"Мырзашоқыны" дамытуға қар мен қонақүй керек

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
24973

Баянауылдағы "Мырзашоқы" тау-шаңғы кешені биыл туристерді екінші рет қабылдамақ. 

"Мырзашоқыны" дамытуға қар мен қонақүй керек Фото: Валерий Бугаев

2017-2018 жылдары Баянауылдың курорттық аймақтарын дамытуға 23 млрд теңге инвестиция тартылған екен. Ал бұл өлкеде жыл сайын 200 мыңнан астам адам демалады. Жергілікті билік Баянауылды жыл-он екі ай бойы туристерді қабылдайтын орын етпек. Осылайша, туризм индустриясын жаңа белеске шығармақ ниетте. Баянауыл ауданы Қаражар ауылындағы "Мырзашоқы" тау-шаңғы кешені де дәл осындай мақсатпен құрылған болатын.

Жаңадан салынған тау-шаңғы кешені өткен жылдың қарашасында пайдалануға берілді. Былтырғы маусымда кешен 5 мыңға жуық адамды қабылдаған. Биыл мұнда келушілер саны әлдеқайда көп болады деп күтілуде. Алайда бұған қолбайлау болуы мүмкін екі мәселе бар. Біріншісі – қар, екіншісі – қонақүй.

Біріншіден, Мырзашоқы тауына қар аз түседі. Бәлкім, қар жатпайды деп айтқанымыз жөн шығар. Ұйытқып соққан жел жауған қарды көшіріп әкетеді. Павлодар облыстық туризм және спортты дамыту басқармасының басшысы Марат Айдашевтің айтуынша, биыл қармен проблема болмайды. Себебі қазірдің өзінде қар тоқтату жұмыстары жүріп жатыр. Ол үшін арнайы тақтайлар орнатылған.

Екіншіден, тау-шаңғы кешенінің өз басында қонақүй жоқ. Демек, туристер қона жатып, қызыққа бата алмайды деген сөз. Күнбе-бен барып қайту керек. "Мырзашоқы" тау-шаңғы кешені Қаражар ауылының іргесінде орналасқан. Бұл ауылда тұрақ етерлік бос үйдің бар-жоғы тағы беймәлім. Сондықтан, қонақ үй мәселесін Мырзашоқыға жауапты басқарушы компания шешуі керек.

Жалпы, басқарушы компанияның міндеті – кешендегі инфрақұрылымды дамыту. Марат Айдашевтің сөзінше, басқарушы компания биыл біршама шаруа тындырған. Кешен орналасқан аумақтан тамақ ішетін, құрылғыларды жалға беретін орын-жайлар салынған. Шаңғы трассалары қалпына келтірілген. Сонымен қатар, балаларға және шаңғы тебуді енді бастағандарға ұзындығы 300-400 метрлік жаңа трасса әзірленген. Тауға жылдам шығу үшін бугель орнатылған. Десе де, маусым басталғанға дейін тағы біршама жұмысты реттеу керек. Алдымен, тауға баратын жолды реттеген абзал.

Басқарма басшысының сөзінше, кешенді сумен қамтамасыз ету мәселесі де биыл шешілген. Ол үшін Мырзашоқыдан 1,7 шақырым жерде құдық қазылды. Жақын уақытта құдықтан құбырлар тартылып, базаға су келмек. Бірақ мынадай қара суықта құбыр тартудың өзі қиын екенін айтпасақ та түсінікті.

Еске сала кетейік, McKinsey&Company халықаралық консалтинг компаниясы Баянауыл туризмін дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған бас жоспарын әзірлеген болатын. Жеті жылдық жоспардағы маңызды бағыттың бірі ретінде "Мырзашоқы" тау-шаңғы кешені таңдалып алынған.

Мұндағы басты артықшылық – аспалы жол. Оның көмегімен бір сағатта 600-дей адам тау басына шыға алады. Ал жолдың ұзындығы бір шақырымға таяу. Аспалы жолға екі кісілік 63 орындық орнатылған. Оның көмегімен тау басына 11 минутта шығуға болады.

"Аспалы жолы аз ғана уақыттың ішінде орнатылды. Алғашқы қадасын 2017 жылдың 29 шілдесінде қақтық. Ал 2018 жылдың қарашасында тиісті органдардан рұқсат алдық. Иә, қарға қатысты мәселе бар. Қарды өзге жерлерден тасу жағын да қарастырдық. Бірақ бұл бір күннің шаруасы емес", – деген болатын Марат Айдашев 2018 жылдың соңында жергілікті журналистерге берген сұхбатында.

Мамандардың айтуынша, тау-шаңғы базасы бір маусымда 50 мыңдай адамды қабылдауға қауқарлы екен. Тек, қар мен қонақ үйдің мәселесі шешілсе болғаны...

Айтпақшы, "Мырзашоқы" тау-шаңғы кешені мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 300 млн теңгеге салынғанын атап өткен жөн.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу