"Ата-анасы вакцина салғызбаса, оқушы оффлайн оқуға жіберілмейді"

8217

Білім және ғылым министрі ата-аналар талқылап жатқан қауесетке қатысты түсініктеме берді.

"Ата-анасы вакцина салғызбаса, оқушы оффлайн оқуға жіберілмейді"

БҒМ жаңа 2021-2022 оқу жылында оқушылар мен студенттер дәстүрлі форматта оқытылады деп жоспарланғанын және өңірлерде осыған қызу дайындық жүріп жатқанын хабарлаған. Сонымен бірге "ата-анасы коронавирусқа қарсы екпе еккізбесе, оның балалары дәстүрлі оқуға қабылданбайтыны" туралы әңгіме тарауда, деп жазады Inbusiness.kz.

Егілмеген әке-шешесі баласының бағын байлай ма?

"Егер ата-анасы вакцинацияланбаса, балалары мектепке бара алмайтыны, үйде қалатыны айтылуда. Мұны біраз таныстардан естідік. Яғни, онлайн форматта оқытыла беретін көрінеді. 2021-2022 оқу жылында оқушылар оффлайн форматта оқуы үшін бұған ата-анасының вакцинациялану мәртебесі әсер ететін көрінеді", – дейді Алматы тұрғыны Елена Пивоварова.

Бұл ақпарат өзге өңірлерде де тарауда.

"Бізге ата-аналар чатына сынып жетекшіміз шықты. Ол мәселенің жай-жапсарын білмейді. Ведомствоаралық комиссия мектептерді дәстүрлі форматқа көшірудің осындай шартын қарастырып жатыр деген сыбыс бар. Сынып жетекшіміз ата-аналарға артын күтпей, қазірден егілуге кеңес берді. Жоғарғы сыныптағы балаларға қиын. Қашықтан оқыту оларға жарамайды. Бірақ бізде "медотвод". Егер егілмегендердің балаларын мектеп есігінен енгізбей қойса, амалсыз, вакцинация паспортын сатып алу жолдарын қарастыратын шығармыз", – дейді елорда тұрғыны Керімгүл Айдарқызы.

Кейбір қазақстандықтар бұған әлден қарсылық білдіріп, алдын ала шағымдар жазуда.

Бiлiм және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов алаңдаған ата-аналарға жауап берді.

Жалпы, әзірге жаппай дәстүрлі форматқа көшу туралы айтуға ертерек көрінеді. Білім беру ұйымдарын дәстүрлі форматқа қайтару елдегі, сондай-ақ әр өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты болмақ. Оқыту форматы туралы ақырғы шешімді вице-премьер Ералы Тоғжанов басқаратын ведомствоаралық комиссия (ВАК), сондай-ақ елдің Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Ерлан Қиясов пен өңірлердің бас санитарлық дәрігерлер қабылдайды. Егер олар қандай да бір қала не ауданда онлайн оқытуды жалғастыру қажет деп ұйғарса, солай болмақ.

"Алдағы жаңа оқу жылында мектептерде, колледждерде және жоғарғы оқу орындарында қандай оқыту форматы болатынын КВИ пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия анықтайды. Егер эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз болса, онда Бас санитарлық дәрігер оқыту форматына қатысты тиісті шешім қабылдайды. Бірақ қалай болғанда, оқушылардың ата-анасының немесе олармен бірге тұратын туыс-туғандарының вакцинациялау статусы 2021-2022 оқу жылында оқушылардың оқу форматына еш ықпал етпейтін болады", – деді Асхат Аймағамбетов.

Кейбір қазақстандықтар БҒМ басшысының жауабын күтпей-ақ, тек өздері ғана емес, тіпті жоғары сыныптағы кәмелетке толмаған балаларын да екпе еккізуге апарған.

"Тараз қаласында 17 жасар жасөспірім балаға вакцина салғыздық. Маусым айының соңында "Спутник V"-ның бірінші компоненті егілді. Жұбайымыз екеуіміз кәмелетке толмаған балаға екпе еккізуге рұқсат бердік. Алайда дәрігерлермен әңгімелесу кезінде білгеніміз, вакцинацияны тіркеу жүйесі кәмелетке толмағандарды базаға енгізуге мүмкіндік бермейді екен. Яғни, баланың бәрібір вакцинациялау паспорты болмайды. Егілгенін растайтын басқа да құжат, не анықтама берілмейтін болып шықты", – дейді Максим Еремеев.

Жалпы, бұл қауесеттің ар жағынан солтүстік көршінің "құлағы қылтиятын" сияқты. Себебі, Ресейдің Денсаулық сақтау министрлігі алда, 2021 жылғы 20 қыркүйекке дейін 12–17 жастағы оқушыларды коронавирусқа қарсы вакцинациялау басталуы мүмкін екенін хабарлады.

Қазақстан Үкіметі мұндай жоспарын хабарламады. Жандарбек Бекшин жасөспірімдерге де, балаларға да екпе салынбайтынын мәлімдеген.

Демек, дәл қазір балаларға вакцина салғызудың қажеті жоқ. Өйткені оны растайтын ешқандай анықтама, құжат берілмейді. Кейін екпе егілгенін дәлелдей алмайсыз.

Онлайн оқытудың жалғасқанын қалайтын ата-аналар бар

Әйткенмен, кейбір ата-анаға онлайн білім ұнапты. Мұндай оқыту форматы баланы бір орынға таңбайды, ол интернеті жүрдек кез келген жерден, тіпті шетелде қыдырып жүріп, оқуына қашықтан қатыса береді.

"Мен мысалы, балаларымды толық қашықтан оқытуға көшіргім келеді. Түбегейлі емес, ең құрыса, бір жылға. Себебі, басшылық мені шетелде жұмыс істеуге ауыстыруда. Балаларым Нұр-Сұлтанның №38 және №64 мектептерінде оқиды, қазір 7 және 9 сыныптарға көшті. Олар оқу бағдарламасынан қалып қоймауы үшін Қазақстанда ары қарай қашықтан оқыту жалғаса ма, жоқ па, соны білгім келеді. Тиісті заң қабылданып, осындай мүмкіндік ашылды деп естігенмін", – дейді Шоқан Батырхан.

Білім және ғылым министрі ондай мүмкіндік берілетінін жеткізді. Бірақ мерзімі әзірге белгісіз.

"Қазір біздің министрлік білім туралы жаңа заңды жүзеге асыруға бағытталған нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және қабылдау жұмысын жүргізуде. Заңнамаға оқушыларға қашықтан оқу құқығын беру бөлігінде өзгерістер енгізілді. БҒМ-ге қашықтан оқыту ережелерін әзірлеу құзыреті берілді. Осы құзыреті аясында "Қашықтан оқыту бойынша оқу процесін ұйымдастыру ережелері және Қашықтан оқытуды ұсыну бойынша білім беру ұйымдарына қойылатын талаптар" әзірленуде. Тиісінше, мектептердегі қашықтан оқыту осы ережелер мен талаптарды бекітетін бұйрыққа сәйкес реттелетін болады", – деді А.Аймағамбетов.

Оның хабарлауынша, ата-аналар, педагогтер қоғамдастығы және барлық мүдделі меморгандар кең талқылауы үшін аталған құжаттың жобасы алда "Ашық НҚА" порталында орналастырылады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу