Биыл ҰБТ тапсыру ерекше болмақ

12166

Ерекшеліктер санитарлық талаптарды күшейтуге байланысты.  

Биыл ҰБТ тапсыру ерекше болмақ

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов журналистермен өткен онлайн брифингте мектептер мәселесіне тоқтала келіп, ақылы олимпиадалар мен жарыстар өткізуге қатысты пікірін білдірді. Оның айтуынша, адамдарда құқықтық мәдениеттің болуы маңызды.

"Егер баланы ақылы олимпиадаға қатысуға мәжбүрлесе, тиісті құзырлы органдарға шағымдану керек. Бізде "құқымыз бұзылып жатса, басқа біреу келіп бізді қорғайды" деген түсінік қалыптасып кеткен. Құқықтық мәдениеттің болуы маңызды. Министрліктің ұстанымы мынадай: біріншіден, ақылы сайыстарды қолдамаймыз. Екіншіден, мектеп қабырғасында ақылы олимпиадалар өткізуге болмайды. Бұл мәселе бойынша біраз алға жылжыдық. Алайда осындай 20 мың ұйым бар. Бес саусақ бірдей емес. Егер қандайда бір мәселе туындаса, шағымдану қажет. Басқа амалы жоқ", – деп түсіндірді.

Асхат Аймағамбетов өз сөзінде БАҚ өкілдерін Ұлттық бірыңғай тестілеу мәселесінен науқан жасамауға шақырды. Бас ұстаздың айтуынша, талапкер оқуға түсу үшін ҰБТ-ны бес мәрте тапсыра алады. Бала ақылы бөлімге түссе де, грантқа ауысуға мүмкіндігі бар.

"Ұлттық бірыңғай тестілеу 16 жылдан бері өткізіліп келе жатқан рәсім. 16 жылда бұған дағдыланатын кез келді. ҰБТ-ны жазда ту етіп ұстап, үлкен мәселе етіп көтеруді түсінбеймін. Әлбетте, бұған 100 мыңнан астам адам қатысады. Дегенмен бұған науқан ретінде емес, оқуға түсу емтиханы ретінде ғана қарау керек. Қазір бұл емтиханды бір емес, төрт рет тапсыруға мүмкіндік бар. Талапкер оны да тапсыра алмаса, тамыз айында ақылы оқуға түсуге бақ сынап көруіне болады. Жылына бірнеше мың адам оқуға ақылы негізде түсіп, босаған грантқа ауысып жатыр. 50 балдан жинап грант алған талапкер де болды", – деп айтып өтті Асхат Аймағамбетов.

Министр Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізген кезде еліміздегі өңірлердің сынақ нәтижелеріне мақтанып, жарысуына қатысты пікірін де білдірді.

"ҰБТ бойынша өңіраралық рейтинг жоқ. Бұрын өңірлер жарысатын, бірақ алдыңғы жылы бұны алып тастадық. Бірте-бірте бұл туралы мүлде сөз қозғамайтын боламыз. Әр облыста ҰБТ-ға қатысушылар саны әр түрлі әрі бұған білім беру сапасының көрсеткіші ретінде қарай алмаймыз. Ұлттық бірыңғай тестілеуді үлкен проблема емес, жылда өтетін стандартты нәрсе, күнделікті өмірде болатын қалыпты жағдай ретінде қабылдауымыз керек", – деді министр.

БҒМ басшысының айтуынаша, биыл ҰБТ тапсыруда бірқатар ерекшеліктер қарастырылған. Ол ерекшеліктер негізінен санитарлық-гигиеналық талаптарды күшейтуге байланысты болмақ.

"Ұлттық бірыңғай тестілеу биыл маусым айының соңы, тамыздың басында уақытылы өтеді деп ойлаймын. Қазір дайындық жүріп жатыр. Толығырақ келесі аптада белгілі болады. Жалпы ең бастысы, санитарлық-гигиеналық талаптарды күшейтеміз. Ғимаратқа кіруден бастап әлеуметтік қашықтық сақталады. Әуежайдағыдай бөгеу ленталары тартылады. Аудиторияларда бір уақытта тест тапсыратындар саны бұрынғымен салыстырғанда 2-3 есе аз болады деп жоспарлануда. Бетперде кию міндеттеледі. Ауаны залалсыздандыру жүйесін орнату мәселесі де қарастырылып жатыр", – деп айтып өтті Асхат Аймағамбетов.

Қазіргі кезде Ұлттық бірыңғай тестілеу аясында тұлғаны автоматты түрде тану жүйесін орнату мәселесі шешіліп жатқанын министр тілге тиек етті.

"Биыл 131 мың оқушы құжат тапсырды. Бұл – абсолюттік рекорд. Құжат тапсыру толықтай электронды жүргізілді. Көпшілігі сайт арқылы құжат өткізді. ҰБТ-ны 144 тестілеу орталығында өткізу жоспарда бар. COVID-19 жоқ шалғай елдімекендерде де санитарлық шаралар міндетті түрде сақталады. Биыл тұлғаны сәйкестендіру жүйесін орнату мәселесі шешілуде. Бұл жүйені сынақтан өткіздік. Тұлғаны сәйкестендіру адамның бет-жүзін тану арқылы автоматты түрде орындалатын болады деп жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, дене температурасын өлшеу, емтиханды жазу және басқа да көптеген мәселе қарастырылуда. Айта кетейін, 95 мың мектеп оқушысы қыс кезінде өздерін сынау үшін алдын ала тест тапсырып көрді. Олар жаппай тестілеу қалай өтетінін біледі", – деп мәлім етті БҒМ басшысы.

Сондай-ақ министрдің сөзінше, биыл академиялық адалдыққа ерекше көңіл бөлінбек. Мәселен, егер емтиханға кірерде талапкерден телефон немесе басқа да рұқсат етілмеген зат табылса, пайдаланып, пайдаланбағанына қарамастан ҰБТ-ға жіберілмейді.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу