БҒМ "Елбасытану" пәнін енгізуден бас тартты

2807

Қазіргі оқытып жатқанымыз да жеткілікті дейді ведомство.  

БҒМ "Елбасытану" пәнін енгізуден бас тартты

Зиялы қауым өкілдері, түрлі қайраткерлер мектептерде, жоғарғы оқу орындарында Қазақстанның Тұңғыш Президентінің өмір мектебін, еңбек жолын, тағылымдарын, елге сіңірген еңбегін зерделейтін жеке пән не курс енгізуді көптен бері ұсынып келеді.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы "Ұлы даланың жеті қыры" атты мақаласында Қазақстандағы патриотизмді күшейту ісінің ерекше маңызы туралы айтқан болатын.

Осы орайда Қазақстан азаматы Ерлан Баймағамбетов Тұңғыш Президент–Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне "Елбасытану" курсын Атырау облыстық, қалалық және аудандық жалпы орта білім беретін мектептердің 9 сынып оқушыларына факультативтік пән ретінде оқытылуын сұрап, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке хат жолдады.

Пәннің мақсаты – біріншіден, білім алушыларға патриоттық тәрбие беру; екіншіден, оқушыларды көшбасшылық қасиетке үйрету, үшіншіден, білім алушыларға Елбасы өмірі, қызметі мен тарихы және оның қазіргі қоғамдағы рөлі жөнінде жүйелі мәлімет беру, төртіншіден, Елбасының қазақ халқына жасаған еңбектерінің мәнін түсіндіру; бесіншіден, үлкенді құрметтеуге, толеранттылыққа баулу болуға тиіс көрінеді. Әрине, сондай-ақ шәкірттер Елбасының ғылыми еңбектерін оқып, зерттеуі керек. Бұл ретте "Қазіргі Қазақстан және Елбасы" тақырыбы аясында тіпті қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа да көңіл бөлінбек.

Оқу жүктемесінің мынадай көлемі ұсынылады: 9-сыныпта – аптасына 1 сағат, оқу жылында – 34 сағат.

"9-сыныптың соңында білім алушылар біріншіден, Елбасының негізгі еңбектерін; екіншіден, Н.Назарбаевтың саяси қызметтерін; үшіншіден, оның стратегиялық бастамалары мен тарихи сөздерін; төртіншіден, ғылыми еңбектерінің ерекшеліктерін; бесіншіден, Елбасының салиқалы саясатын; алтыншыдан, қазақ тарихындағы есімі алтын әріппен қалған Елбасын; жетіншіден, Қазақстан пен әлем елдері арасындағы өзара қатынасын; сегізіншіден, оның елдегі және халықаралық деңгейдегі шынайы ұлттық құндылықтардың үстемдігі мен тұтастықты сақтау жөніндегі саясатын білуге тиіс", – дейді ұсыныс авторы.

Білім ведомствосы сырғытпа жауаппен, сыпайы ғана оның бетін қайтарды. Білім және ғылым министрі өз жауабын ресми блогында жариялады.

"Жалпы білім беру ұйымдарында факультативтік курстар модельді оқу жоспарының вариативтік компоненті негізінде іске асырылады. Осыған орай, факультативтік курстар оқу жүктемесінің вариативтік компоненті есебінен берілетін болғандықтан оны білім алушылардың білімге деген қажеттіліктеріне сәйкес білім беру ұйымдары анықтайды. Тұңғыш Президент Н.Назарбаев тұлғасы мен атқарған қызметі негізгі және жалпы орта білім беру деңгейіндегі "Қазақстан тарихы" және "Дүниежүзі тарихы" пәндері мазмұнында қамтылған", – деді А.Аймағамбетов.

Оның мәліметінше, мектептердің "Қазақстан тарихы" пәнінің жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасы бойынша 5–7-сыныптарда 12 сағат көлемінде Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласындағы "Туған жер" бағдарламасын іске асыруға негізделген "Өлкетану" курсы оқытылады.

"Ал 9-сыныптың III–IV-тоқсандарында өткізілетін тақырыптар толығымен Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың атқарған қызметін, тұлғалық қасиетін, республиканы дамытудағы маңызды реформаларды, қабылданған құжаттарды талдауға арналады. Атап айтсақ, Қазақстан мемлекеттілігінің қайта жаңғыруы (1991–1996 жылдар) бөлімінде ел тәуелсіздігінің жариялануы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы мемлекеттілікті қалыптастырудағы іс-шаралар, Қазақстан – халықаралық құқық субеъектісі, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Қазақстанның экономикалық дамуы, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы әлеуметтік-демографиялық процестер тақырыптары бар", – деді БҒМ жетекшісі.

Елбасыға қатысты басқа да жайттар толық қамтылған.

Осы тақырыптар негізінде оқушылардан онсыз да "тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуындағы Елбасы рөліне баға беруі"; "ұзақ мерзімді мемлекеттік стратегияларды талдауы"; тіпті "Қазақстан халқы Ассамблеясының дінаралық, этносаралық келісім және ішкі тұрақтылықты нығайтудағы ықпалын бағалауы" және басқасы талап етіледі.

10–11-сыныптарда да оқушылар "Қазақстан тарихы" бойынша Елбасы еңбегін оқып біледі. Сынақтар тапсырады.

Білім және ғылым министрі сондай-ақ "Дүниежүзі тарихы" бойынша ХХ–ХХI ғасырлардағы көрнекті саясаткер-реформаторлар бөлімінде: "Н.Назарбаев және модернизацияның қазақстандық моделі" тақырыбы, мемлекет тарихындағы тұлғаның рөлі жайлы қорытындылар жасау; қазақстандық модернизация үлгісін құрастыру және жүзеге асырудағы Елбасы рөлін бағалау және басқасы барына назар аудартты. "Тарихтағы тұлғаның рөлі" бойынша зерттеу жұмысы қамтылған.

Жалпы, қандай да бір мектеп "Елбасытану" пәнін өз бетінше енгіземін десе, тосқауыл жоқ көрінеді.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу