстан 1998-2000 жылдары 70 мыңнан астам адам қаза тапты.

Сонымен қатар бейбітшілік номинациясы бойынша Нобельге "Шекарасыз репортерлер" ұйымы, Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар агенттігі, Рим Папасы Франциск те үміткер болады деген болжам бар.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу