Баянауыл осымен екінші рет өрттің ортасында қалды

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
20410

Тілсіз жаумен күресуге Шығыс Қазақстаннан арнайы техникалар алдырылды. 

Баянауыл осымен екінші рет өрттің ортасында қалды

Баянауыл ұлттық табиғи паркі өртке оранды. Бұл туралы жергілікті тұрғындар әлеуметтік желілерге жазып, биліктен көмек сұрады. Ал 23 қыркүйекке қараған түні оқиға орнына Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов арнайы барды.

"Баянауыл ұлттық паркіндегі өртті сөндіруге жүзге жуық адам жұмылдырылды. Өрт сөндірушілерге көмекке МИ-8 тік ұшағы келді. Ол ертеңнен бастап өрт сөндіруді бастайды. Сонымен қатар, Баянауыл тағы бір МИ-26 тік ұшағын күтіп отыр", – деген ресми хабарлама таратты 22 қыркүйек күні кешкісін Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ хабарламада арнайы техникалар жұмыс істеп жатқаны жазылған.

"Баянауыл ауданы әкімдігінің дерегі бойынша, қазіргі кезде ұлттық парктің аумағында 11 бірлік арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында 6 өрт сөндіру машинасы, 3 ассенизатор көлігі, соқа тіркемелері мен су цистерналарын артқан 2 МТЗ тракторы бар. Өртке қарсы тоқсаннан астам адам жұмыс істеп жатыр", – делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, 22 қыркүйек күні кешкісін Өскемен қаласындағы "ҚазАвиаОрманкүзеті" республикалық кәсіпорнының МИ-8 тік ұшағы Баянауылға ұшып келген. Ол 23 қыркүйек күні таңғы сағат жетіден бастап өрт сөндіруге шығады.

Бізге жеткен мәлімет бойынша, өрт аумағы 2,5 гектар жерді құрап отыр.

Осы орайда, екібастұздық журналист, Баянауыл ауданы, Жұмат Шанин ауылының тумасы Жанаргүл Қадырова 22 қыркүйек күні түнгі сағат 23.30 шамасында әлеуметтік желідегі парақшасына мынадай жазба қалдырды:

"Баянауыл ауданы Күркелі ауылдық округінде алапат өрт. Жұрттың еңбекпен шапқан шөптері жанып жатыр. Төрт қора, Бәйнеке, Желтау, Қарақуыс жақ түгел қызыл жалынға оранды. Екібастұздан бір өрт сөндіретін көлік барды деп жатыр. Ол қайда жетеді? Қарақуыста Жасұлан Жапаровтың бүкіл шөбі жанып кетіпті. Үй ішінің адамдарының өртке шамалары келмей жатыр. Өрт қотанға кірді дейді. Ешкім көмекке келмей жатыр дейді. Баянауылдың әкімі, депутаттары қайда? Түртіп оятып жіберіңіздерші".

Журналистің жазуынша, өрт ауылға жақындап қалған.

Еске сала кетейік, бұл ұлттық табиғи паркте осымен орын алған екінші алапат өрт. Бұған дейін шілденің ортасында ұлттық парктің аумағы өртке оранып, қызыл жалын тек 13 күннен соң сөндірілген еді. Онда да павлодарлық құтқарушылардың мүмкіндіктері жетпей, Шығыс Қазақстан облысынан тікұшақ шақыруға тура келді.

"Өрттің жалпы аумағы – 71,1 гектар, оның 55,8 гектары – орман алқабы. Жалпы шығын көлемі 95 млн 956 мың теңгені құрады. Зардап шеккен көктерек пен қарағайлар көп. Тиісті рұқсатқағаз берілген соң ағаштар кесілетін болады",– деген еді орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Шамиль Елубаев.

Комитет мамандары жүргізген тексеріс нәтижесінде кінәлілер анықталмағанын да атап өткен жөн. Сондықтан ешкім жауапкершілікке тартылған жоқ.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу