Жолдар бойындағы 99 дәретханаға 1 миллиард теңге жұмсалған

1860

Әлем ұшынып тұрғанда, Абаев туризмді түлетуге ниетті. Пандемиядан, "қасіретті қаңтар" оқиғаларынан ең көп зардап шеккен туризм саласына енді Ресейдің Украинаға соғысы соққы беруде. Соған қарамастан, мемлекет салаға миллиардтар құюын тоқтатар емес.  

Жолдар бойындағы 99 дәретханаға 1 миллиард теңге жұмсалған

Қазақстандағы ең жолы болмаған, шаруасы шатқаяқтаған сала туризм болса керек. Мемлекет оған барынша қамқорлық көрсетіп, сұраған қаражатын мүмкіндігінше құюда. Бірақ қайтарымы тым-тым төмен.

Мәдениет және спорт министрлігін (МСМ) Ақтоты Райымқұлова басқарып тұрған тұста, мемлекет салаға қаржыны аяусыз-ақ төкті. Олардың кейбіріне ғана тоқталып өтсек. Жаһанды коронавирус жайлап, дүниежүзілік пандемия жарияланып, мемлекеттер шекараларын тарс жапқан 2020 жылы Қазақстан түгіл, туризмнің жерұйығы саналған елдердің өзінде осы сала тоқырады. Тиісінше, бізде де туризмге бөлінген қаражаттар халықты аты жаман дерттен құтқаруға қайта бағытталған.

Алайда МСМ мұны айналып өтетін жолды табады. Министр Мамин Үкіметін "дәл осы сала жаңа жұмыс орындарының ашылуына серпінді ықпал етеді" деп сендіріп, мол қаражат бөлуге көндіреді. Осылайша, пандемия жылында туризм саласы... "Жұмыспен қамту жол картасы" бағдарламасы аясында қаржыландырылған.

Төбе шашты тік тұрғызатын мәлімет белгілі болды. Жол бойындағы күлімсі иісі қолқаны қабатын дәретханаларды тұрғызуға 1 миллиард теңге шығындалыпты.

"2020 жылы негізгі екпін саланы "Жұмыспен қамту жол картасы" арқылы қаржыландыруға түсірілді. Оның шеңберінде 14,8 миллиард теңге сомасына 23 жоба жүзеге асырылды. Сондай-ақ 1 миллиард теңге сомасына 99 санитарлық-гигиеналық тораптың (жол бойындағы әжетханалардың) құрылысы қаржыландырылды", – деп енді хабарлап отыр Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті.

Бұл "қызықтың" жалғасы бар: министрлік жол бойындағы дәретханаларды ұстап тұруға – әрқайсысына 83 300 теңгеден ұдайы субсидия беріліп отыратынын жеткізді. Яғни туалет дегені – тоқтаусыз қаржы көзі сияқты. Егер миллиард ақша берсе, одан кейін тұрақты түрде субсидия бөлсе, ауылдықтар кез келген жолдың бойына қаптатып дәретхана салып тастап, содан ақша алып отырар еді.

Шетелдіктер келе ме деп, шығындалып жатырмыз

Шығындар сомасы мұнымен бітпейді. Мемлекет "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасына 1 триллион теңге бөлгені мәлім. Оның ішіне туризмнің 5 қызмет түрінің жалпы классификаторы енгізілген. Нәтижесінде, "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы аясында 26 миллиард теңгеден астам сомаға, 10 жылға дейінгі кредиттеу мерзімімен 58-ден астам жобаға бюджеттен қаржы берілген.

Бұған қоса, "Бизнестің жол картасы 2025" аясында да 5 жылға дейінгі несиелеу мерзімімен 60 миллиард теңгеден астам сомаға 177-ден астам жоба мемлекет есебінен қаржыландырылды.

Тіпті нақты өнім шығарып, елді асырап отырған салалардың өзіне қолжетімсіз артықшылықтар аққұла осы салаға беріліпті. "Туристік саланың инвестициялық ахуалын жақсарту мақсатында туризм саласындағы инвестициялық жобаны басымдықты деп тануға арналған шек (порог) 2 млн АЕК-тен 200 мың АЕК-ке дейін төмендетілді, бұл инвестициялық преференциялар алуға мүмкіндік береді". Яғни туризм саласындағы жобаға инвестор бұрын 6,1 миллиард теңге салса ғана салықтық және басқа артықшылықтарға қол жеткізетін, қолдау қаржы алатын. Енді 612 миллион теңге қаражат салса болғаны, оны Үкімет төбесіне көтеріп, құрмет-қошеметке бөлемек. Айтпақшы, елордада бұл сомаға сән-салтанатты тұрғын үй кешенінен 2 пәтер ғана сатып алуға болады.

Саланың шығыны таусылмайды. Туристік нысандар салынып жатқан жерлерге инженерлік-коммуникациялық желілерді тарту, ілеспе инфрақұрылымды жақсарту үшін 2019-2021 жылдар кезеңінде 120 миллиард теңге жұмсалған.

Осыдан кейін шекаралар ашыла сала, туристер Қазақстанға ағылған болар? Жоқ. Сала көрсеткіштері ары қарай құлдырауда.

"Пандемияға байланысты туындаған әлемдік дағдарыс Қазақстанға да әсер етті. Эпидемиологиялық жағдайға және шекараны кесіп өту кезіндегі карантиндік шектеу шараларына байланысты 2021 жылдың 9 айының қорытындысында елге келген туристер саны алдыңғы жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 46,8%-ға құлдырады. 2020 жылы 1,8 млн турист келсе, былтыр 950 мың адам келді", – деп хабарлады комитет. 

Ведомство пандемияға дейін туристік ағын жоғары болғанын еске түсіреді. 2019 жылы Қазақстан шетелден 8,5 млн саяхатшыны қабылдапты. Дегенмен сарапшылар бұл көрсеткішке күмән келтіреді. Себебі осы санға ел шекарасын кесіп өткен барлық шетелдіктер кіргізілген. Салдарынан ол қатарға жұмыс істеуге келген мигранттар мен экспаттар да еніп кетуі мүмкін. Оның үстіне 50%-ын Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Қытай сияқты көрші елдерден келгендер құрады. Мысалы, ара-тұра Қазақстанда қалған туыс-туғандарына келіп қайтатын Ресей тұрғындары да турист болып есептеле береді.

Ел тарихында рекордтық көлемде туристер келді делінетін 2019 жылы қонақүйлерден тек 5,3 миллион адам ғана бөлме жалдаған. Мұның ішінде Көкшетау-Бурабай, Сарыағаш-Манкент және басқа да танымал курорттарда демалатын қазақстандықтар да бар.

Салыстыру үшін айтсақ, 2020 жылы қонақүйлерге 3,3 млн, ал 2021 жылы 3,9 млн адам тоқтапты. Былтыр 950 мың шетелдік саяхатшы келгенін ескерсек, қалған 3 миллиондайы – ішкі туристер болған.

Не десек те, туризм саласы салынған миллиардтарды ақтамай тұр. Оның ЖІӨ-дегі үлесі 2019 жылғы 5,2%-дан 2,4%-ға дейін құлдырады.

Соған қарамастан, басшысы ауысқан Мәдениет және спорт министрлігі салаға баса мән беріп, "Туристік саланы дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын" әзірлеп шықты. Министрлік ондағы шараларды жүзеге асыру арқылы туризмнің ЖІӨ-дегі үлесін осы бесжылдықта 6,5%-ға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.

Туризм индустриясы комитетінің мойындауынша, Қазақстандағы қонақ орналастыруға арналған объектілердің – қонақүйлердің, пансионаттардың, демалыс базалары мен үйлерінің, санаторийлік-курорттық мекемелердің көбісінің материалдық базасы моральдық және физикалық тұрғыдан әбден ескірген. Мұны "Kazakh Tourism"-нің жүргізген зерттеуі әшкереледі. "Керуерт дөңбекшіген сайын түні бойы сықырлады" деген пікірді оқуға болады.

Сондай-ақ ведомство "олардың сервис деңгейі халықаралық талаптарға сәйкес келе бермейді" дейді.

Сонымен қатар елдегі негізгі 2086 қонақүйдің 1936-сының ешқандай "жұлдызы", санаты жоқ. Себебі Қазақстанда қонақ орналастыру орындарын саралау ерікті болып келді. Енді "жұлдыз" алу, яғни классификациялану міндетті болады деп күтілуде. Әйтпесе, "жұлдызсыз" үйлерге шетелдік туристер қызықпайды.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу