Мемлекеттің есебінен платформа құруға қарсымын – Асхат Аймағамбетов

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
5731

Білім жүйесі барлық жағдайға дайын болуы керек.

Мемлекеттің есебінен платформа құруға қарсымын – Асхат Аймағамбетов Фото: ortcom.kz

Білім және ғылым министрі журналистерге неге сенетінін, нені орындайтынын, не дайындалып жатқанын және неге өкінбейтінін мәлімдеді.

Министрдің сөзінше, мемлекеттің есебінен интернет-алаң немесе басқа платформа құрған дұрыс емес. Себебі мұның соңы жақсы болмайды.

Асхат Аймағамбетов оқушыларды онлайн режимде оқытатын zoom интернет-алаңының отандық баламасын жасауды қолдамайды екен. Бұл туралы ол министрліктің онлайн форматта өткізген жиынында: "Жалпы, бұл бағытта менің ұстанымым мынадай: мемлекеттің есебінен интернет-алаң болсын, басқа да платформа болсын құруға қарсымын. Отандық білім беру жүйесінде Ұлттық білім беру дерек қоры бар. Онда жеке мәліметтер сақталған. Бұл – басты әрі мемлекеттік база. Соны пайдаланып, соны дамытамыз. Меніңше, kundelik, daryn online, bilimland секілді жүйелерді мемлекеттік жүйемен ауыстырудың қажеті жоқ. Мен нарыққа көбірек сенемін. Бәсекелестік болуы керек", – деді.

Асхат Аймағамбетов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың үкіметтің кеңейтілген отырысында берген мектеп бағдарламасына "Балалардың экологиялық білімі" атты жаңа пән енгізу туралы тапсырмасын орындайтынын жеткізді.

"Президенттің тапсырмасы бар. Бұл тапсырма міндетті түрде орындалады. Әдістемелік көзқарас, жалпыға ортақ мемлекеттік стандарт, бұл міндетті дұрыс орындау, ғылыми амал-әдіс тұрғысынан әріптестеріміз тиісті шешім әзірлеп жатыр. Яғни оқу жоспары мен оқу бағдарламасының ғылыми негіздемесі болуы керек. Баланың ақпаратты қабылдау жасына байланысты талдау жасалады. Идеяны сапалы түрде жүзеге асыру керек. Бұл тұрғыда кез келген педагог тиісті кадр, бағдарлама, оқулық керек. Сол үшін ең алдымен міндеттің дұрыс орындалатынына баса маңыз береміз", – деді Асхат Аймағамбетов.

Министрдің мәлімдеуінше, бүгінгі таңда электронды оқулықтар дайындалып жатыр.

"Біз баспамен келісіп қойдық. Оқулықтардың электронды нұсқасы қолжетімді болуы керек", – деді Асхат Аймағамбетов.

Министр осыған дейінгі қашықтан оқыту тәсілі дұрыс болды деп есептейді және қабылданған шешімге өкінбейді. Осы турасында ол: "Әу баста "төртінші тоқсанды шілде-тамыз айларына ауыстырайық" деген пікір болды. Біз оқуды қашықтан жалғастыру туралы шешім қабылдадық. Бұл шешімге титтей де өкінбеймін. Толығымен дұрыс деп есептеймін. Сол кездегі ұсыныстарға құлақ асқанда, қазіргі жағдайымыз қалай болар еді? – деді Асхат Аймағамбетов.

Өздеріңіз білетіндей, бүгінгі таңда қыркүйектен бастап қалай оқимыз деген сұрақ өзекті әрі маңызды болып тұр. Маңыздылығы сол, мәселеге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі назар аударды.

"Әкімдіктер жаңа оқу жылына дереу дайындалып, мектептер мен жекелеген мұқтаж отбасыларды қажетті техникамен жабдықтауға тиіс. 1- қыркүйекте жаңа оқу жылы басталады. Министрліктің бұл оқиғаға дайындығына күмәнім бар. Балалар қалай оқиды – мектепте немесе қашықта? Мұғалімдердің жаңа оқу жылына дайындығы қандай?" – деп сұрады Президент үкіметтің кеңейтілген отырысында. Министрліктің онлайн форматта өткен жиынында осы мәселе күн тәртібіне қойылды.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің мәлімдеуінше, жаңа оқу жылына қызу дайындық жүріп жатыр. Министрлік 3 түрлі нұсқа әзірлеген.  Алайда нақты қай нұсқа қолданылатыны белгісіз.

"Күрделі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, біз әу бастан 3 негізгі нұсқаға дайындалдық. Болжамымыз дұрыс болып шықты. Бүгінге дейн денсаулық сақтау министрлігімен, басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, ұсынылған нұсқаларды сараптадық. Жұмыс тобы құрылып, өңірлерде ғалымдар, педагогтар, мектеп директорлары мен сарапшылар мәселені талқылап жатыр", – деді Асхат Аймағамбетов.

Бұдан кейін министр ұсынылған нұсқаларға жеке-жеке тоқталды.

"Бірінші нұсқа – қашықтан оқыту. Бұл нұсқа қолданысқа енгізілсе,

шалғайдағы қауіпсіз елдімекендерде тұратын оқушылар ғана IV тоқсандағыдай мектепке барып оқиды. Қашықтан оқыту мұғалімдер мен оқушылардың өмірі мен денсаулығына белгілі дәрежеде қауіп төнген жағдайда жүзеге асады", – деді ол.

Екінші нұсқа – қашықтан оқыта отырып, жекелеген сыныптарға аралас білім беру тәсілін енгізу. Бұл туралы министр: "Әрине, шектеулер болуы керек. Біріншіден, міндетті түрде дене қызуын өлшеу, санитарлық тазарту, әлеуметтік қашықтықты сақтау. Сабақтар қысқарып, балалар шағын топтарға бөлінеді. Кабинеттік жүйе болмайды және тағы сол сияқты басқа да амалдар қарастырылады. Бұл тәсіл енгізілсе, өте қатаң санитарлық нормалар мен талаптарды қабылдау қажет. Бірқатар ел қазірдің өзінде осы нұсқаны ұстанып отырғанын білеміз. Кейбіреулері осы тәсілге сүйене отырып мектептерін мамыр айында ашты. Жалпы, бұл нұсқаны пайдаланудың тәжірибесі бар",– деді.

Министрдің мәлімдеуінше, үшінші нұсқа – қатаң санитарлық шектеулерді сақтай отырып, қалыпты жағдайда білім беру.

"Балалар қалыпты жағдайда оқиды. Алайда сабақ арасындағы үзіліске, сыныптағы оқушылар санына шектеу қойылып, кабинет жүйесі алынып тасталады. Тіпті асханаға бару кестесіне де шектеу салынады. Бұл амалды да көптеген елдер пайдаланып жатыр. Егер, осы нұсқаны біз де қабылдап жатсақ, қандай ерекшеліктер, шектеулер мен алгоритмдер болатыны жайлы нақты түсінігіміз бар", – деді ол.

Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, министрлік жақын күндері нақты шешім қабылдайды. Ерекше бір жағдай болып қалмаса, министрлік 3 нұсқаның бірін негізге алады.

"Жаңа оқу жылы қай нұсқамен басталса, жыл бойы солай жалғасады деген сөз емес. Білім жүйесі барлық жағдайға дайын болуы керек. Мектептерде оқушыларға тиісті жағдай жасау қажет. Білім беру бұрынғыдай болмайды. Сондықтан біз әу бастан босаңсуға болматынын айтып келеміз. Біз 3 нұсқаға да дайын болуымыз және эпидемиологиялық жағдайға байланысты әрекет етуіміз керек. Қазір барлық білім беру бөлімдерін, білім басқармаларын, мектептерді болуы ықтимал жағдайға даярлап жатырмыз. Қоғам да, ата-ана да, оқушы да қабылданатын нұсқаға дайын болуы керек. Осы үшін таяу күндері қандай нұсқаның мақұлданғанын жариялаймыз", – Асхат Аймағамбетов.

Абылай Бейбарыс


Telegram каналымызға жазылыңыз! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу