Әлемдегі коронавирустық пандемия бірінші кезекте туризм саласына кері әсер еткені сөзсіз. Қазақстанда індет жұқтырудың алғашқы жағдайлары наурыз айында тіркелгенімен, туризм саласындағы көрсеткіштер 2019 жылдың желтоқсанынан бастап төмендей бастаған. Шет мемлекетке сапарлау немесе сырттан туристер шақыру да әзірге мүмкін емес.
Бар үміт – ішкі туризмде
Қазақстан туристік қауымдастығының директоры Рашида Шайкенованың пікірінше тур компаниялар мен операторлардың биылғы маусымдағы жалғыз үміті – ішкі туризм. Алайда оны дамытуға Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 10 мамырда қабылдаған жаңа қаулысы кедергі болуы мүмкін.
"Биыл бізде екі бағыт бар. Алакөл мен шипажайларға сұраныс артады деп отырмыз. Алайда ішкі туризмді дамытуға 10 мамырда қабылданған Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысы кедергі болып отыр. Оның 9-шы бөлімінде туристерден коронавирустық инфекцияға талдау тапсырып, оның теріс нәтижесін растайтын анықтама талап етіледі. Ол 7 күнге беріледі. Демалушылардың басым бөлігі саяхатқа 7 күннен ұзақ уақытқа шығатыны анық. Ал анықтаманың жарамдылық мерзімі өткен соң қайта құжат алу шараларын кім ұйымдастырады? Бұл мәселе қалай шешіледі? Мұның тетіктерін қауымдастық өкілдерімен ақылдасу қажет", – дейді Рашида Шайкенова.
Маркетингке көңіл бөлу керек
"SkyWay Travel" ЖШС директоры Әсем Қозбағарова 1 турист 10 адамды жұмыспен қамтитынын айтады. Сондықтан ол дағдарыс кезінде маркетингке көңіл бөліп, тұтынушыларды баурап алуға тырысу керек, деп есептейді.
"Туризм саласын ішкі жалпы өнімнің 8%-ын қамтитындай деңгейге жеткізуді мақсат етеміз. Ол үшін арнайы маркетингтік стратегия жасауды ұсынамыз. Бұл мемлекеттік бренд қалыптастырудан басталады. Қазақстанның туристік аймақтарын таныту басты назарда болуы тиіс. Ерте ме, кеш пе туризм қайта жанданады. Сол уақытқа дейін саяхашыларға Қазақстан турлы айту маңызды. Ол үшін көрмелерге қатысып, түрлі шаралар ұйымдастыру қажет. Тек биылғы маусымды емес, алдағы жылдарды ойлауға тиіспіз. Әрине, табиғат, ғимараттар барлығында бар. Қазақстанның ерекшеліктерін анықтап, туристік тартымдылықты арттыра білген абзал", – деген компания басшысы туристік нысандар салудың маңызы туралы айтты.
"Саяхатшыларды магнитше тартатын өте ерекше бір-екі нысан керек. Мәселен, Дубайдағы Бурдж Халифа сынды. Біз белгілі бір нысанды жетілдіре аламыз немесе жаңа нысан салуға болады", – дейді Әсем Қозбағарова.
Визасыз режим
Қазіргі кезде елімізде бірқатар мемлекеттерден келетін туристерге 72 сағаттық визасыз режим тоқтатылған. Әлемнің 50-ден астам мемлекетінен келетін саяхатшыларға виза алу міндеттелді. "Outfitter KZ" ЖШС директоры Азамат Мұхаметжановтың топшылауынша визасыз режимді тоқтатудың орнына, карантин уақытында ғана шектеулер енгізу керек еді. Себебі тур компания басшысы консулдық алымның өзі жолдаманың қымбаттауына алып келетінін айтады.
"2017 жылы ЭКСПО көрмесі ұйымдастырылды. Сол уақытта виза беру бойынша түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Мұндай соңғы өзгерістер өткен жылдың соңында болған. Алайда коронавирустық инфекция тарай бастағаннан кейін бұл жеңілдіктер тоқтатылды. Яғни қазір 4 жыл бұрынғы жағдайға қайта оралдық. Біздің елімізде консулдық алым 60 доллар тұрады. Бұл саяхат құнына әсер етеді. Мәселен, Еуропадан Қазақстанға келген саяхатшы ұшақ билетін қоспағанда 7 күнге 600-700 доллар төлейді. Демек консулдық алым саяхат құнының 10%-ын құрайды. Бұл өте көп", – дейді ол.
Сондықтан тур компания басшысы саяхатшылар бағаның қымбаттығы үшін көрші бәсекелес елдерге кетіп қалуы мүмкін деген пікірде.
"Бізге бәсекелес Монғолия, Өзбекстан сынды көрші елдер мұндай шара қабылдаған жоқ. Виза бойынша жеңілдіктер сол қалпы қалды. Оларда визасыз режим сақталды. Тек карантин уақытына шектеулер қойылған", – дейді компания басшысы.
Қазақстанда алдағы айларда туристік маусым басталады. Өкініштісі елімізде мұндай кезең өте қысқа. Алакөлде 1,5 ай, Бурабайда 2 ай, Алматы облысында 6 айға созылады. Сондықтан туристік қауымдастық өкілдері қаулы мен визасыз режим бойынша жеңілдіктер қарастырылуы қажет деп есептейді.
Құралай Құдайберген