Асфальт астында қалған ақша

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
10925

Павлодар облысының жолдарына төселген асфальттың бір жылға жетпей жырым-жырымы шықты. 

Асфальт астында қалған ақша

1,5 млрд теңгенің жерге "сіңіп" кеткені ме...

Баянауыл – туристерге таптырмас орын. Алайда демалушылар үшін Баянауылға жету қиямет-қайым. Себебі Баянға апаратын жол жаман. Жалпы, бұл өлкеге бастайтын үш жол бар. Яғни, Павлодар, Екібастұз және Қарағанды арқылы қатынауға болады. Павлодар облысының басшылығы соңғы жылдары Баянауылға апаратын жолдарды ретке келтіруді мықтап қолға алды, алайда жөнделген жолдың сапасы сын көтермейді. Мәселен, Екібастұз – Майқайың жолын алайық.

Астаналық туристер негізінен Баянауылға осы жол арқылы қатынайды. Алдымен бас қаладан Екібастұзға келеді. Одан кейінгі бағыт: Екібастұз – Майқайың – Баянауыл. Осыдан біраз жыл бұрын Екібастұз – Майқайың жолының жағдайы тым аянышты еді. Туристердің көп легі осы жол арқылы қатынайтындықтан, екі жыл бұрын аталған бағытқа асфальт төселген болатын. Осы аралықтағы жолдың 18 шақырымына 1,5 млрд теңге жұмсалған еді. Өкініштісі, арада көп уақыт өтпей бұл жолдың жырым-жырымы шығып, баяғы таз қалпына түсті. Оны жол сапасын тексеретін мамандар да растап отыр.

Жүк көліктері жолдың "жанын" шығарады

Дәлірек айтсақ, жуырда Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы Екібастұз – Майқайың жолының сапасына тексеру жүргізді. Белгілі болғандай, бұл жолдың кепілдік уақыты әлі аяқталмаған екен. Соған қарамастан, жолдың сапасы күн өткен сайын құлдырап барады. "Екі жыл бұрын жөндеу жүргізіліп еді ғой" деп айтуға ауыз бармайды. Жолдың жөндеу жұмыстарымен айналысқан "Гидропром" ЖШС-ның бас директоры Исламбек Культуманов барлығына жүк көліктері кінәлі дейді.

"Бұл жолмен жүк көліктері көп жүреді. Көмір, қиыршықтас тағы да басқа ауыр материалдарды тасымалдайды. Соның салдарынан жолдың сапасына нұқсан келуде. Жоба бойынша, көліктің бір білігіне түсетін жүктің салмағы 8 тоннадан аспауы керек. Ал біздің жағдайда жүргізушілер 20 тоннадан астам жүкпен жүре береді. Байқаған болсаңыздар, жолдың бір жағы ғана бұзылған. Яғни, жүк көліктері жолдың аталған бағытымен жүргенде жүк тиеп өтеді. Ал қайтарда бос қайтады. Біздің уәжімізді бұл факті де растап отырғандай", – деді мердігер компанияның басшысы.

Исламбек Культумановтың айтуынша, компания жүк көліктеріне шектеу қою туралы тиісті мекемелерге бірнеше рет шағым да түсіріпті. "Нәтиже жоқ", – дейді ол.

Топырақ пен құм дұрыс төселмеген

Жол активтері ұлттық сапа орталығының мамандары Павлодар облысына арнайы келіп, жергілікті билік өкілдерінің, бұқаралық ақпарат құралдарының алдында жолдың сапасын тексерді. Яғни, жолдың төменгі және жоғарғы қабаттарынан 10 сынама алды. Осылайша, жол құрылысын сапасына тексеру жүргізді. Сараптама көрсеткендей, гәптің бәрі жүк көліктерінде болмай шықты.

"Бұл жерде жол жабындысының конструкциясы жетіспейді. Жоба бойынша оның көрсеткіші 57 сантиметр болу керек. Біздің көріп отырғанымыз 44-45 сантиметр ғана. Жол құрылысында жіберілген қателік бұл ғана емес. Топырақ пен құм дұрыс төселмеген. Төселген құм топырақ пен араласпауы керек. Ал бұл жерде аталған талап сақталмаған. Соған қарағанда, жөндеу жұмыстары күзде жүргізілген. Яғни, су өтіп кеткен. Топырақ дымқыл болған. Соған қарамастан оның үстіне құм төселген. Бұл жағдайда топырақтың кепкенін күту керек еді. Қыста дымқыл топырақ қатып қалған. Тек, көктемде ғана ери бастаған. Ал бұл аралықта жүк көліктері жиі қатынай бастаған. Қысқасы, осының бәрі жол жабындысын жырым-жырым еткен", – деді Жол активтері ұлттық сапа орталығының бас директоры Замир Сағынов.

Десе де, бұл уәжбен мердігер компанияның басшысы келіспейді. Ол кінәні жүк көліктеріне артып отыр. Бірақ "Гидропром" компаниясы кепілдік міндеттемелерін орындаудан бас тартып отырған жоқ. Белгілі болғандай, компания соңғы екі жылда осындай олқылықтарды қалпына келтіруге 40 млн теңге жұмсаған екен. Қазіргі жағдайға қарасақ, әлі де қыруар қаржы жұмсайтын секілді.

Биліктің уәжі бір басқа

Жол активтері ұлттық сапа орталығының мамандары тексерген Екібастұз – Майқайың жолын жөндеуге тапсырыс берген мекеме – Павлодар облыстық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасы. Басқарма басшысы Ринат Қойсоймасовтың жолдың бұзылуына қатысты айтқан уәжі тым бөлек. Ол бұған су тасқыны кінәлі дейді. Дәлірек айтқанда, 2015 жылы Қарағанды облысындағы су қоймаларынан тасыған көктемгі су Баянауыл тауларынан аққан қар суымен қосылап, бірқатар жолды шайып кеткен болатын.

"Аталған жолдың жобасы 2013-2014 жылдары жасалған. Ал оны жүзеге асыру 2017 жылы ғана қолға алынды. Естеріңізде болса, 2015-2016 жылдары Баянауыл ауданындағы бірқатар ауылға су басу қауіпі төнді. Қарағанды облысынан жететін судың көп бөлігі Екібастұз – Майқайың жолына келіп тіреледі. Жалпы, облыс бойынша су басу қауіпі бар жол да осы. Сондықтан бұл жол суға әбден қаныққан. Оның үстіне жүк көліктері де оңдырмайды", – дейді Ринат Қойсоймасов.

Дегенмен бұл жолмен жүк көліктері бұған дейін де жүрді емес пе...

Мәселеге әріден үңілген дұрыс

Жол активтері ұлттық сапа орталығының бас директоры Замир Сағыновтың айтуынша, біздің елде жолға арналған жобалардың көп бөлігі дұрыс жасалмайды. Жеріне жеткізіліп жасалмаған соң, түрлі проблемалар да туындайды.

"Барлау жұмыстары дұрыс жүргізілмейді. Жол бойындағы нысандар көп жағдайда есепке алынбайды. Жобалаушылар көптеген маңызды тұстарды ескермейді. Соңында тапсырыс беруші мен мердігер компания жапа шегеді. Себебі жол бұзылған жағдайда бұл мәселемен бетпе-бет қалатын да осылар. Ал жобалаушылар, атқарылған жұмыстарды бақылайтын инженерлік қызметтер құтылып кетеді. Жарық күнде шам алып іздесең де, таппай қаласың. Сондықтан мәселеге әріден үңілу керек. Жол сапасына тапсырыс беруші мен мердігер ғана емес, жобалаушылар мен инженерлер де жауап беруге тиіс", – дейді Замир Сағынов.

Жобалаушыларды жазалау керек

Жол активтері ұлттық сапа орталығы да дәл осындай себеппен құрылған болатын. Орталық өз жұмысын осы жылдың жазында ғана бастады. Бүгінде бұл мекеме жобалаушылар мен жол жөндейтіндердің қорқынышты түсіне айналғандай.

"Қазақстанда жобалаушылар жобаны дұрыс жасамағаны үшін өте сирек жазаланады. Оның өзінде банктік кепілдіктер тұрғысынан ғана. Шындығында, оларды міндетті түрде жазалау керек. Мәселен, бір маман жобалау жұмыстарын дұрыс жүргізбеді делік. Демек, оны алдағы уақытта да бұл іске мүлдем араластырмау қажет. Ал егер жолды қабылдап алушы олқылықтардың бәріне көз жұма қарап қабылдаса, онда сол адамды жазалау керек. Тек осындай қадамға бару арқылы ғана қалыптасып отырған жағдайды түбегейлі өзгерте аламыз", – дейді Замир Сағынов.

Заңдағы норма неге жұмыс істемейді?

Оның үстіне заңнамада жосықсыз жобалаушылар мен инженерлік қызметтердің басшыларын жазалау тетігі қарастырылған. Демек, велосипед ойлап табудың да қажеті жоқ. Мәселен, жобаны жобалау барысында жіберілген бірінші қателікке 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Бұл дегеніміз –505 мың теңге. Егер жобалаушы екінші рет қателікке бой алдырса, онда 6 айға лицензиясынан айырылады. Заңда қарастырылған ең қатаң жаза – жобалау қызметімен айналысуға 3 жылға тыйым салу. Алайда бұл нормалар күнделікті өмірде қолданылмайды.

Замир Сағыновтың сөзінше, бұған бюрократизм жол бермейді. Өйткені жазалау процесінің өзі көп уақытты алады. 

"Алдымен олқылықты анықтау керек. Бұл іспен біздің орталық айналысады. Орталық осы жылдың мамыр айында ғана іске қосылды. Кейін біз олқылыққа қатысты Автокөлік жолдары комитетіне ұсыныс түсіреміз. Олар оны Құрылыс істері жөніндегі комитетке жолдайды. Себебі "Сәулет және қала құрылысы туралы" заң осы мекеменің құзырында. Одан кейінгі инстанция – МСҚБ. Яғни, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы. Тек, осы мекеме ғана жазалауға қатысты шара қолдана алады. Сондай-ақ олқылықты анықтау мен оған қатыстылары жазалауға дейінгі аралық тым ұзақ. Біз аталған шараларға жұмсалатын уақытта айтарлықтай қысқартуды ұсынып отырмыз", – дейді Замир Сағынов.

Сонымен, кінәлі кім?

Әуелгі әңгімеге қайта оралайық. Сонымен Екібастұз-Майқайың жолындағы жөнсіздіктерге кім кінәлі? Жол активтері ұлттық сапа орталығы мамандарының айтуынша, бұл жерде жоба авторы кінәлі. Техникалық бақылау қызметі де кінәлілер қатарында. Өйткені олар жол жабынының қалыңдығы талаптарға сәйкес келмейтінін көре тұра қабылдап алған. Яғни, қабылдап алу актісіне қол қойған. Бұдан бөлек, тапсырыс беруші тарапынан дұрыс бақылау жүргізілмеген.

"Екібастұз-Майқайың жолын ғана емес, басқа да жол учаскелерін тексереміз. Егер жол сапасына қатысты шағымдар бар болса, біздің орталыққа хабарласуға болады. 7 (7172)739-739 нөмірі арқылы шағымды жеткізуге мүмкіндік бар", – дейді Замир Сағынов.

Еске сала кетейік, Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы 2019 жылдың мамырында іске қосылған болатын. Мекеменің мақсаты – жол картасын жасақтап, осы саладағы жемқорлық фактілерін азайту бағытында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесе жұмыс істеу. Орталық еліміздің барлық жолдарына тексеру жүргізе алады.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу