Планетаның "өкпесі" өртеніп жатыр

7087

Соңғы күндері әлем назары мұхиттың ар жағындағы Амазонға ерекше ауып отыр. Себебі бұл джунглидің жартысы жанып кеткеннің өзінде, атмосфераға жүздеген миллиард тонна улы газ тарап, адамзат климаттық өзгерістің жойқын қаупіне душар болуы мүмкін. 

Планетаның "өкпесі" өртеніп жатыр

Амазонды жалмап жатқан орман өрттерінің саны рекордтық көрсеткішке жетті. Сондықтан олар Бразилия үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін алапат экологиялық дағдарысқа айналып отыр. Төрткүл дүниеден "жауған" сынның күштілігі сонша – Бразилия президенті Жаир Болсонару тілсіз жаумен күреске әскер аттандыруға мәжбүр болып отыр.

Амазонның маңызы неде?

Амазонның 60 %-ы Бразилия жерінде. Ол – әлемнің ең ауқымды тропикалық орманы. Көлемі Техастан он есе үлкен. Оны көбінесе "планетаның өкпесі" деп атайды. Бұл ылғалды джунглидің ағаштары 2 млрд тонна көмір қышқылын жұтып алып, ғаламдық климаттың жылынуына үлес қосатын улы газды атмосфераға жібермей отыр.

Сонымен қатар Амазонның миллиардтаған ағашынан бөлінген судың буы бұлтқа дейін көтеріліп, жаңбыр жауғызып, Оңтүстік Американың ғана емес, одан тысқары аймақтардың да ауа райына ықпал етіп келеді.

Амазон тропикалық орманы әлемдегі оттегінің бестен бір бөлігін, таза судың 20%-ын  өндіреді. Сонымен қатар  ол – үш миллионға жуық өсімдік пен жануар түрінің және бір миллиондай үндістің мекені. Мұнда тіршілік ететін өсімдіктер мен жануарлардың кейбірі өзге елдерде кездеспейді.

"Әрбір гектар өртенген сайын біз өмірі көрмеген өсімдікті немесе жануарды жоғалтуымыз мүмкін",– дейді Амазон табиғатын зерттеу институтының директоры Андре Гьюмарас "Ассоушиэйтид пресс" агенттігіне берген сұхбатында.

Өрт қаншалықты ауқымды?

Бразилияда орман өрттерінің саны 2013 жылдан бергі ең жоғары көрсеткішке жетіп отыр. Былтырғы жылдың осы уақытымен салыстырғанда өрт ошақтарының саны 84 %-ға өскен. Мұны Бразилияның Ғарыштық зерттеу агенттігі – INPE тамыздың 23-інде хабарлады. Биылдың өзінде 78 383 от ошағы анықталған. Солардың жартысы осы айда тіркеліпті. Олардың көбейгені Амазондағы тоғыз провинцияда байқалып отыр. Ал, алып штат Амазонаста өрт ошақтары 146%-ға көбейген. 

Өртке не себеп?

Амазонға өрт, әдетте, жер тазалау үшін жасалады. Бөрене артушылар ағаштарды кесіп алғаннан кейін, спекулянттар олардың түбірлерін фермерлер мен ранчо қожайындарына жер сату мақсатында өртеп жібереді. Бұл жұмыс шілде-қараша айлары аралығында, яғни қуаңшылық маусымында, өрт жан-жағын тез шарпитын кезде жүргізіледі.

Экологтардың айтуынша, орманға от қоюшыларды Болсонарудың өзі де қолдап отыр. Сондықтан  олар жазаланбайтындарына сенімді. Айта кетсек, Бразилия президенті Амазон аймағын дамыту қажеттігін жиі айтады. Ал, малшылар мен жер қойнауын игерушілерге мұндай мәлімдемелер шабыт беруі мүмкін.

Бразилия үкіметінің жауабы

Болсонару әу,баста, ормандардың жаппай жануын қалыпты жағдай деді. Содан кейін ол бұл сөзін қайтып алып, жасыл желектерге үкіметтік емес ұйымдар әдейі от қойып, Бразилия үкіметіне зиян тигізбек деп шағымданды. Президент осы мәлімдемесіне ешқандай дәлел келтіре алмады.

Өзге бір сөзінде Болсонару Амазонның ауқымды бөлігін шарпыған өртті сөндіруге ресурс жоқтығын айтып, шетелдің ақшасын қабылдамайтынын ескертті. Өйткені, оның пікірінше, сырттан келген қаржылай көмек мемлекет тәуелсіздігіне өте қауіпті.

Бірақ соңғы мәліметке қарағанда, Бразилия басшылығы тілсіз жаумен күреске армияны аттандыру туралы шешім қабылдаған.

Әлем лидерлері не дейді?

Франция президенті Эммануэль Макрон Амазондағы өрттерді халықаралық төтенше жағдайға және "экоцидке" (табиғатты әдейі жою) теңеп, Бразилия үкіметін джунглиді қорғауға толық күш жұмсамады деп айыптады.

Сонымен қатар Макронның кеңсесі Болсонару  G20 саммитінде экологияға алаңдаймын деп өтірік айтқаны үшін, Еуропа одағы мен Оңтүстік Америка арасында еркін сауда келісімін мақұлдамайтынын ескертті

Германия канцлері Ангела Меркель мен Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон Амазонның жойылуына алаңдаушылық білдірсе де, еркін сауда келісімінен бас тартудың дұрыс шешім еместігін атап өтті.

АҚШ президенті Дональд Трамп Болсонаруға телефон соғып, оған көмек ұсынған. Алайда  Бразилия өкілдері өртпен күресте Құрама Штаттармен бірлесіп жұмыс істеп жатпағандарын мәлімдеп отыр.

Мұның бәрі ғаламдық климатқа қалай әсер етуі мүмкін?

Ғалымдардың пікірінше, Амазон әрі қарай қаулай беретін болса, ол үшін өзгеретін сәт басталып, содан кейін бұл аймақ жасыл желектердің өз бетімен жойылу цикліне еніп, әйгілі тропикалық орман саваннаға айналып кетуі мүмкін.

Бразилиялық климатолог Карлос Нобренің есебінше, Амазонның 15-17 %-ы жойылған. Алғашында зерттеушілер ормандағы түбегейлі өзгеретін сәт 40%-дан кейін басталады деп ойлаған. Бірақ  климаттың жылынуына байланысты өрттер көбейіп, ол сәт джунглидің 20-25 %-ы құрығанда басталады деген болжам айтылып отыр.

Нобре орманда түбегейлі өзгеретін сәт туғанда, Амазонды қалпына келтіруге 30-50 жыл кетеді деп есептейді. Ал, осы жарты ғасырда атмосфераға 200 мрд тонна көмірқышқыл газы тарап, ғаламдық температураны тиісті мөлшерден 1,5-2 градусқа асырмау мақсаты орындалмай, планетамыз климаттық өзгерістің жойқын зардабын тартуы ғажап емес.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу