/img/1920х100.png
/img/tv1.svg
RU KZ
DOW J 24 580,91 Hang Seng 24 266,06
FTSE 100 6 045,69 РТС 1 215,69
KASE 2 403,19 Brent 36,55
Баянауылдағы әуежай әлі ашылмайды

Баянауылдағы әуежай әлі ашылмайды

Биыл туристік өңірде 250 мың адам демалады деп жоспарлануда. 

18:38 14 Мамыр 2020 3679

Баянауылдағы әуежай әлі ашылмайды

Автор:

Фархат Әміренов

Былтыр 160 мың демалушыны қабылдаған Баянауыл туристік аймағында биыл 250 мың адам тынығады деген жоспар бар. Бұл туралы жергілікті журналистермен кездескен Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов айтып берді.

Әкімнің сөзінше, қазір Баянауылдың туристік кластерін дамыту үшін арнайы жоспармен шұғыл жұмыс жүргізіліп жатыр.

«Баянауыл - табиғаты ерекше өлке. Басты мақсатамыз - ол жерді инфрақұрылыммен қамту. Қазіргі таңда арнайы жоспармен шұғыл жұмыс істеп жатырмыз. Туристер ағынын көбейту үшін ең қарапайым деген жағдайды барынша жақсартуға мән беріледі. Құзырлы органдар осы бағытта жұмысқа кірісті. Тиісті қаржы бөлінді», – деді Әбілқайыр Сқақов.

Баянауылда жазғы туризмнен бөлек, қысқы туризмді де дамытуға болады. Алайда облыс әкімінің сөзінше, қысқы туризм бойынша мәселелер бар. Аудандағы бар инфрақұрылымға қауіпсіздік тұрғысынан технологиялық аудит жүргізілмек. Су, жылумен қамту, қызмет көрсету жағынан жетілдіретін тұстар көп.

Баспасөз мәслихатында Баянауылдағы шағын әуежай әзірше іске қосылмайтыны мәлім болды. Бұл стратегиялық нысан болғандықтан, арнайы сертификациядан өтуге тиіс. Жалпы, ол мәселемен құзыретті органдар айналысып жатқандықтан, Әбілқайыр Сқақов оған байланысты пікір білдіруге құлықты емес екенін атап өтті.  

Павлодар өңіріндегі туристік нысанның бірі – Маралды көлі. Бұған дейінгі әкім Болат Бақауов осы көлді көркейтуге күш салған еді. Ал бұл жолғы баспасөз мәслихатында Әбілқайыр Сқақов мүлде басқа дүниелерді айтты.

«Маралдының жағдайы мәз емес. Бұған дейін көл жағасын көркейткен инвестордың талабы сот тарапынан қолдау таппады. Сондықтан ол жобаны жалғастырмайтын болды. Қазіргі таңда көл маңайы әу бастағы қалпына қайта оралды. Енді «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жаңа инвестор іздестіруде. Алдағы маусымда демалушыларға қарапайым жағдайлар жасау жағы қарастырылмақ», – деді Павлодар облысының әкімі.

Фархат Әміренов

Асфальт астында қалған ақша

Павлодар облысының жолдарына төселген асфальттың бір жылға жетпей жырым-жырымы шықты. 

22 Қараша 2019 10:08 5460

Асфальт астында қалған ақша

1,5 млрд теңгенің жерге «сіңіп» кеткені ме...

Баянауыл – туристерге таптырмас орын. Алайда демалушылар үшін Баянауылға жету қиямет-қайым. Себебі Баянға апаратын жол жаман. Жалпы, бұл өлкеге бастайтын үш жол бар. Яғни, Павлодар, Екібастұз және Қарағанды арқылы қатынауға болады. Павлодар облысының басшылығы соңғы жылдары Баянауылға апаратын жолдарды ретке келтіруді мықтап қолға алды, алайда жөнделген жолдың сапасы сын көтермейді. Мәселен, Екібастұз – Майқайың жолын алайық.

Астаналық туристер негізінен Баянауылға осы жол арқылы қатынайды. Алдымен бас қаладан Екібастұзға келеді. Одан кейінгі бағыт: Екібастұз – Майқайың – Баянауыл. Осыдан біраз жыл бұрын Екібастұз – Майқайың жолының жағдайы тым аянышты еді. Туристердің көп легі осы жол арқылы қатынайтындықтан, екі жыл бұрын аталған бағытқа асфальт төселген болатын. Осы аралықтағы жолдың 18 шақырымына 1,5 млрд теңге жұмсалған еді. Өкініштісі, арада көп уақыт өтпей бұл жолдың жырым-жырымы шығып, баяғы таз қалпына түсті. Оны жол сапасын тексеретін мамандар да растап отыр.

Жүк көліктері жолдың «жанын» шығарады

Дәлірек айтсақ, жуырда Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы Екібастұз – Майқайың жолының сапасына тексеру жүргізді. Белгілі болғандай, бұл жолдың кепілдік уақыты әлі аяқталмаған екен. Соған қарамастан, жолдың сапасы күн өткен сайын құлдырап барады. «Екі жыл бұрын жөндеу жүргізіліп еді ғой» деп айтуға ауыз бармайды. Жолдың жөндеу жұмыстарымен айналысқан «Гидропром» ЖШС-ның бас директоры Исламбек Культуманов барлығына жүк көліктері кінәлі дейді.

«Бұл жолмен жүк көліктері көп жүреді. Көмір, қиыршықтас тағы да басқа ауыр материалдарды тасымалдайды. Соның салдарынан жолдың сапасына нұқсан келуде. Жоба бойынша, көліктің бір білігіне түсетін жүктің салмағы 8 тоннадан аспауы керек. Ал біздің жағдайда жүргізушілер 20 тоннадан астам жүкпен жүре береді. Байқаған болсаңыздар, жолдың бір жағы ғана бұзылған. Яғни, жүк көліктері жолдың аталған бағытымен жүргенде жүк тиеп өтеді. Ал қайтарда бос қайтады. Біздің уәжімізді бұл факті де растап отырғандай», – деді мердігер компанияның басшысы.

Исламбек Культумановтың айтуынша, компания жүк көліктеріне шектеу қою туралы тиісті мекемелерге бірнеше рет шағым да түсіріпті. «Нәтиже жоқ», – дейді ол.

Топырақ пен құм дұрыс төселмеген

Жол активтері ұлттық сапа орталығының мамандары Павлодар облысына арнайы келіп, жергілікті билік өкілдерінің, бұқаралық ақпарат құралдарының алдында жолдың сапасын тексерді. Яғни, жолдың төменгі және жоғарғы қабаттарынан 10 сынама алды. Осылайша, жол құрылысын сапасына тексеру жүргізді. Сараптама көрсеткендей, гәптің бәрі жүк көліктерінде болмай шықты.

«Бұл жерде жол жабындысының конструкциясы жетіспейді. Жоба бойынша оның көрсеткіші 57 сантиметр болу керек. Біздің көріп отырғанымыз 44-45 сантиметр ғана. Жол құрылысында жіберілген қателік бұл ғана емес. Топырақ пен құм дұрыс төселмеген. Төселген құм топырақ пен араласпауы керек. Ал бұл жерде аталған талап сақталмаған. Соған қарағанда, жөндеу жұмыстары күзде жүргізілген. Яғни, су өтіп кеткен. Топырақ дымқыл болған. Соған қарамастан оның үстіне құм төселген. Бұл жағдайда топырақтың кепкенін күту керек еді. Қыста дымқыл топырақ қатып қалған. Тек, көктемде ғана ери бастаған. Ал бұл аралықта жүк көліктері жиі қатынай бастаған. Қысқасы, осының бәрі жол жабындысын жырым-жырым еткен», – деді Жол активтері ұлттық сапа орталығының бас директоры Замир Сағынов.

Десе де, бұл уәжбен мердігер компанияның басшысы келіспейді. Ол кінәні жүк көліктеріне артып отыр. Бірақ «Гидропром» компаниясы кепілдік міндеттемелерін орындаудан бас тартып отырған жоқ. Белгілі болғандай, компания соңғы екі жылда осындай олқылықтарды қалпына келтіруге 40 млн теңге жұмсаған екен. Қазіргі жағдайға қарасақ, әлі де қыруар қаржы жұмсайтын секілді.

Биліктің уәжі бір басқа

Жол активтері ұлттық сапа орталығының мамандары тексерген Екібастұз – Майқайың жолын жөндеуге тапсырыс берген мекеме – Павлодар облыстық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасы. Басқарма басшысы Ринат Қойсоймасовтың жолдың бұзылуына қатысты айтқан уәжі тым бөлек. Ол бұған су тасқыны кінәлі дейді. Дәлірек айтқанда, 2015 жылы Қарағанды облысындағы су қоймаларынан тасыған көктемгі су Баянауыл тауларынан аққан қар суымен қосылап, бірқатар жолды шайып кеткен болатын.

«Аталған жолдың жобасы 2013-2014 жылдары жасалған. Ал оны жүзеге асыру 2017 жылы ғана қолға алынды. Естеріңізде болса, 2015-2016 жылдары Баянауыл ауданындағы бірқатар ауылға су басу қауіпі төнді. Қарағанды облысынан жететін судың көп бөлігі Екібастұз – Майқайың жолына келіп тіреледі. Жалпы, облыс бойынша су басу қауіпі бар жол да осы. Сондықтан бұл жол суға әбден қаныққан. Оның үстіне жүк көліктері де оңдырмайды», – дейді Ринат Қойсоймасов.

Дегенмен бұл жолмен жүк көліктері бұған дейін де жүрді емес пе...

Мәселеге әріден үңілген дұрыс

Жол активтері ұлттық сапа орталығының бас директоры Замир Сағыновтың айтуынша, біздің елде жолға арналған жобалардың көп бөлігі дұрыс жасалмайды. Жеріне жеткізіліп жасалмаған соң, түрлі проблемалар да туындайды.

«Барлау жұмыстары дұрыс жүргізілмейді. Жол бойындағы нысандар көп жағдайда есепке алынбайды. Жобалаушылар көптеген маңызды тұстарды ескермейді. Соңында тапсырыс беруші мен мердігер компания жапа шегеді. Себебі жол бұзылған жағдайда бұл мәселемен бетпе-бет қалатын да осылар. Ал жобалаушылар, атқарылған жұмыстарды бақылайтын инженерлік қызметтер құтылып кетеді. Жарық күнде шам алып іздесең де, таппай қаласың. Сондықтан мәселеге әріден үңілу керек. Жол сапасына тапсырыс беруші мен мердігер ғана емес, жобалаушылар мен инженерлер де жауап беруге тиіс», – дейді Замир Сағынов.

Жобалаушыларды жазалау керек

Жол активтері ұлттық сапа орталығы да дәл осындай себеппен құрылған болатын. Орталық өз жұмысын осы жылдың жазында ғана бастады. Бүгінде бұл мекеме жобалаушылар мен жол жөндейтіндердің қорқынышты түсіне айналғандай.

«Қазақстанда жобалаушылар жобаны дұрыс жасамағаны үшін өте сирек жазаланады. Оның өзінде банктік кепілдіктер тұрғысынан ғана. Шындығында, оларды міндетті түрде жазалау керек. Мәселен, бір маман жобалау жұмыстарын дұрыс жүргізбеді делік. Демек, оны алдағы уақытта да бұл іске мүлдем араластырмау қажет. Ал егер жолды қабылдап алушы олқылықтардың бәріне көз жұма қарап қабылдаса, онда сол адамды жазалау керек. Тек осындай қадамға бару арқылы ғана қалыптасып отырған жағдайды түбегейлі өзгерте аламыз», – дейді Замир Сағынов.

Заңдағы норма неге жұмыс істемейді?

Оның үстіне заңнамада жосықсыз жобалаушылар мен инженерлік қызметтердің басшыларын жазалау тетігі қарастырылған. Демек, велосипед ойлап табудың да қажеті жоқ. Мәселен, жобаны жобалау барысында жіберілген бірінші қателікке 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Бұл дегеніміз –505 мың теңге. Егер жобалаушы екінші рет қателікке бой алдырса, онда 6 айға лицензиясынан айырылады. Заңда қарастырылған ең қатаң жаза – жобалау қызметімен айналысуға 3 жылға тыйым салу. Алайда бұл нормалар күнделікті өмірде қолданылмайды.

Замир Сағыновтың сөзінше, бұған бюрократизм жол бермейді. Өйткені жазалау процесінің өзі көп уақытты алады. 

«Алдымен олқылықты анықтау керек. Бұл іспен біздің орталық айналысады. Орталық осы жылдың мамыр айында ғана іске қосылды. Кейін біз олқылыққа қатысты Автокөлік жолдары комитетіне ұсыныс түсіреміз. Олар оны Құрылыс істері жөніндегі комитетке жолдайды. Себебі «Сәулет және қала құрылысы туралы» заң осы мекеменің құзырында. Одан кейінгі инстанция – МСҚБ. Яғни, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы. Тек, осы мекеме ғана жазалауға қатысты шара қолдана алады. Сондай-ақ олқылықты анықтау мен оған қатыстылары жазалауға дейінгі аралық тым ұзақ. Біз аталған шараларға жұмсалатын уақытта айтарлықтай қысқартуды ұсынып отырмыз», – дейді Замир Сағынов.

Сонымен, кінәлі кім?

Әуелгі әңгімеге қайта оралайық. Сонымен Екібастұз-Майқайың жолындағы жөнсіздіктерге кім кінәлі? Жол активтері ұлттық сапа орталығы мамандарының айтуынша, бұл жерде жоба авторы кінәлі. Техникалық бақылау қызметі де кінәлілер қатарында. Өйткені олар жол жабынының қалыңдығы талаптарға сәйкес келмейтінін көре тұра қабылдап алған. Яғни, қабылдап алу актісіне қол қойған. Бұдан бөлек, тапсырыс беруші тарапынан дұрыс бақылау жүргізілмеген.

«Екібастұз-Майқайың жолын ғана емес, басқа да жол учаскелерін тексереміз. Егер жол сапасына қатысты шағымдар бар болса, біздің орталыққа хабарласуға болады. 7 (7172)739-739 нөмірі арқылы шағымды жеткізуге мүмкіндік бар», – дейді Замир Сағынов.

Еске сала кетейік, Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы 2019 жылдың мамырында іске қосылған болатын. Мекеменің мақсаты – жол картасын жасақтап, осы саладағы жемқорлық фактілерін азайту бағытында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесе жұмыс істеу. Орталық еліміздің барлық жолдарына тексеру жүргізе алады.

Фархат Әміренов

Үкімет Баянауылдың туризмін бес жылда дамытпақ

Ел Үкіметі бұл мақсатқа 17,5 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр. 

13 Қараша 2019 17:49 11723

Үкімет Баянауылдың туризмін бес жылда дамытпақ

Қазақстан Үкіметі Баянауылдағы туризм саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасын бекітті. Бағдарлама 2019-2025 жылдарды қамтымақ. 2019 жылдың аяқталуға аз қалғанын ескерсек, жоба-жоспарларды жүзеге асыруға толық бес жыл бар.

Павлодар облыстық туризмді дамыту және спорт басқармасының басшысы Марат Айдашевтің айтуынша, бағдарлама 10 бағыттан тұрады. Атап айтқанда, экология, көріктендіру, әуежай, жол, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымдарын дамыту, ұсынылатын өнімдерді кеңейту, инвестор тарту, кадрлық стратегия, оқиғалар күнтізбесі, маркетинг және жарнамалау секілді бағыттар бар. Аталған 10 бағыт бойынша 30-дан астам жоба жүзеге асырылмақ. Оған 17,5 млрд теңге бөлінеді деп жоспарлануда.

«Туризмді дамыту үшін алдымен қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету керек. Бірінші кезекте, жол мәселесін реттеу қажет. Сондай-ақ білікті кадрлар даярлау мәселесі де өзекті. Бағдарлама аясында Торайғыр ауылына апаратын 16,6 шақырымдық жол жөнделетін болды. Жоба 646 394 теңгеге бағаланып отыр. 2020 жылы Жасыбай көліне дейінгі 15 шақырымдық жол жөнделеді. Әзірше жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Жасыбайдан Қоңыр Әулие үңгіріне дейінгі аралықты жөндеу жобасы әзірленуде. Қиыршық тас төселген жол 2020 жылы пайдалануға беріледі. Оған 121 млн теңге бағытталмақ», – дейді Марат Айдашев.

Сонымен қатар, Торайғырдағы «Александровка» подстанциясынан Жасыбай демалыс айлағына дейін электр желісі тартылатын болды. Жоспар бойынша жобаға 834,1 млн теңге бөлінбек. Оның 774,4 млн теңгесі республикалық бюджеттен алынады.

«Бүгінде аталған жоба бойынша алдын ала төлем жасалды. Жабдықтарға тапсырыс берілді. Оған 75 тірек, бұрыштық тіректерге арналған материалдар, күштік трансформаторлар, вакуумды ажыратқыштар, кабель өнімдері, тіректерге арналған іргетастар, темірбетон керек. Қазіргі уақытта 7 темірбетонды тірек, темір тіректерге арналған үш іргетас орнатылды. Темір тіректерге іргетас орнату үшін 6 шұңқыр қазылды», – дейді басқарма басшысы.

Бағдарлама шеңберінде Баянауылға және Жасыбай демалыс айлағындағы үйлерге сумен жабдықтау және су бұру желілері тартылмақ. Алғашқы жоба бойынша «Павлодарэнергопроект» ЖШС-мен келісімшарт жасалған. Бұл жобаға 6 млрд теңге бөлінеді деп күтілуде.

«Мердігер қажетті материалдар мен құжаттарды жинап, сараптамадан өткізуі қажет. Содан кейін жоба Баянауыл ауданы әкімдігінің балансына өтеді. 2021 жылға дейін аудан орталығында су бұру желісі пайда болады», – деп нақтылады Марат Айдашев.

Десе де, Жасыбай демалыс айлағындағы үйлерге су бұру желісін тарту мәселесі әлі шешілмеген. Өйткені, мұндағы жерлер «Баянауыл» ұлттық паркіне тиесілі. Сондықтан жобаны жүзеге асыру үшін ең алдымен жер учаскелерін Баянауыл ауданы әкімдігінің балансына өткізу керек. 

«2020 жылы туристік нысандарға апаратын жолдарды жөндеу жоспарланған. Мәселен, Жасыбай – Қоңыр Әулие – Біржанкөл – Мәшһүр Жүсіп кесенесі бағытындағы жолды жөндеуге жергілікті бюджеттен 427 млн теңге бөлінеді», – дейді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, келер жылы Баянауылда биодәретханалар, орындықтар мен қоқысты бөлек жинауға арналған контейнерлер орнатылады. Сондай-ақ киелі орындардың бағытын көрсететін арнайы белгілер қойылады.

Бұдан бөлек, 2020 жылы жаңа демалыс үйлері, кешендер мен корпустар салынбақ. Сондай-ақ арқан саябағын, өрмелі қабырға және аэростат іске қосылмақ.

Еске сала кетейік, Баянауыл туристік аймағы Қазақстанның ТОП-10 инвестициялық жобаларының қатарына енген болатын. Биыл жазда мұнда 130 мыңнан астам адам демалған.

Фархат Әміренов