Елімізге келетін туристердің 90%-көрші үш елден

25667

Посткеңестік кеңістіктен тыс туристер үлесі 10%-дай ғана.

Елімізге келетін туристердің 90%-көрші үш елден

Қазақ елі жер-жаһанда "бүкіләлемдік мұралардың мәдени нысандарының" саны жөнінен 61-орынға, "дүниежүзілік мұраның табиғи нысандарының" саны бойынша – 30-орынға, ал "ауызша және көзге көрінбейтін мәдени нысандар" саны бойынша – 22-орынға ие. Яғни, ата-бабамыз мол мұра қалдырған, табиғат та игілікті үйіп-төгіп берген.

Бірақ оны қазіргі билік ұқсатып пайдалана алмай отыр. Мысалы, Дүниежүзілік экономикалық форумның 2019 жылғы "Саяхаттар мен туризмнің бәсекеге қабілеттілігі" жаһандық рейтингінде Қазақстан 136 елдің ішінде соңғы қатарда, 80-тұғырда тұр және көрсеткіші нашарлаған. Мысалы, әр екі жылда бір шығатын бұл рейтингте 2015 жылы мемлекетіміз 77-орында болған.  

Үкіметке бұл нәтиже ұнамайды. Сондықтан жауапты органға – Мәдениет және спорт министріне биылдан бастап, көрсеткішті жоғарылату жөнінде міндет қойды.

2019 жылы елімізге 7,9 миллион туристің саяхаттағаны тіркелді. Олардың 90%-ын ТМД елдері, соның ішінде Өзбекстан, Ресей және Қырғызстан азаматтары құрады.

"Алайда өзбектер және қырғыздар Қазақстанға қыдырып, жер көру үшін емес, еңбек етіп, қаржы табу үшін кіреді деген пікір бар. Алайда мигрант карточкасын алуға мәжбүрлемеуі үшін шекарадан өткенде турист екенін айтады. Ал Ресей саяхатшыларынан ел экономикасына пайда шамалы. Мысалы, жазда Бурабай, Балқаш жаққа барсаңыз Ресейдің Омбы, Томск, шекаралас өңірлерінің тұрғындары толып жүреді. 2018 жылғы мамырда Алакөлде Елбасының қатысуымен өткен туризмді дамыту кеңесінде Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстанға бет алатын ресейлік туристер сапасы сын көтермейтінін ашық айтты. Өйткені олардың 70 пайыздан астамы өз автокөлігімен жетеді, демек, отандық көлік-тасымал қызметін пайдаланбайды. Ең сорақысы, олар бич-пакет, ет және басқа да өз азық-түлігімен, тіпті палаткаларымен келеді. Салдарынан, олардың саяхатынан экономикалық тиімділік жоқтың қасы. Мұны салалық министрлік мойындады. Қайта ресейліктер табиғатымызды былғап кетеді", – деп қынжылады туризм және қонақжайлылық маманы Милана Силуянова.

Ол негізінен, Батыс елдері туристеріне, сондай-ақ Қытайдың топтық емес, жеке қыдыратын саяхатшыларына бағдарланған жөн дейді.    

Әзірге, посткеңестік кеңістіктен тыс туристер үлесі 10%-дай ғана. Оның ішінде Қытай, Түркия, Германия және АҚШ азаматтары басым.

"Қазіргі кезде Қазақстанның туризмі көрші елдерге қатты тәуелді және әртараптандыруды талап етеді. Осыған орай "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясы еліміздің әлемдегі танымалдығын арттыру мақсатында Қазақстанның туристік мүмкіндіктері мен әлеуетін шетелдік БАҚ-та, интернет-кеңістікте, әлеуметтік желілерде және сарапшылық қоғамдастық арасында кәсіби ақпараттық сүйемелдеумен және ілгерілетумен айналысатын болады. Ұлттық компания 2028 жылы мемлекетімізге келетін туристер санын 9,7 миллион адамға дейін, ал өз еліміз бойынша саяхаттайтын қазақстандықтар санын 10 миллион адамға дейін арттыруды жоспарлап отыр", – деп хабарлады Мәдениет және спорт министрлігі.

Бұл ретте 2020 жылы шетелдік туристер санын 8,1 миллионға, ал туған өлкені тануға құмартқан ішкі туристер санын 5,1 миллионға жеткізуге тиіс. Осы мақсатта биылғы жыл бойы ұлттық компанияға елде және сыртта 105 миллион адамды қамтитын жарнамалық науқан жүргізуге рұқсат етілді. Бұл көрсеткіштердің барлығы "Kazakh Tourism" АҚ-ының 2028 жылға дейінгі жаңа даму стратегиясына енгізіліп отыр.

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова осы кезеңде туристік сала жобаларына ең кем дегенде 39 миллиард теңге инвестиция салынатынын мәлім етті. Оның айтуынша, мақсатты нарықтарда, яғни шетелде 1,2 миллиардтан астам әлеуетті туристер жарнамалық хабарламалармен қамтылатын болады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу