Мемлекеттік құпияның онлайн таратылуына жол берілмейді

5618

Министр ҰБТ-ны неге интернет арқылы өткізуден бас тартты? 

Мемлекеттік құпияның онлайн таратылуына жол берілмейді

Коронавирус, ТЖ және карантинге орай барлық қалада мектептер қашықтан оқытуға көшірілді. ЖОО-ның біразы студенттерге сынақ пен емтиханды да интернет арқылы тапсыруға мүмкіндік жасауда.

Алайда Білім және ғылым министрлігі ұлттық бірыңғай тестілеуді онлайн форматқа көшіруге бармайтын болды.

Отандық ай-ти компаниялар, бағдарлама әзірлеушілер, онлайн платформалар ҰБТ-ны өзінде өткізу үшін өзара бәсекелесіп жатыр. Олар Үкімет пен салалық меморганды бір-бірінен өтетін ұсыныстардың астында қалдырды. Бірақ білім ведомствосы ең табысты, "майшелпек" жобаны олардың "ханталапайына" тастауға асығар емес. Оның мән-жайы туралы министрдің өзі ашық мәлім етті.

Осының алдында "түлектерге қызмет көрсетудің электронды орталығы" саналатын ЖШС-ның бірі жалпыұлттық оқушылар сынағы қашан электронды форматқа ауысатынын сұрап, минист Асхат Аймағамбетовке жүгінген болатын. Оның басшысы пандемияның ушығып бара жатқанын, төтенше жағдай, карантин және шектеу шараларының енгізілуін қызу қолдайтынын айта келе, халық сыртқа шықпай, қызметтерді үйден алуы үшін министрлікке көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.

Электронды орталық тіпті БҒМ-мен серіктес болу үшін бастапқыда өз қызметін тегін ұсынуға әзір. Себебі, сабақтарды онлайн өткізуге тартылған тұғырнамалар осы әдіске жүгінгені белгілі.

"Біріншіден, біз өз платформамызды Қазақстанның жоғарғы оқу орындарына түсушілерге арналған, ғаламторда дистанциялы режимде жұмыс жасайтын қабылдау комиссиясы ретінде ұсынамыз. Бұл ретте талапкерлердің отандық университет-академиялармен тікелей қарым-қатынасы қамтамасыз етіледі", – дейді ол.

Екіншіден, тұғырнама және оның ұялы қосымшасы министрлікке – ҰБТ-ны онлайн өткізуге, ал мектеп бітірушілерге тестілеуді үйден тапсыруға мүмкіндік береді. Үшіншіден, тұғырнама сайты мен қосымшасы қазақстандық жоғарғы білімді шетелде насихаттап, өзге елдерден студент тартатын онлайн-көрмеге айналуға даяр. Орталық шетелдік студенттерге елімізде қашықтан оқып, білім алу қызметін ұсынбақ.  

Бірақ мемлекеттің келісімінсіз және келісімшарсыз бұл жүзеге аспайды. Қандай да бір платформадағы тестілеудің дұрыстығы Үкімет қаулысымен немесе ең құрығанда, БҒМ бұйрығымен бекітілмесе, оның қорытындысы заңды болмайды, оған қатысушыларға мемлекеттік грант берілмейді.

Сарапшылар ҰБТ-ны интернетте өткізу керек деген пікір айтуда.

"Эстония сияқты елдер бірнеше жыл бұрын тіпті сайлауды да қашықтан, электронды ұйымдастырды. Министр төтенше жағдай кезеңінде болашағына алаңдаған түлектер мен олардың ата-аналарының жүрегін май ішкендей етпей, қазірден ҰБТ-ның онлайн өтетінін мәлімдеуі, тыныштандыру керек. Жаһандық пандемияның қашан жойылары беймәлім. Ақпараттық технологиялар ғаламат дамыған мына заманда ауыл балаларын тестілеу өтетін қалаға әрлі-берлі автобуспен сабылту, түлектерді бір бөлмеге тоғыту – нонсенс. Үйлерінде тапсырса, бала шпаргалка пайдаланады дейтін шығар. Бірақ қазақстандық жастар елімізде отырып сынақ тапсырып, алпауыт АҚШ-тың атақты университеттеріне түсіп жүр ғой. Қазақстандық университеттер одан мықты емесін ел біледі", – дейді филолог Марат Мұқыш. 

Үкіметке өз жобаларын ұсынған онлайн-алаңдар да өздерінде кез келген күрделі тестті орналастыруға болатынын, жауаптар нұсқасын қалаған көлемде жүктеуге мүмкіндік барлығын, сақтық шаралары қарастырылғанын жарыса көрсетеді.

Бірақ тегін болғанына қарамастан, Асхат Аймағамбетов бұл ұсыныстардан ат-тонын ала қашты.

"ҰБТ кестеге сәйкес өтеді. ҰБТ жыл сайын маусым айы соңына қарай ұйымдастырылады. Бүгінде тестілеудің мерзімін ауыстыруға, ары қарай жылжытуға ешқандай себеп жоқ", – деген болатын министр брифингте.

Дегенмен ол елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты ақырғы шешім мамыр айына қарай қабылданатынын қоса айтты.

Ұлттық тестілеуді онлайн режимде жүргізуден не себепті бас тартылғанын министр бизнесмендерге жауап хатында түсіндірді.

Ол пандемия өршіп тұрғанда халықтың көп жиналуына соқтыратын ҰБТ секілді науқандар өткізуге тыйым салынғанын жеткізді. Осыған байланысты наурыз айында ұйымдастырылуға тиіс "ақылы ҰБТ" кейінге қалдырылыпты. Қазіргі кезде Қазақстанда бұл тестілеу жылына төрт рет болатыны мәлім. Соның ішінде маусымдағысы – бастысы саналады: сонда жоғарғы бал алғандарға мемлекеттік грант үлестіріледі. Ал осы аламанда шаң қауып, тиісті бал жинау алмағандарға тағы үш рет тапсыру мүмкіндігі беріледі. Бірақ оларда жоғары нәтиже көрсеткендер ЖОО-ларға тек ақылы негізде ғана түсе алады.

"Қазақстанда ҰБТ – мемлекеттік монополияға және мемлекеттік құпияға жатқызылған. "Мемлекеттік мүлік туралы" заңына сәйкес, меммонополия салаларында қызметті жүзеге асыру үшін мемлекеттік кәсіпорын құрылуы тиіс. Ондай кәсіпорын бар, ол – БҒМ-ның "Ұлттық тестілеу орталығы" РМҚК. Ал "Мемлекеттік құпиялар туралы" заңының 12-бабының 36-тармақшасы бойынша ҰБТ тестілерінің мазмұны, оның дұрыс жауаптарының кодтары, ұлттық бірыңғай тестілеуді және кешенді тестілеуді өткізу кезінде пайдаланылатын мәліметтер – экономика, білім, ғылым және техника салаларындағы мемлекеттік құпия. Сондықтан ҰБТ-ны жеке ұйымдардың платформасы базасында өткізуімізге болмайды", – деді министр Асхат Аймағамбетов.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу