Аймағамбетов "Мемлекеттік құпиялар туралы" заңын өзгертуге ниетті

3889

Білім министрлігі мемлекеттік құпияға қатысты тың өзгерісін жариялады  

Аймағамбетов "Мемлекеттік құпиялар туралы" заңын өзгертуге ниетті

Бұған билікті пандемия кезінде ҰБТ-ның электронды форматқа ауысуы итермелеген көрінеді.

Асхат Аймағамбетов командасының бастамасы бойынша "Мемлекеттік құпиялар туралы" заңына және "Білім туралы" заңына өзгерістер енгізілетін болды. Бұл білім беру саласындағы мемлекеттік құпияға жататын қызметтер тізбесінің өзгеруіне алып келеді.

Мәселенің мәнісіне тоқталсақ. Университеттерді жайлаған жаппай жемқорлықпен күрес аясында 1999 жылы кеңес кезінен келе жатқан ЖОО-ға түсу емтиханының орнына Ұлттық бірыңғай тестілеу енгізілді. Ол 2004 жылдан бастап, жаппай қолданыла бастады. Дамыған елдер үлгісінде барлық талапкерлердің еш университетке тәуелсіз, бір операторға бірдей сынақ-тестілеу тапсыруы бір жағынан, түсушілердің білім деңгейін нақты білуге мүмкіндік береді, екінші жағынан адами факторды жойып, коррупцияға тосқауыл қояды деп саналды.

ҰБТ өткізу үшін БҒМ жанынан Ұлттық тестілеу орталығы құрылды.

Алайда жемқорлық бұл салаға да бірден тамыр жайды. Жемқор шенділер мен делдалдар енді дайын жауаптарды сата бастады. Осылайша, жаңа жүйе сегіз жыл бойы жемқорларға жем болды.

Тек 2007 жылғы 27 шілдеде "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы қабылданды. Оған сәйкес Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ), кешенді тестілеуді (КТ) және бюджет қаражаты есебінен өткізілетін тестілеудің басқа да түрлерін өткізу кезінде пайдаланылатын тестілердің мазмұнын және олардың дұрыс жауаптарының кодтарын ашатын мәліметтер "мемлекеттік құпияға" жатқызылды.

Содан бері тестілеу сұрақтары мен олардың дұрыс жауаптарына қатысты материалдарды өңірлерге тасымалдағанда, оған құзырлы органның қызметкерлері қоса еріп жүрді. Енді заман өзгерді дейді министрлік.

"Өйткені қазіргі уақытта кешенді тестілеу (КТ) жоқ. Ал бюджет қаражаты есебінен жүргізілетін тестілеудің басқа түрлері мемлекеттік құпияларға жатпауға тиіс. Осыған байланысты тестілердің мазмұнын және дұрыс жауаптар кодтарын әшкере етуі мүмкін мәліметтерді мемлекеттік құпияларға жатқызу бөлігінде заңнаманы нақтылау қажеттігі туындап отыр", – деп түсініктеме берді БҒМ.

Оның үстіне былтырдан бері ҰБТ тек электрондық форматта өтеді.

"Елбасы Н. Назарбаевтың 2018 жылғы 10 қаңтардағы Жолдауын орындау мақсатында 2021 жылдан бастап Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу электрондық форматқа көшті. Тиісінше, қазіргі уақытта мемлекеттік құпияларға тек ҰБТ бойынша тесттер мен дұрыс кодтар ғана жатады, ал тестілеудің басқа түрлері мемқұпия болып саналмайды", – деп мәлім етті министрлік.

Бұл нені білдіреді?

2021 жылға дейін ҰБТ өткізу қағаз форматта жүзеге асырылды. Сол себепті тест сұрақтарын әзірлейтін Ұлттық тестілеу орталығының қызметкерлері ғана емес, сондай-ақ сұрақтарды және басқа да материалдарды қағазға басып шығарумен, тираждаумен, буып-түюмен, жөнелтумен, тасымалдаумен және басқа да шаруаларымен айналысатын адамдар "мемқұпиямен жұмыс істейтін жұмыскер" саналады. Бұл оларға белгілі бір шектеу енгізілуіне соқтыратын.

"Осы жұмыстардың бәрі қолмен жасалатындықтан, бұл процесс адами факторды жоққа шығармайтын. Айталық, тест кітапшаларының санында қателіктер орын алды, яғни сәлемдемелерді қалыптастыру кезінде жекелеген елді мекендерге тестілеу материалдарының артық не кем жеткізілуіне соқтырды, сондай-ақ сұрақтар тіліне қатысты қателіктер болып тұрды. Тестілеуді қағаз форматта өткізу кезінде сынақ тапсыру нәтижелері сол тестілеу өткізілген күні жарияланатын. Тест нәтижелері тестілеу материалдары өңделгеннен, яғни жауап парақтарын сканерлеп, сәйкестендіргеннен кейін берілетін", – деп еске салды министрлік.

Мұның бәрі онлайн форматта өзектілігін жойды. Себебі ҰБТ электрондық форматқа көшкен соң тесттің нәтижелері тестілеу аяқталғаннан кейін бірден компьютер экранында пайда болады.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2021 жылдан бері тестілеу компьютерлерді пайдалану арқылы жүргізіледі. Бұл ҰБТ өткізу процесінің ашықтығын, объективтілігін және айқындығын қамтамасыз етеді. Бұрынғыдай тест сұрақтары мен жауаптарын қағазға қаптатып басып, бума-бумамен тасудың қажеті қалмады. Осылайша, мемлекеттік құпиямен жұмыс істейтін азаматтар қатары күрт азайды.

"Қазіргі кезде ҰБТ-ның тестілерін және дұрыс жауаптарының кодтарын құпиясыздандыру процедурасы тестілеу басталғанға дейін жүргізіледі. Себебі тестілеу әкімшілері де, комиссия мүшелері де, тест тапсырушылар да құпия материалдарға қол жеткізе алмайды. Мемлекеттік құпияларға рұқсаты бар белгілі бір тұлғалар тобының ғана осы құпия материалдарға қол жеткізуге құқығы бар", – деп түсіндірді министрлік.

Қорыта айтқанда, егер заң қабылданса, тек ҰБТ сұрақтары мен жауаптарының коды ғана мемлекеттік құпияға жатқызылады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу