Қазақстанда 100 сауда орны отқа оранды

2048

Ильин министрлігі Ресейдегідей құзыретке қол жеткізбек ниетте.

Қазақстанда 100 сауда орны отқа оранды Фото: inbusiness.kz

Бұрындары өрт қауіпсіздігін сақтамайтын нысандардың жұмысы жаппай тоқтатып тасталатын. Осы шара қаншама адамның өмірін сақтағаны сөзсіз. Алайда осы тегеурінді тетікті бақылаушы-қадағалаушы органдағы жемқорлар қалтасын ақшаға толтыру үшін пайдалана бастады.

Мәселен, тексеруші кәсіпкерлік нысаннан – сауда ойын-сауық орталығынан немесе мейрамхана ғимаратынан өртке қарсы қауіпсіздік шараларының сақталмауына қатысты қаптаған кемшілік табады. Оның тізіміндегі олқылықтарды тегіс жою үшін кейде ғимаратты бұзып, қайта салуға не күрделі жөндеу жүргізуге тура келер еді. Сондықтан бизнес нысанының қожайыны тексерушінің ыңғайына жығылып, сұрағанын қолына ұстатады. 

Осыған қатысты ел басшылығына, Бас прокуратураға кәсіпкерлерден мыңдаған шағым түсетін. Ақыры Мемлекет басшысы шетін шешім қабылдап, Парламент заң қабылдап, төтенше жағдай органы бұл құзырынан айырылды.

Төтенше жағдайлар министрлігінің байламынша, оның соңы ауыр салдарларға соқтырған.

"Соңғы 6 жылда азаматтық қорғау органдарының бақылауындағы объектілерде 8 164 өрт болды. Тарата айтсақ, 2015 – 1 680, 2016 – 1 423, 2017 – 1 374, 2018 – 1 284, 2019 – 1 231, 2020 – 1 172. Салдарынан 705 адам қаза болды: 2015 – 50, 2016 – 178, 2017 – 46, 2018 – 112, 2019 – 146, 2020 – 173 адам көз жұмды. Өрт кесірінен келген материалдық шығын 6 млрд 653 млн теңгені құрады: 2015 – 2 млрд 237,4 млн, 2016 – 1 млрд 811,9 млн, 2017 – 423 млн 747 мың, 2018 – 902 млн 195 мың, 2019 – 598 млн 867 мың, 2020 – 679 млн 557 мың теңге. Тек 2021 жылдың 3 айында бақылаудағы нысандарда 273 өрт болды, 8 адам қаза тапты. Жалпы материалдық шығын 131,7 млн теңгені құрады", – деді ТЖМ.

Министрлік дерегінше, биылғы жылдың өзінде 100 сауда орны отқа оранды. Бұдан бөлек 53 өндірістік нысан, 41 әкімшілік-қоғамдық ғимарат, 23 ауыл шаруашылығы кәсіпорны, 15 қойма, 24 тұрмыстық қызмет көрсету объектісі, 7 мәдени, ойын-сауық нысаны, 3 – емхана-аурухана, 4 білім беру мекемесі, 3 балабақша жанып кеткен.

ТМЖ дерегінше, тағы 2 500 объектіге қауіп төніп тұр, олардың арасында бұқара, балалар көп жиналатын білім беру, денсаулық сақтау ұйымдары, бөбектер, мүгедектер, қарттар үйлері, жетімханалар, өндірістік, өнеркәсіптік кәсіпорындар, қоймалар және басқасы бар.

Пәрменді тетіктерінен айырылған соң төтеншеліктерді кәсіпкерлер басынып алғанға ұқсайды: олардың талаптарын орындамайтын көрінеді. Нұсқамаларының орындалу пайызы 85%-дан аспайтын болған. Яғни, жылына орташа 17 мың нұсқаманың 2,5 мыңы орындалмай қалады.

"Бүгінде мемлекеттік бақылау жүйесі тексерілетін нысанға жұмсақтық танытады. Мысалы, тексерілетін объектіні алдын ала хабардар ету, тексерістің жүргізілу талаптарын түсіндіру керек.. Оған дайындалуға жеткілікті уақыт беріледі. Ал тексеру жүргізу барысында тек тексеру парағында көрсетілген талаптар ғана қойылады. Оның үстіне бұзушылықтарды жою мерзімдерін ұзартуға заңда мүмкіндік берілген. Осыған қарамастан, жыл сайын анықталған бұзушылықтарды жою туралы 2,5 мыңға жуық нұсқама орындалмай қалады. Яғни, біразы мемлекеттің заңнаманы сақтау жөніндегі талаптарын айқын елемей, аяқасты етеді", – деді Төтенше жағдайлар министрлігі өз талдауында.

Ведомствоның бағалауынша, мемлекеттің талабына құлақ аспайтын кәсіпкерлер мен өзге нысандар "азаматтардың конституциялық құқықтарына, бостандықтары мен заңды мүдделеріне, халықтың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіреді".

Қолданыстағы заңнама бойынша төтеншеліктер қауіпті нысанның қызметін тек сот арқылы ғана тоқтата алады. Бірақ соттасып жүргенде ол нысан елдің басын бәйгеге тігіп, жұмысын жалғастыра береді.

Ол ол ма, судьялар "бизнеске қысым көрсетуде" деген дауға қалмауы үшін көбіне ТЖМ-ды қолдамай тастайды екен.

"Соттар 80% жағдайда объектіні пайдалануды тоқтата тұруды мүлдем қарастырмайтын шешімдер шығарады. Тіпті санкция бергеннің өзінде атқарушылық іс жүргізу 2 ай мерзім өткенде доғарылады. Осы жағдайды пайдалана отырып, кәсіпорындар өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды орындауға ақша іздемейді, көбіне айыппұл төлеумен шектеледі. Ғимаратты бұзушылықтарымен пайдалануды жалғастырады. Сөйтіп, күн сайын онда тұратын немесе еңбек ететін адамдарға қауіп төндіреді", – деді меморган.

ТЖМ бірқатар деректерді еске салды. 2020 жылдың маусымында Қарағандыда тұрғын үйді бақылаусыз қайта жабдықтап, одан техникалық қызмет көрсету станциясын жасау салдарынан өрт туындап, 10 автокөлік өртеніп кетті. 2020 жылғы қарашада Нұр-Сұлтанның "Шұбар" шағынауданында дәмханада газ баллоны жарылып, 2 адам қаза тапты, 30 адам жарақат алды. Онда да өрт ғимараттың функционалдық мақсатын өзгерту кесірінен болған: коттедж қоғамдық тамақтану мекемесіне айналдырылған.

Айтқандай, 2016 жылы "Алматы Тауэрс" сауда ойын-сауық орталығында батут орталығын "тілсіз жау" жалмап, 6 жігіт опат болғанда да оның бір себебі ретінде талаптарды сақтамай, нысанның функционалдық мақсатын өзгерту аталды.

Сондықтан Юрий Ильиннің командасы ТЖМ-ге өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзуға жедел ден қою құзыретін қайтаруды сұрап отыр. Олар Ресей, Беларусь, Украина, Өзбекстан секілді елдердегі әріптестері осындай тиімді тетікке ие екенін алға тартады.

Дамыған елдерде де өрт сөндірушілердің құзыры мол: мысалы, АҚШ-тың көптеген штатында Штатты сақтандыру департаментінің немесе Қоғамдық қауіпсіздік департаментінің құрамына кіретін "өрт маршалы" қадағалау функциялары мен құзыреттеріне ие. Оның келе жатқанын естісе, нысан қожайындарының көңілі кәдімгідей қобалжиды.

Бүгінде "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты енгізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасы әзірленуде. Оған жедел ден қою шараларын қолдануға және нысандарға барып, профилактикалық бақылау жүргізуге бағытталған өзгерістер енгізілмек. Онда айқын қауіп болған кезде ықпал етудің айрықша шарасы ретінде объектіні пайдалануды тоқтата тұру шарасын қолдану ұсынылады.

"Өрт қауіпсіздігі саласында профилактикалық бақылау жүргізу кезінде ерекше жағдайларда, өрттің туындауына ықпал ететін айқын жағдайлар, қауіпті факторлар болған кезде мемлекеттік инспектор жеке кәсіпкердің, сондай-ақ өрт қаупі бар объектілерді не учаскелерді пайдаланатын ұйымның қызметін не қызметінің жекелеген түрін сот шешімінсіз 10 күнге дейін тоқтата тұруға немесе қызметіне тыйым салуға құқылы болады. Инспектор осы мерзім ішінде міндетті түрде сотқа талап арыз беруге тиіс. Мұндай жедел ден қою шаралары өлімге соқтыратын өрттердің туындауын болдырмайды, сол арқылы тәуекел дәрежесі жоғары объектілердің өрт қауіпсіздігін, сондай-ақ оларға баратын қызметкерлер мен клиенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді", – деді ТЖМ.

Әзірге, "Азаматтық қорғау туралы" заңына сәйкес төтеншеліктерге тәуекел дәрежесі болмашы объектілерді тексеруге тыйым салынған. Бұл тәжірибе өзгеруі ықтимал.

Жалпы алғанда, Қазақстанда ТЖМ бақылауында 175 291 нысан бар. Оның 45 515-і жоғары тәуекел дәрежесіне жатады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу