"Өзімді сатқын санаймын" – Сириядан қайтқан келіншек

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3793

Баянауылдық келіншек Сирияда бастан кешкендерін баяндап берді.    

"Өзімді сатқын санаймын" – Сириядан қайтқан келіншек

"Жусан" операциясы бойынша Сириядан оралған қандастарымыздың қатарында баянауылдық Толғанай да бар. Бес жылдай берекесі қашқан бөтен елде өмір сүрген ол, Павлодардағы "Мәшһүр Жүсіп" мешітінің жамағатымен болған кездесуге қатысып, бастан кешкендерін бүкпесіз баяндап берді. Бір жарым сағатқа созылған кездесуде айтылған әңгіменің ұзын-ырғасы мынадай.

"Қайыр сұрап, күн көрдік"

– Толғанай, қай өңірдің тумасысыз?

– Баянауыл ауданынанмын. Қазақы ортада өстім. Аудан орталығындағы Шәкен Айманов атындағы мектеп-интернатының түлегімін. Қазір Екібастұз қаласында тұрып жатырмын.

– Сирияға қалай кетіп жүрсіз?

– 2009 жылы 11 сыныпты бітірген соң, Қарағанды қаласына оқуға түстім. Күйеуіммен сол қалада таныстым. Екеуіміз бір топта оқыдық. Ол мені дінге шақырып, намаз оқуыма, хиджап киюіме себепкер болды. Университетте оқып жүріп, некеге тұрдық.

Соңғы курста күйеуімнің достары Сирияға, жихадқа кете бастады. Ең жақын деген достарының өзі шекара асып кетті. Осыдан кейін оның да қызығушылығы оянды. Интернеттен Сирия туралы түрлі видеолар көретін болды.

Бірде үйімізге күйеуімнің досы келді. Ол Сирияға кетіп бара жатыр екен. Жолдасым аяқ астынан сабындай бұзылып, жедел шешім қабылдады. Әлгі жігітпен бірге еріп кетті. Кейін мені шақырды. "Бұл жақта бәрі шариғат заңымен жүреді" деп қызықтырды. Оның үстіне Сирияға келмесең, талақ беремін деп ескертті.

– Намаз оқып, хиджап кигеніңізді, жолдасыңыздың жихадқа кеткенін ата-анаңыз білетін бе еді?

– Әрине. Күйеуім Сирияға кеткен соң, ата-анам біздің теріс жолда жүргенімізді айтып, мені қыспаққа алды. Хиджабымды шешуді, намазымды тастауды талап етті. Күйеуіме хабарласып, ата-анам тарапынан қысым көрсетіліп жатқанын айтып едім, "Дініңе қауіп төніп тұр, Ислам халифатына келгенің дұрыс" деді. Осылайша, жолдасымнан кейін араға бір жарым жыл салып мен де Сирияны бетке алдым. Бұл 2014 жылдың шілдесі болатын.

– Ол кезде балаларыңыз бар ма еді?

– Иә, екі баламен аттандым.

– Сириядағы алғашқы әсерлер қандай болды?

– Әуелде бәрі жақсы еді. Соғыс біз орналасқан жерден едәуір қашықтықта жүріп жатты. Шабуылдың бәрі біздің жеңісімізбен аяқтала берді. Ақша да жеткілікті еді. Әскерилер мұнайлы жерлерді жаулап ала бастады. Әуе қатынасын да өз иеліктеріне алды. Десе де, басында ештеңе ұқпадық. Шариғат үстемдік құрған жерде тұрып жатырмыз десек те, соғыстың көптігі, берекесіздік күмәнді ойларға жетелейтін. Имандылық орнаған жерде береке, әділдік салтанат құруға тиіс еді ғой. Біз мұның бірін де көрмедік.

– Ақша жеткілікті болды дедіңіз. Оны қайдан алатын едіңіздер?

– Төлемақы алып тұрдық. Төлемақы бала мен әйлел санына байланысты төленеді. Ақшаны доллармен алатынбыз. Басында ай сайын әйел басына 50 доллардан, бала басына 25 доллардан беріп отырды. Кейін көл-көсір ақша да сап тыйылды. Соңында қайыр сұрап кеттік.

– Қайыр сұрап дейсіз бе?

