Қашықтан оқыту ата-аналардың жүйкесін жұқартты

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
13150

Парламент депутаттары білім министрлігіне талап қойды.

Қашықтан оқыту ата-аналардың жүйкесін жұқартты

Қашықтан оқу ұстаздар мен оқушыларды ғана емес, ата-аналарды да қажытқан тәрізді. Олар іштеріндегі "қыжылдарын" Президент пен білім және ғылым министріне петиция арқылы жеткізіп, оқушыларды дәстүрлі оқуға қайтаруды сұрады.

Петиция авторлары дәстүрлі білім беруге оралуды және ата-аналардың келісімінсіз білім саласында тәжірибе жасауды доғаруды талап етті. Ал министрлік ата-аналардың талабы денсаулық сақтау министрлігі рұқсат берген күні орындалатынын хабарлады.

Қызды-қыздыға келгенде қос тараптың пікір алмасуына Парламент депутаттары араласты. Халық қалаулысы Ирина Смирнова мәжілістің пленарлық отырысында білім және ғылым сондай-ақ денсаулық сақтау министрлігіне сын садағын тартып, оқушыларды мектепке қайтару туралы мәлімдеме жасады.

"Биыл орын алған жағдай білім беру жүйесін қашықтан оқуға көшуге мәжбүрледі. Бұл шара уақытша болады деп болжанды. Алайда осымен төртінші ай және екінші оқу жылы біздегі білім саласы қашықтан басқарылуда", – деді депутат.

Оның сөзінше, еліміз өз тарихында түрлі қиын жағдайды бастан өткерді. Бірақ санитарлық талаптарды сақтай отырып, мектептерді жаппай, оқу процесін бұзбай, тығырықтан қиналмай шықты. Қайта бұрын мұны орындау әлдеқайда қиын болатын. Өкінішке қарай денсаулық сақтау министрлігі мен білім және ғылым министрлігі "Мектеп жабық – проблема жоқ" деген ұстанымға көшкен сыңайлы.

"Бұл ел бойынша білім беру және жалпы білім сапасының төмендеуіне, білім беру профанациясына алып келеді. Мемлекеттің тәрбиелік функцияларын төмендетеді. Білім алуға қолжетімділікті төмендетіп, қоғамның әртүрлі санаттары арасындағы алшақтықты арттырады. Турасын айтсам, маргинализацияға бастайды, – деді халық қалаулысы.

Қашықтан оқытудың басқа да дүдәмал тұстары бар. Жабық жағдайдағы мектептерде балаларды әртүрлі қосымшаларға, орталықтарға орналастыру кезінде балалардың денсаулығына қауіп төнеді. Бірақ соған қарамастан ата-аналар балаларын мектепке жібереді. Өйткені олар жұмыс істеп, ақша табуы керек. Бұлай болмаса отбасылық бюджетке салмақ түседі.

"Қашықтан оқыту әртүрлі техникалық құралдарды сатып алуға, платформалар мен басқа да құралдарды әзірлеуге мемлекеттік қаражатты тиімсіз жұмсауға алып келеді. Түбінде олардың барлығы жұмыс істемейді. Бірақ қомақты көлемдегі мемлекеттік қаражат жұмсалады, – деді Ирина Смирнова.

Депутаттың сөзінше, балаларды мектептен оқшаулаудың себебі түсініксіз. Өйткені дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мұндай стратегия ұсынбаған.

"Дәл осы оқыту түрін жүзеге асыруды талап ететін мемлекеттің санитарлық қызметтер елімізде оқу орындарын ашпау қажеттілігін объективті түрде түсіндіруге тырыспайды. Олар аппеляциясыз, мәжбүрлеу, тыйым салу және жазалау тұрғысынан әрекет етеді, – деді Ирина Смирнова.

Депутаттың пікірінше, мұндай тәсіл оқушылардың денсаулығын сақтау мәселесін шешпейді.

"Біз, санитарлық нормаларды сақтай отырып, білім беруді қашықтан емес, дәстүрлі түрде жалғастыруды талап етеміз", – деді халық қалаулысы.

Сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед пандемия білім саласында қордаланған мәселелердің бетін ашқанын алға тартып, күні бүгінге дейін бірыңғай білім беру платформасы жасалмағанын тілге тиек етті.

"Бұл туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында мейлінше ашық, айқын айтты. Білім саласындағы жүйелі проблемалар пандемия жағдайында ғана қалыптасқан жоқ. Ол жылдар бойы қордаланды", – деді сенатор.

Мұхтар Құл-Мұхаммедтің мәлімдеуінше, бірыңғай білім беру платформасы қашан дайын болатынын нақтылау қажет.

Өз кезегінде депутат Дания Еспаева 2017 жылы білім және ғылым министрлігінің бастамасымен орта білімді жаңғырту жобасына дүниежүзілік банктен 67 млн доллар қарыз алынғанын еске салды. Ол жоба аясында қала мен ауыл мектептерін компьютер және кеңсе техникасымен жабдықтау, сондай-ақ мектептерді сымсыз интернетпен қамтамасыз ету жоспарланғанын, алайда бұл бастама жүзеге асырылмағанын айтты.

"Жобаның жоғарыда айтылған бағыттары бойынша неге әлі күнге дейін байқау жарияланбаған? Мемлекет үшінші жыл қатарынан қарызды резервте ұстап отырғаны үшін шамамен 160 мың доллар көлемінде комиссия төлеп отыр", – деді депутат.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу