Вакцинамен бірге денеге коронавирус енгізіле ме?

19561

Отандық вакцина ғана "өлтірілген" вирустан жасалған.

Вакцинамен бірге денеге коронавирус енгізіле ме?

Бүгін, 1 ақпанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ел Үкіметі қазақстандықтарды ресейлік "Спутник V" екпесімен вакцинациялау науқанына кірісті.

Осының алдында Қ.Тоқаев бұл вакцинадан бас тартып, тек қазақстандық вакцинаны салдыратынын мәлімдегені белгілі. Президенттің көмекшісі Ерлан Қарин, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев және басқасы коронавирусқа қарсы қазақстандық QazCovid-in вакцинасымен егілді.

Ал бүгін ресейлік вакцинаны алғашқы болып Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов пен Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният салдырды. Олар елге үлгі болып, таңертең елордадағы №6 қалалық емханада ақпарат құралдары өкілдерінің көзінше сынағы әлі бітпеген "Спутник V"-ны еккізді.

Осы мақсатта Қазақстан Ресейден 22 мың доза вакцинасын сатып алды. Ол барлық өңірге таратылуда. Оның келесі партиялары Қарағанды фармацевтикалық кешенінде жасалады. Жалпы, ақпан айында ҚФК ресейлік вакцинаның 112 мың дозасын, наурызда – 150 мың, сәуірден маусымға дейін – ай сайын 600 мың дозадан жеткізетін болады.

Сондай-ақ, сәуір айынан бастап 75 мың доза көлемінде отандық "QazCovid-in" вакцинасы егіле бастайды деп жоспарлануда: ай сайын оның көлемі 500 мың дозаға көбейеді.

Неге онда елге ресейлік екпені салуда?

Біріншіден, әлемде бірінші болуға ұмтылған В.Путиннің тізеге салуымен барлық сынақтардан толық өтпесе де, "Спутник V" Ресейде ресми тіркелді және өнеркәсіптік кең өндіріске қойылды. Айтпақшы, оны салғызудан Ресей Президенті Владимир Путиннің өзі бас тартып отыр: алдында егілуге уәде бергенімен, енді халық арасындағы вакцинацияның нәтижелерін күтетінін жеткізді.

Ал қазақстандық вакцинаны билік асықтырған жоқ. Нәтижесінде, БҒМ-ге қарасты Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары ойлап тапқан QazCovid-in әзірше тек сынақтың үшінші кезеңінен өтуде. Содан кейін, наурызда өндіріске қойылады деп жоспарлануда. Егер сынақтың бүкіл үш кезеңі оң нәтиже көрсетсе, сәуірден бастап ол қазақстандықтарға жаппай егіле бастайды.

"ҚазКовид-Ин" былтырғы 19 желтоқсанда ғана клиникалық сынақтардың үшінші кезеңіне өтті. Сынақ 11 қаңтарда аяқталды, оның барысында 3 мың волонтерге егілген. Олардың арасында биік лауазымды тұлғалар да бар. Әрбір еріктіге 200 мың теңгеден сыйақы төленген. ДСМ-нің мәліметінше, енді еріктілердің денсаулығы тұрақты бақылануда.

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шорановтың айтуынша, вакцинацияның қорғаныштық эффекті тек бірінші доза енгізілгеннен кейін 12 күн өткенде ғана байқала бастайды. Бірақ толық қорғанышты қамтамасыз ету үшін екінші доза енгізілуі қажет. Ол тек 19–23 күн өткен соң ғана егіледі. Сынақ мерзімінің ұзауы да осыдан

Алдын ала деректер бойынша отандық препараттың тиімділігі 96%-ды құрады. Бұл – әлемдегі ең жоғарғы көрсеткіш! Салыстыру үшін айтсақ, ресейлік "Спутник V"-ның тиімділігі шамамен 92% ғана. Ал БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутеррештің өзі егілген америкалық Moderna компаниясы вакцинасының тиімділігі 94,5% болды.

Екіншіден, Қазақстан отандық вакцинаны сәуірге дейін күтіп отырғысы келмейді: денсаулық сақтау министрі Алексей Цой сарапшылар болжамына сүйеніп, наурызда Қазақстанда коронавирустың жайылуы шырқау шегіне жететінін мәлімдеді. Егер жұқтырғандар саны тәулігіне 9 мыңнан асса, елде қайтадан қатаң карантин – локдаун енгізілмек. Онда экономика кері кетеді, бизнес пен кәсіпорындар тоқырайды. Оған жеткізбеу үшін қазірден қолданыстағы вакцинаны пайдаланып, әлеуметтік осал топтарды еге бастамақ.

"Ең алдымен, халықтың осал топтары коронавирус инфекциясына қарсы екпе салдыруға тиіс. Өйткені дәл осы санаттағылар КВИ жұқтырып, таратуға бейім келеді. Ары қарай иммундауға жататын халықтың қалған топтары қамтылады. Әлеуметтік осал топтарға медицина қызметкерлері, педагогтер, полицейлер, сондай-ақ жүрек-қан тамырлары жүйесінің, тыныс алу мүшелерінің созылмалы аурулары бар, қант диабетімен ауыратындар, медициналық-әлеуметтік мекемелердің персоналы мен контингенті жатады", – деді Денсаумин.

Неге ең құрығанда, озық елдер ойлап тапқан вакцина салынбайды? Себебі олар Қазақстанға вакцинасын бермей отыр. Мысалы, Pfizer вакцинасына Ұлыбритания, АҚШ, Франция секілді державалар мол тапсырыс беріп, бір жылғы өндіретін партиясын алдын ала сатып алған.

Осы орайда ДДСҰ Бас директоры, доктор Тедрос Гибрессиус вакцинаға тең қолжетімділік болмағандықтан, "әлем вакциналық ұлтшылдық және апатқа соқтыратын моральдық құлдырау алдында тұрғанын" мәлімдеді. Бұл ретте күн сайын бай және кедей елдер арасындағы алшақтық артып барады. Вакцина жетпегендіктен, ауқаты аз елдерге пандемиядан тек қатаң локдаун арқылы қорғану қалмақ. Салдарынан, олар бизнесі күйреп, экономикасы жайрап, қайыршылану қаупіне ұшырайды. Дамыған елдер қазірдің өзінде вакцина экспортына қатаң тыйым салуда.

Сондықтан осы күрделі жағдайда Қазақстан тегеурінді қимылдауда: төл вакцинасын жасап шықты, енді оны өндіретін алаңды жасақтауда. Жыл соңына дейін Қарағандыдағы фармзауытта шығарылатын ресейлік "Спутник V"-мен және сынақтан сүрінбесе, қазақстандық "QazCovid-in"-мен барлығы 6 миллион адамды тегін әрі ерікті егіп шықпақ. 18-ге толмаған барлық бала және жүкті әйелдер ғана егілмейді.

Кепілдендірілген медициналық көмек аясында жаппай тегін вакцинациялау үшін мемлекет Үкіметтің резервінен шамамен 50 миллиард теңге бөлген. Кейін қосымша қаражат бағыттауы мүмкін.

Егілу – вирус жұқтыру ма?

Мамандар оның солай екенін айтады. Мұны ДСМ де жоққа шығармайды.

"Вакцина денеге ене сала, организмнің иммундық жауабын туғызады. Осылайша, адамның иммундық жүйесі вирусты танып, аурумен күреседі. Вируспен күресу үшін ағза антиденелерді – ағуыздарды өндіре бастайды. Осы арқылы организм вирусты "есте сақтайды". Тиісінше, егер адам қайтадан коронавирус жұқтырса, онда иммундық жүйе дереу үн қатып, оны жылдамырақ жоя алады. Осылайша, вирустың көбеюіне және ауру тудыруына жол бермейді", – деді денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Марат Шоранов.

Sauap.org ағартушы порталының түсіндіруінше, қазақстандық және ресейлік вакцинаның арасында үлкен айырмашылық бар: отандық вакцина "өлтірілген вирусқа" негізделген, тиісінше, ағзаға үлкен зардап әкелмеуге тиіс. Оның үстіне оны әзірлеу кезінде қазақстандықтар арасында кең таралған штаммдар пайдаланылған.

"Патриот ретінде емес, вакцинациямен ұзақ жыл айналысып жүрген маман ретінде айтайын: менің таңдауым – қазақстандық вакцина. Неге? Технологиялық тұрғыдан сол дұрыс, себебі ол – инактивтендірілген (өлтірілген) вакцина. Ол ерекше температуралық режимді қажет етпейді. Бұл жерде 2-ден 8 градус аралығындағы температура сақталса жеткілікті. Яғни, оны сақтауға қарапайым тұрмыстық тоңазытқыш та жарайды. Ондай тоңазытқыш жабдықтар бүкіл Қазақстанда бұрыннан қамтамасыз етілген. Өйткені бірқатар дәрілер бұрыннан солай, рефрижераторлармен, термоконтейнерлермен тасылып жүр. Ал ресейлік вакцина -20 градуста сақтауды талап етеді. Ол сақталмаса, сапасы құлдырайды, белгілі бір көлемі ақаулыға (брак) айналады. Мұндай температураны ауыл түгіл, қалада сақтау күрделі", – дейді профессор, Санэпидемсараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығының ғылыми кеңесшісі Әлима Әкімбаева Sauap.org порталына.

Ал  Pfizer вакцинасы тіпті -70 градусты, арнайы мұздатқышпен жабдықталған ұшақтармен тасуды талап ететін көрінеді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өз ұсынымында вакцинация коронавирус жұқтырудан қорғамайтынын ескертті. Бірақ вакцина КВИ жұқтырғанда қатты ауырудан сақтайды деп тұспалдануда.

Мұны ДСМ де жанама мойындады: "вакцинациядан кейін бетперде тақпауға бола ма?" деген сұраққа министрлік: "Екпеден кейін жалпы санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау керек. Яғни, әлеуметтік қашықтықты ұстану, қоғамдық орындарда масқа кию қажет", – деп жауап берді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу