Талай ақынның ән жырына арқау болған қасиетті Қарқаралының ну орманын өрт шалды. 12 тамызда Егіндібұлақ елдімекенінің оңтүстік аумағындағы далалы жердің шөбі тұтанып, осы жерден бастау алған тілсіз жау Бақты ауылы жанындағы орманға жеткен. Әрі қарай бұл от Қарқаралының орманды алқабын шарпыды.
Орманды алқаптағы өртті сөндіруге төтенше жағдайлар департаментінің барлық күш құрылымдары, Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, орманды және жануарлар әлемін қорғау шаруашылығы, жергілікті атқарушы билік мамандары мен техникалар жұмылдырылуда. Бұған қоса өрт сөндіру жұмыстарына жергілікті полиция қызметінің жүз елуден астам мамандарымен қоса 30 көлігі жіберілген. Сондай-ақ Ұлттық гвардияның 52859 әскери бөлімінен 85 адаммен 7 техника да жіберілген. Тікұшақтың көмегімен әуеден тілсіз жауды ауыздықтау шаралары атқарылуда. Дегенмен күннің ыстық болуы, орманды алқаптардағы қураған шөппен ағаштар, екпінді желдің соғуы жағдайды одан сайын ушықтыра түскен. Қазіргі уақытта Қарқаралыдағы орманды және далалы өрттің аумағы екі жарым мың гектарға жеткен. Айта кету керек, кешегі күні бұл көрсеткіш 500 гектарды құраған еді. Ие бермей тұрған өрттің салдарынан Қарқаралы ауданында төтенше жағдайлар режимі жарияланды.
Өткен жылмен салыстырғанда биыл Қарағанды облысында далалы аумақтарда тілсіз жаудың орын алуы жиілеп кеткен. Жалпы жаз басталғалы үш жүз отыздан астам далалы аймақтың өртенгені тіркелген. Өртенген жердің аумағы 16 мың гектардан асып кеткен. Бүгінде Қарқаралыдағы орман өртінен басқа, Бұқар жырау ауданындағы Ботақара кентінен 15 шақырым жердегі далалы аймақ өртеніп жатыр. Бұл жердегі отқа оранған дала жеті жүз гектардан асып кеткен.Төтенше жағдайлар мамандарының мәліметінше, бүгінде Қарағанды облысында жоғарғы өрт қауіптілігі сақталуда.
"Қазіргі уақытта Бақты орман шаруашылығында, яғни Қарқаралыда және Бұқар жырау ауданында ірі өрт болып жатыр. Өрт аумағында су жіберетін құрылғысы бар тікұшақ жұмыс жасауда. Ал Бұқар жырау ауданындағы өртті сөндіруге мамандар мен техникалардың күштері жұмылдырылған, соныменқатар өрт сөндіру пойызы тартылуда. Тілсіз жауды сөндіруге жергілікті жердің бедері, қатты түтіннің мүмкіндік бермеуі, желдің қатты және құбылмалы соғу өзіндік қиындығын тигізуде",– деп мәлімдеді төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Жанна Дәуренбекова.
Қарқаралы тұрғындарының арасында өз еркімен тілсіз жауды сөндіруге көмектесіп жатқандар көп. Ауылдағы ағайын биыл далалы аймақтардағы өрттің күшейіп кеткеніне алаңдап отыр. Көбісінде "шөп не болады,бағасы қымбаттап кетпей ме" деген күдіктері басым.
"Мен Қарқаралы тұрғыны ретінде орманды алқаптың отқа оранып жатқанына алаңдап отырмын. Тілсіз жауды ауыздықтауға төтенше жағдайлар департаменті, жергілікті тұрғындар, биліктегілер жанталасып жатыр ғой. Дегенмен өрттің салдарын қарапайым ауыл тұрғындары көреді. Біріншіден мұндай өрттің жиілеп кетуінің кесірінен шөптің бағасы бірден шарықтап кетуі мүмкін",– дейді Қарқаралы тұрғыны Азамат Серікхан.
Видео:
Арайлым Еркебаева