– Иә, қайыр сұрап кеттік. Әуелде соғыс біз тұрған жерден аулақта жүріп жатты. Әйел-балалар қалалық жерде тұрдық. 2017 жылдан бастап әскеріміз жеңіліске ұшырай бастады. Сол кезде бәрі түсінікті бола түсті. Өйткені, билік басында кілең арабтар отыр. Олардың мақсаты мүлдем бөлек еді. Арабтар бізді адам құрлы көрмейтін. Сөйтіп, қиындықтар басталды. Күйеуі қайтыс болған жесір келіншектердің бәрі бір үйде тұрды. Әбден ашықтық. Қайыр сұрап күн көретін болдық. Зекет үйіне барып тамақ сұраймыз. Маңайлатпайды да. Ал арабтар мен ирактықтар тамақтан тарыққан жоқ. Бірнеше күн бойы нәр татпаған кездер болды. Ашыққан балалар зар жылайды. Шөп қайнатып, соны талғажау етеміз. Мал жейтін жем-азықты қорек ете бастадық. Арабтар соңғы кезде соның өзін бермей қойды ғой.  

– Демек, ел ішінде теңсіздік орнағаны ғой.

– Иә. Жергілікті арабтар мен біз секілді әр елден келген келімсектердің жағдайы бірдей емес. Арабтар шетінен бай тұрады. Олар ішіп-жемнен тарықпады. Ал біз ешкімге керексіз болып қалдық.

"Сауап алмай отырсыңдар"

– Жолдасыңыз соғыста мерт болды ма?

– Иә. Олар соғыстың ортасында жүрді. 2017 жылдың желтоқсан айында қонақта отырған жерінде үстіне бомба түсіп, мерт болды. Қалада атыс-шабыс көбейіп, даладан далаға көшуге мәжбүр болдық. Сол кезде ғана Ислам халифатындағы шынайы картинаға көзіміз жетті.

– Қазақстанға қайтудың жолын іздеген жоқсыздар ма?

– Өкінішке қарай, жол жоқ еді. Жол болды. Бірақ қауіпті еді. Оққа ұшарың анық. Жер-көктің бәрі жарылыс. Қашуға ниеттенгендерді түрмеге қамайды, жазалайды. Өзін-өзі жарып жіберетіндер көбейді. Арабтар жәннатқа барудың тіке жолы Алла жолында өз-өзіңді өлтіру деп үгіттейді. Өлімге итермелейді. Ер азаматтардың көбі осылай мерт болды. Кейін әйелдер де өздеріне қол жұмсай бастады. Бұл жағдай балаларды да айналып өтпеді.

– Екінші рет күйеуге шықтыңыз ба?

– Иә. Күйеуім қайтыс болған соң, бір жылдан кейін мүгедек адамға тұрмысқа шықтым. Егер тұрмысқа шықпасаң, арабтар "Сенің құлшылығың – күйеуің, сауап алмай отырсыңдар" деп қыспаққа алады. Ол жақта көп әйел алушылық кең таралған. Ер адамдарда үш-төрт әйелден болады. Мен біреуге екінші, үшінші болып шыққым келмеді. Әйтеуір тұрмысқа шығуым керек екен, әлдекімге екінші, үшінші әйел боп тигенше, көмектесіп, жағдайын жасайын деген мақсатпен мүгедек адамның етегінен ұстадым. Ол отбасымен бірге бомбаның астында қалған екен. Алланың қалауы ғой, онымен аз ғана уақыт тұрдым да, Қазақстанға оралдым.

– Қазақстандағы ата-аналарыңызбен байланыс болды ма?

– Әрине. Ата-анадан безініп кетсек те, қиналған шақта солардан көмек сұрадық. Осы жылдың басында мүлдем далада қалдық. Тұрып жатқан жеріміз тарыла бастады. Кәдімгідей тірі соғыстың ішінде жүрдік. Төбемізден оқтар ұшып жатты. Айналаның бәрі қызыл жалын. Алладан дұға тілеумен болдық. Жеңілдік сұрадық. 2019 жылы күрдтердің қолына өттік. Мұнда жарақат алған адам көп. Оларға ешкім қарамайды, көмектеспейді. Аяқ, қолдары құрттап, шіріп жатыр. Медициналық көмек, дәрі-дәрмек атымен жоқ.

– Әке-шешеңіз ақша жіберіп тұрды ма?

– Иә. Жалпы, ол жақта бай адамдар өте көп. Қазақ қыздарының біразы күйеулері өлген соң, арабтарға тұрмысқа шықты. Міне, олар таршылық көрмеді. Көбінесе, біз ақшаны солардан қарызға аламыз. Қарызымызды ата-анамыз жауып отырады. Яғни, ақшаны бізге қарыз берген қыздардың елдегі ата-аналарына жолдайды.

– Күрдтердің лагеріне қалай өтіп жүрсіздер?

– Басында күрдтердің қолына өтуге мемлекет тарапынан тыйым салынған болатын. Ол жаққа өтіп кеткендер дереу жазаланатын. Кейін жеңілістен көз ашпаған соң, тұрып жатқан жеріміз тарылып, арабтардың өздері "қажет емессіңдер" деп елден қуып шықты. Ақыры күрдтердің қарамағына өттік. Арабтар мен күрдтер арасында өзара келісім болды. Күрдтердің лагерінде өз басым үш ай тұрдым. Мұнда жарты жыл, бір жыл отырғандар бар.

– Балаларыңыз үнемі өзіңізбен бірге болды ма?

– Иә. Сирияға екі баламен кеттім. Бір балам сол жақта үстіне бомба түсіп мерт болды. Қазір үш балам бар.

"Арабтар да арақ ішіп, темекі тартады"

– Арабтар Ислам дінін толық ұстана ма?

– Жоқ. Арабтар да арақ ішіп, темекі тартады. Көбінің намаз оқығысы келмейді. Құлшылықты қорыққандарынан істейді. Өз үйлерінде намаз оқымай, арақ ішіп, темекі тартатындар көп. Оларды ұстап алса, жазалайды. Жергілікті халық бізді жақтырмайды. "Біздің жерімізге неге келдіңдер? Өміріміздің ойран-топырын шығардыңдар" деп тілдейді. Көмектеспейтіні де сондықтан. Қала ішінде қиындық көбейген кезде арабтар бала-шағасын қауіпсіз жерге апарып тастайды. Тынышталған соң, қайта алып келеді.

"Шариғат соты" деген болды. Бірақ аталған сот ешқашан әділ болған емес. Сот қызметін ирактықтар атқарады. Олар бізге қатысты ауыр үкім шығарады да, жергілікті арабтарды жеңіл жазалай салады. Мәселен, ұрлық жасаған келімсектердің қолы шабылса, арабтарды екі-үш күнге қамап, кейін шығарып жібереді. Осы әділдік пе енді?!

– Балаларыңыз білім ала алды ма?

– Ондай мүмкіндік болған жоқ. Әркім өз үйінде шамасы келгенше оқытады. 12-13 жасқа толған ұлдарды соғысқа дайындайды. Оларды бөлек алып кетіп, қару ұстауға үйретеді. Өкініштісі, өзін өзі жарып жіберетіндер де солар еді. Өйткені олар үгітшілердің айтқанынан шыға алмай қалады. Ондағы балалардың тағдырына қатты алаңдатады. Ес білгеннен соғыстың ішінде жүретіні аздай арабтар зорлап, қинайды.

– Ел ішінде үгітшілер жұмыс істеді ме?

– Иә. Аптасына үш-төрт мәрте келіп, үгіт жүргізеді. Олар шын мәнінде Ислам халифаты орнағанына көзімізді жеткізгілері келеді. Елге қайтамыз дегендерге сендерге жәннатқа жол жоқ деп қорқытады. Алдағы өмірді қорқынышты жағдайлармен елестеді. Елге қайтсаңдар Алланың қаһарына ұшырайсыңдар деп үркітеді. Үгітшілердің айтқанынан шыға алмай оқ пен оттың ортасында қалғандар көп. Үгітшілерден бөлек, кімнің қайда тұрып, қайда көшетінін реттеп отыратын адамдар бар. Көшеге белгілі бір тәртіппен шығамыз. Белгіленген уақыттан артық жүруге болмайды.

– Қай тілде сөйлестіңіздер?

– Араб тілінде. Негізінен, қазақтар бір-бірімізден ажырамауға тырыстық. Бірге көшіп, бірге қонып жүрдік.  

– Сирияда қазақтардан басқа тағы қандай ұлттың өкілдері болды?

– Онда көп ұлттың өкілдері бар. Үндістер, америкалықтар өте көп. Қырғыздар мен өзбектер де бар. Шешендер көп. Ресей азаматтары өріп жүр. Қазақстанға кеткелі жатқанда солардың бәрі бізге қызыға қарады.

– Күрдтердің лагеріне өткен соң, жағдайларыңыз жақсарды ма?

– Жоқ, әрине. Бұл жақта да көргеніміз зорлық-зомбылық болды. Күрдтер түн ішінде алып кетуі мүмкін. Алып кеткеннен кейінгі тағдырың жан баласына жұмбақ болып қала береді. Жеті қараңғы түнде зорлап кететіндер бар. Қолда бар ақшаңды, тамағыңды тартып алады. Себепсіз ұрып-соғады. Күрдтердің лагеріндегі мұсылмандар қатты қиналып жатыр.

– Адам саудасы болды ма?

– Болды. Көбінесе әйелдерді күңдікке сататын. Әйелдер жасына, әдемілігіне байланысты әртүрлі бағаланады. Тұрмысқа шықпаған қыздардың бағасы жоғары. 

"Дін теңдігін іздеп барып, ұлттық теңсіздікке тап болдық"

– Сонда Сирияға не іздеп барып жүрсіздер?  

–  Бәрі білімсіздіктің салдары ғой. Ол жаққа барғанда араб тілін білмедік. Құранның бірнеше сүресін ғана білеміз. Тәжуидті сол жақта үйрендік. Сирияға дін теңдігін іздеп барып, ұлттық теңсіздікке тап болдық. Сананың соқырлығы жаман екен. Бұл біз үшін үлкен сынақ болды.

– Қазақстанға қашан келдіңіздер?

– Мамыр айының соңында, "Жусан-3" операциясымен оралдық.

– Туған жерге келгенде қандай сезімде болдыңыздар?

– Бізді соттап, түрмеге қамайтын шығар деп ойладық. Халық теріс айналатын шығар деген қалың ойдың жетегінде жүрдік. Қалай десек те, біз Отанымызды сатып, шетелге қашып кеттік қой. Мен өзімді сатқын санаймын. Бірақ бізді бәрі құшақ жая қарсы алды. Мұндайды күтпеген едім.

– Қазір немен айналысып жүрсіз?

– Елге оралған соң, Ақтауда бір ай оңалту шараларынан өттік. Психологтармен, теологтармен жұмыс істедік. Бір айдан кейін туған облысымызға аттандық. Қазір Екібастұз қаласында тұрып жатырмын. Мемлекет құжаттарымызды реттеп беруде. Балаларымның әкелері қайтыс болғандықтан, мемлекеттен жәрдемақы аламыз. Бізге осыдан артық қандай көмек керек?! Мемлекеттен бұдан артық не сұрай аламыз?!  

– Алда қандай жоспарлар бар?

– Жоспар көп. Оқуымды бітіріп кеткем. Алла қаласа, мамандығым бойынша жұмыс істегім келеді. Арнайы курстардан өтіп, білімімді жетілдірсем деймін. Балаларымды балабақшаға, мектепке бердім. Алдағы өмірімді мәнді де мазмұнды өткізгім келеді.  

Ата-анамды тыңдамай, Сирияға кетіп қалғаным үшін қатты өкінемін. Олардан мың қайтара кешірім сұрадым. Қалағанын істедім. Хиджабымды шеш деді. Шештім. Өкінішке қарай, мен ата-анама Ислам дінін басқа қырынан көрсетіп алдым. Олар қазір менің дінімнен, намазымнан, орамалымнан әлі күнге қорқады. Бірақ Исламды жақсы жағынан көрсеткім келеді. Өйткені, Ислам мейірімділіктің, бейбітшіліктің діні.

– Сізбен бірге елге оралғандардың ішінде павлодарлықтар болды ма?

– 64 әйел келдік. Бала-шағаның саны көп. Павлодарлық үш келіншек келдік және тағы бір ер адам болды. Сирияда қазақстандықтар әлі бар. Десе де, көбі елге қайтарылды.

– Дін жолында жүрген жастарға не айтар едіңіз?

– Қазақстан жерінде намаз оқуға, Исламның бес шартын орындауға ешқандай кедергі жоқ. Мұнда бақытты өмір сүруге болады. Бұл жерден кетудің қажеті жоқ. Өзгенің сөзіне ермеңіздер. Туған жерде тұрмыс кешуден артық ештеңе жоқ. Бақытты басқа жерден іздемеңіздер. Біздің қателігіміз сіздерге сабақ болсын.  

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу